Орталық сайлау комиссиясының кезекті отырысында халықаралық байқаушыларды аккредиттеу мен оның қорытындылары, сондай-ақ сайлаушылар тізімдері бойынша онлайн сервистің жұмысын ұйымдастыру мәселелері қаралды.
Орталық сайлау комиссиясының хатшысы Мұхтар Ерман Сыртқы істер министрлігінің ұсынуымен, Шанхай ынтымақтастық ұйымының және Ислам ынтымақтастығы ұйымының өтініштері негізінде екі халықаралық байқаушыны аккредиттеуді кері қайтарып алу туралы мәселе шығарылғанын хабарлады. Осыған орай «2022 жылғы 20 қарашаға тағайындалған Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу туралы» Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясының қаулыларына тиісті өзгерістер енгізілген.
Мұхтар Ерман 9-14 қараша аралығында 7 миссияның және 23 шет мемлекеттің, оның ішінде дипломатиялық корпустың байқаушыларын аккредиттеуге Сыртқы істер министрлігінің ұсыныстары әлі де келіп түсіп жатқанын хабарлады.
Бұдан кейін Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Константин Петров азаматтардың тіркелген жері жөніндегі мәліметтерді «электрондық үкімет» порталында тексерудің онлайн-сервисін іске асыру және сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу туралы баяндама жасады.
Ол «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық Заңға сәйкес сайлаушылар тізімдеріне еліміздің белсенді сайлау құқығы бар азаматтары енгізілетінін хабарлады. Азаматты сайлаушылар тiзiмiне енгiзу үшiн оның сайлау учаскесiнiң аумағында тұрғылықты жерi бойынша тiркелу фактiсi негiз болады.
Еліміздің барлық өңірінде жергілікті атқарушы органдар сайлаушылар тізімінде өзін тексеру бойынша 200-ден астам Call-орталық пен онлайн сервистер жұмысын ұйымдастырды. 195 мыңға жуық өтініш келіп түсті, соның ішінде сайлаушылар тізіміне енгізу мәселелері де бар. Жергілікті атқарушы органдардың жедел мәліметтеріне сүйенсек, азаматтардың орналасқан жері бойынша тізімге енгізу туралы жазбаша өтініштерінің негізінде 80 мыңнан астам азамат, оның ішінде уақытша тіркеуі бар азаматтар енгізілген. Сонымен қатар өткен сайлау науқандарының тәжірибесі көрсеткендей, азаматтар көбінесе сайлаушылар тізімінде өздерін тексеру үшін уақтылы шаралар қабылдамайды. Орталық сайлау комиссиясы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлесіп, сайлау комиссияларының онлайн сервис арқылы «электрондық үкімет» порталында азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексеру мәселесін пысықтады.
Жоғарыда баяндалған мәліметтерге орай Ортсайлауком облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарына тиісті аумақтық сайлау комиссияларымен бірлесіп, 2022 жылғы 15 қарашаға дейінгі мерзімде белгіленген тәртіппен онлайн сервиске қол жеткізу үшін сайлау учаскелері мен сайлау комиссияларының мүшелерін айқындауды тапсырды. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі «ҰАТ» АҚ-мен бірлесіп «электрондық үкімет» порталында азаматтарды тіркеу орны бойынша мәліметтерді тексерудің онлайн сервисін іске қосуы керек.
Баяндама соңында Константин Петров сайлау құқығын іске асыру мақсатында тұрғылықты жері, ғимараты немесе үй-жайы меншік иесінің өтініші негізінде тіркеуден шығарылған адамдарды сайлау күні сайлау учаскесінің мекенжайы бойынша ғимаратта немесе үй-жайда тіркеуге жол берілетінін хабарлады. Осыған байланысты президент сайлауында сайлау учаскелерінің мекенжайлары бойынша азаматтарды тіркеу алгоритмін бекіту мақсатымен Ортсайлауком Ішкі істер министрлігі, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен бірлескен нормативтік актіні қабылдады.
Бұл сервис 181 сайлау учаскесінде іске асырылатын болады және тек елдің бірде-бір сайлау учаскесінде сайлаушылар тізіміне енбеген және тұрғылықты жері бойынша қолданыстағы тіркеуі жоқ сайлаушыларға ғана қолжетімді.
«Цифрлық құжаттар азаматтар арасында үлкен сұранысқа ие. Олар құжаттың түпнұсқасының аналогы. Сондықтан азаматтар сайлаушының жеке басын куәландыратын құжаттың түпнұсқасының электрондық нұсқасын ұсынуға құқылы. Сайлау комиссиясының мүшелері сайлаушылар тізімдері негізінде цифрлық құжатты ұсынған кезде сайлаушыға дауыс беруге арналған бюллетень беруге тиіс. Мұндай тәжірибені біз республикалық референдум өткізу кезеңінде қолдандық. Президенттік сайлауды өткізуге дайындық барысында учаскелік сайлау комиссияларының мүшелері құжаттың дұрыстығын тексеруге қосымша оқытылды», деді Орталық сайлау комиссиясының Төрағасы Нұрлан Әбдіров.
Кезектен тыс президент сайлауына халықаралық ұйымдар мен шет мемлекеттердің байқаушыларын аккредиттеу қорытындылары туралы Ортсайлауком хатшысы Мұхтар Ерман баяндады. Ол шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың байқаушыларын аккредиттеу 22 қыркүйекте басталып, 2022 жылдың 14 қарашасында сағат 18.00-де аяқталғанын хабарлады. Осылайша Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауын байқауға 641 байқаушы, оның ішінде 10 халықаралық ұйымдардан 532 байқаушы және 35 шет мемлекеттерден 109 байқаушы қатысатын болады.
«Халықаралық байқаушылардың қатысуы науқанның ашықтығы мен жариялылығына, мемлекеттің халықаралық міндеттемелерді сақтауына ықпал ететінін тағы да атап өткім келеді. Бұл біздің халықаралық міндеттемелерге деген адалдығымыздың, сондай-ақ халықаралық ұйымдармен, шет мемлекеттермен сайлау саласындағы тығыз ынтымақтастықты жалғастырудың дәлелі болып табылады», деді Нұрлан Әбдіров.