Өкінішке қарай, қазынаға тиесілі салық пен өзге де төлемдерді жасырып қалуға тырысатын кәсіпкерлер әлі де азаймай отыр. Павлодар облысындағы үлкен бір серіктестіктің басшысы 165 млн теңгенің алым-салығын төлемей, жалтарып келген. Жақында бизнесмен бұл әрекеті үшін қылмыстық жазаға тартылды.
Павлодар облысы бойынша экономикалық тергеу департаментінің қызметкерлері «Сотис-Би» ЖШС-нің басшысы М.Будаевтың мемлекет бюджетіне салық төлемей, жалтарғанын анықтаған. Қызық болғанда кәсіпкер азамат 2018-2021 жылдар аралығында компанияның кірісі мен шығыстары туралы бұрмаланған мәліметтерге толы салық декларацияларын енгізіп, салық органдарын алдаған. Осылайша, оның қылмыстық әрекетінен мемлекет бюджетіне 165 млн теңгенің зияны келтіріліпті. Фирма басшысы бірнеше салық түрлері және өзге де төлемдер бойынша орын алған материалдық шығынға жауапты саналып отыр.
Қылмыстық кодекстің 245-бабына сүйенсек, серіктестік басшысына 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салынып, түзеу орнына немесе қоғамдық жұмысқа жіберілуі, сондай-ақ бас бостандығы үш жылға дейін шектелуі (немесе бас бостандығынан айырылуы) мүмкін.
Павлодар қаласындағы №2 сотында М.Будаевтың ісі қаралып, Қылмыстық кодекстің жоғарыда аталған бабы бойынша азамат айыпты деп танылды. Кәсіпкер қаржылық және коммерциялық ұйымдарда басшылық қызметтерді атқару құқығынан айырылды. Ал негізгі жазадан рақымшылық бойынша босатылды.
Экономикалық тергеу департаменті мамандарының сөзінше, мемлекет тарапынан беріліп жатқан мүмкіндіктерге қарамастан, кейбір бизнесмендер салығын жасырып, көлденең пайда табудан үміттенеді. Салық жүйесіне енгізілген соңғы жаңашылдықтар мен жұмыстың жаңа тәртіптері мұндай қылмыстардың алдын алуда зор септігін тигізеді екен.
«Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының өңірлік филиалы директорының орынбасары Айгүл Әлібекованың айтуынша, жыл басынан бері жергілікті кәсіпкерлердің 1,1 мың жобасы мемлекет тарапынан қолдау тапқан. Пайыздық мөлшерлемелерді субсидиялау мен кепілді несиелер бағдарламаларын қолданған көптеген фирма өз шаруасын түзетіп, дамуға бет бұрған.
– Павлодарлық бизнес иелері кәсіпкерлерді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаларға белсене қатысуда. Биылғы 9 айда жалпы сомасы 66 млрд теңге болатын несиені субсидиялау бойынша 590 шартқа қол қойылды. Кепілдік беру бағыты бойынша 13,7 млрд теңгеге 521 шарт жасалды, кепіл сомалардың жалпы құны 6,8 млрд теңгені құрап отыр. Негізгі қолдауды орта, шағын және микробизнес иеленді, – дейді ол.
Павлодар облысы