• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Қазақстан 16 Қараша, 2022

Ерекше театрдың жетістігі

205 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев Sensitive би театрының әртіс­тер­і­мен және Ereksheteatr жобасына қатысушылармен кездесті. Бұл ұжым­дардың құрамында негізінен Солтүстік Қазақстан облысын­дағы есту қабілеті нашар балаларға арналған арнайы (түзету) мектеп-интернатының тәрбиеленушілері мен түлектері өнер көрсетеді.

Мәулен Әшімбаев кездесу бары­сында балалардың шығарма­шылығына шын жүректен риза­шылығын білдірді және театр­дың көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщиковаға осындай маңызды жобаны табысты іске асырып келе жатқаны үшін ал­ғыс айтты. Сондай-ақ Сенат Спи­кері ұжым­ға үнемі қол­дау көрсе­тіп отыр­ған Құралай Түс­пе­кова бас­та­­ған Ұлттық дельфий комите­ті­нің жұмысын да ай­рықша атап өтті.

– Кедергісіз және инклюзивті орта құруға ықпал ететін осындай бастамаларды мемлекет пен қоғам тарапынан қолдау аса маңызды. Мұндай жобалар балаларға жеке және шығармашылық тұрғыдан дамуға, әлеуметтік ортаға бейім­­делуге, сондай-ақ өзін-өзі таны­­туға мүмкіндіктер береді. Ерекше қажеттілігі бар балаларды ынталандыру үшін осындай баста­малардың маңызы зор, – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар Сенат Төра­ға­сы биыл желтоқсан айында ел­ор­дада Sensitive бірегей театры­ның шы­ғармашылық концер­тін ұйым­дастыруға қолұшын бере­ті­нін айтты. Спикер астана қо­нақтары мен тұр­ғын­дарын бала­ларға қолдау көр­сетуге және атал­ған қойылымға қатысуға шақырды.

– Sensitive ерекше театрының әртістері өте дарынды. Олар өнерге де, өмірге де құштар. Музы­каны жан дүниесімен сезі­ніп, жоғары деңгейде билейді. Театр әртістеріне зор денсаулық, бақ-береке және толайым табыс тілеймін. Алдағы жоспарларыңыз бен армандарыңыз орындала берсін, – деді Мәулен Әшімбаев.

Айта кетейік, жобаға қаты­су­шылар әлемнің түрлі елдерінде өткен көптеген беделді халық­аралық байқауларда бірнеше рет жеңімпаз болып, жүлдегер атанған. Жақында театр ұжымы Астанада республика күніне арналған маңызды концерттік бағдарламаға қатысып, сәтті өнер көрсетті.