Ардақты педагог Қазақстанның тұңғыш Еңбек Ері Аягүл Миразова Жамбыл ауданындағы Беріктас ауылындағы орта мектепке арнайы келіп, оқушылармен кездесті.
Кездесуді осы мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Жанбол Өмірзақов ұйымдастарды. Ал өзінің еңбек жолын ауыл мектебінде педагог-ұйымдастырушы болып бастаған, қазір Алматы қаласы Медеу ауданы Ж.Жабаев атындағы №161 лицей директоры, Ы.Алтынсарин төсбелгісінің иегері, халықаралық Жамбыл сыйлығының лауреаты Роза Сұраншиева ардақты ұстаз Аягүл Миразоваға жол бастап келді. Ауыл мектебіне алғаш аяқ басқан құрметті қонақтарды ұстаздар мен оқушылар Шолпан Қисымбетованың «Аягүлім» әнімен қошеметтеп қарсы алды. Оқушылар мектеп, ұстаз туралы жыр-шумақтарын арнаса, домбыра оркестрі Нұрғиса Тілендиевтің «Әлқисса» күйін тамылжыта орындап, мың бұралған биші қыздар «Қазақ биін» ұлттық таным-талғамға сай көркемдеді.
Мектеп ішін аралаған қадірлі ұстаздарға 10-сынып оқушысы Сабыржан Әлібек «STEM» кабинеті туралы ағылшын тілінде әңгімелеп беріп, балалардың қолынан шыққан түрлі роботтарды таныстырды. Кабинеттің жасақталуы мен оқушылардың жұмысына риза болған ұлағатты ұстаз робот техникасы сабағы оқушының ой-өрісін дамытып, оқып, үйреніп, зерттеулер жүргізіп, өз жобаларын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін айтты. Мұнан кейін мектептің 1980 жылғы түлегі, интернационалист-жауынгер, «Қызыл Жұлдыз» орденінің иегері, Ауған соғысында ерлікпен қаза тапқан Серік Әшімовтің мұражайымен оқушылар таныстырып, ерлік жайында мағлұмат берді. Ал Аягүл Төреқызы мұражайдың «Тілек бұрышына» өз қолтаңбасын қалдырды.
Жалпы, ауыл мектебіндегі әскери-патриоттық тәрбиенің жақсы жолға қойылғанын Аягүл Төреқызы әскери жетекші Жанбол Тоқтасынұлының алғашқы әскери дайындық кабинетін аралап көргендегі алған әсерінен аңғаруға болады. Ұлттық құндылықтар негізінде отаншылдыққа, жеке тұлғаны жан-жақты, ұлтжанды, қаһармандық рухта, адамгершілік қасиеттерге баулу дәл осы бөлмеден бастау алып тұрғандай көрінеді. Әскери кабинетті аралап көргенде адамдар өздерін мұражайда жүргендей сезінеді. Бір айта кететін жайт, интернационалист-жауынгер Серік Әшімовке арналған мұражай мен оқушылар білім алатын алғашқы әскери дайындық кабинетіндегі тулар, вымпелдар, суреттер, көрнекіліктерді Жанбол Тоқтасынұлы өзінің жеке қаражатына жасаған. Мектеппен танысқан Аягүл Төреқызы өзі басқарған кездегі білім ордасының жетістіктерін, ұлттық мектеп туралы, ұстаз бақыты төңірегінде сыр-сұхбат кезінде сұрақтарға жауап берді.
Өз кезегінде Беріктас ауылындағы орта мектеп директоры Райгүл Аманқұлова бұл кездесудің ұстаздар мен оқушылар үшін өте әсерлі болғанын, тәрбиелік мәнінің зор екенін тілге тиек етіп Аягүл Төреқызына алғысын білдірді. Ал ауыл әкімі Сандуғаш Молдағалықова құрметті қонақтарға деген ыстық ілтипатын айтып, іс-шараны түйіндеді.
Алматы облысы