Қазақстан делегациясы Аустрияда Дүниежүзілік банктің әлемдегі гидроэнергетика әлеуетін дамыту мәселелеріне арналған жұмыс сессиясына қатысты.
Жаңғырмалы энергия көздеріне қатысты мәселелер мен перспективалар тақырыбына арналған семинар сессияларының бірінде «Самұрық-Энерго» АҚ Жобалар портфелін басқару департаментінің директоры Аңсар Айдаров баяндама жасады. Оның деректеріне сүйенсек, 2022 жылдың басында Қазақстанның энергия өндіруші объектілерінің белгіленген қуаты 23,6 ГВт-ны құрады. Оның ішінде көмір отыны 69 пайызды, табиғи газ – 20 пайызды, ірі су электр стансалары – 7 пайызды, жаңғырмалы энергия көздері 4 пайызды құраған.
2035 жылғы энергетикалық теңгерімге сәйкес, Қазақстанда қосымша 17,5 ГВт энергия өндіруші объект салу қажет болады. А.Айдаровтың айтуынша, республиканың жаңғырмалы энергия көздерін дамыту жөніндегі жоспары ауқымды. Қазақстан генерациясындағы жаңғырмалы энергия көздерінің үлесін 2030 жылға қарай 15 пайызға дейін арттыру жоспарлануда.
«Жаңғырмалы энергия көздерін дамытуда энергия көлемінің ішінен гидроэнергетиканы дамытуға айрықша назар аударылады. Қазіргі уақытта Қазақстанда гидроэнергетиканы дамыту жоспары бекітілді және 2030 жылға қарай шамамен 3 ГВт су электр стансасын салу жоспарлануда. Қазақстанда тау өзендерінің әлеуеті зор және Президент пен Үкімет бұл салаға көп көңіл бөлініп отыр», дейді Аңсар Айдаров.
Практикум жұмысы барысында қазақстандық энергетиктер Дүниежүзілік банк өкілдерімен кездесу өткізді. Алматы су электр стансасы каскадын жаңғырту жобасы бойынша техникалық-экономикалық негіздемені әзірлеуге грант беру мәселелері қаралды. Тараптар сондай-ақ Қазақстанның гидроэнергетикасының әлеуетін бағалау үшін банк тарапынан қаржылық қолдау мүмкіндігін қарастырды.
Бұдан басқа, «Самұрық-Энерго» өкілдері су электр стансаларына арналған электромеханикалық жабдықтар мен сервистік қызметтерді жеткізуде әлемдегі жетекші кәсіпорын – Andritz Hydro GmbH компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесуге қатысушылар Қазақстандағы бірлескен жобаларды және одан әрі ынтымақтастық перспективаларын талқылады.
Қазіргі кезде Қазақстанда 51 су электр стансасы жұмыс істейді. Қазақстанның жүйелік операторының деректеріне сүйенсек, 2022 жылғы 1 қаңтарда су электр стансаларының белгіленген қуаты 2 806,2 МВт-ны құрады. Бұл елдегі стансалардың жалпы белгіленген қуатының 11,7 пайызына тең.
«Самұрық-Энерго» АҚ компаниялар тобы Қазақстанның су электр стансалары белгіленген қуатының шамамен 29,7 пайызын қамтып отыр. Бұл дегеніміз – 916 МВт. Оның ішінде «Шардара СЭС» АҚ-қа – 126 МВт, «АлЭС» АҚ Қапшағай су электр стансасына – 364 МВт, «Мойнақ СЭС» АҚ-қа – 300 МВт, «АлЭС» АҚ су электр стансасы каскадына 43,7 МВт тиесілі.
«Самұрық-Энерго» АҚ су электр стансаларының электр энергиясын өндіру көлемі осы жылдың 9 айында 2 035,4 млн кВт/сағатты құрады.