• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Медицина 16 Қараша, 2022

Ядролық медициналық орталықтың жаңа қызметі

276 рет
көрсетілді

Жуырда Шымкентте қалалық онкологиялық орталық базасында ПЭТ/КТ аппараты орнатылды. Заманауи қондырғыны іске қосуға орай ұйымдастырылған салтанатты іс-шараға шаһар басшысы Мұрат Әйтенов арнайы қатысып, құрылғының жұмысымен танысты.

«MIG QAZAQSTAN» деп аталатын жаңа ядролық медицина орталығында енді науқастарға жоғары технологиялық аппараттың көмегімен емдеу шарасы жүргізіледі. Атап айтқанда, «Varian Halcyon» қондырғысы арқылы қатерлі ісікке шалдыққан науқастар сәулелік терапия бойынша ем қабылдайды. Мұндай құрылғы көршілес ТМД мемлекеттері ішінде Өзбекстан мен Қырғызстанда, тіпті Тәжікстанда да жоқ. Сондықтан Орталық Азияда теңдесі жоқ құрылғы Қазақстанда алғаш рет Шымкент қала­сындағы онкологиялық орталықта орнатылды.

Айта кету керек, ПЭТ/КТ – бұл ком­пью­терлік томографиямен біріктіріл­ген позитронды-эмиссиялық томография. Оның басты ерекшелігі, глюкоза негізінде радиофармпрепараттардың көмегімен онкологиялық аурулар мен бас миының ауруларына дәл диагностика жасауға мүмкіндік береді.

Қатерлі ісіктің бастапқы пайда болу сатысын анықтауға және патологиялық процесті басқа әдістерге қарағанда ертерек білуге септігін тигізетін осы заманауи медициналық құрал арқылы дәрігерлер обыр ауруларының ошағын дәл тауып, пациенттердің емдік шараларын дер кезінде бастауға мүмкіндік туғызады.

Өз кезегінде қала басшысы М.Әйте­нов ядролық медициналық кластер үшін­ші мегаполистің медициналық туризмін дамытуға серпін беретін бірден-бір жоба екенін айтып өтті.

«Осы озық технологияның нәти­же­­сінде біз Шымкент қаласына ғана емес, Түркістан, Жамбыл, Қызылорда облыстарының халқына да сапалы медициналық қызмет көрсете аламыз. Мемлекеттің басты құндылығы адам мен оның денсаулығы екенін ескерсек, атқарып жатқан іс-шаралар осы заң талабынан туып отыр. Негізінде бағасы өте қымбат саналатын бұл ем-шара енді жергілікті халыққа да қолжетімді болады», деді қала әкімі.

Инвесторлардың қаржыландыруы­мен ашылған бұл орталық заманауи технологиялық аппараттардың көмегі­мен қатерлі ісікті ерте кезеңде анық­тап, науқастарға дер кезінде сапалы меди­циналық көмек көрсетумен ерек­шеленеді.

Сондай-ақ ашылу рәсімінде жоба инвесторы «Алмалы» холдингі бас дирек­торының орынбасары Б.Сапаров та қала басшылығымен бірге ядролық медицина орталығының мүмкіндіктерімен танысты.

Өз кезегінде жоба мемле­кет-жекеменшік әріптестік шеңберінде «Мед­Инвест­Групп Қазақстан» ЖШС-ның қол­дауымен жүзеге асқан. Мемлекет тара­пынан орталық ғимаратын тұрғы­зуға қаржы бөлінсе, өзге жұмыстар инвестордың қаражаты есебінен атқа­рылды. Қаладағы аталған орталық алдағы уақытта республикадағы онкологиялық ауруларды заманауи тәсілмен емдейтін үшінші ірі емдеу мекемесіне айналады. Әсіресе, орталыққа сәуле терапиясына арналған соңғы үлгідегі жабдық сатып алынды. Сондықтан бұл республикада ғана емес, Орталық Азияда баламасы жоқ аппарат және бірінші болып Шымкентте іске қосылып отыр.

Қала әкімінің айтуынша, геосаяси және пандемиялық жағдайға байланысты орталықтың ашылуы 4 айға кешіккен. Десек те, инвестордың қажыр­лы еңбегінің нәтижесінде жоба аяқсыз қалған жоқ. Сол үшін де қала басшысы кәсіпкерге өз атынан ризашылығын білдірді. Бүгінгі таңда бір аптаның ішінде 22 науқас ем алып үлгерген. Сондай-ақ қызметкерлер арнайы біліктілік арттыру курсынан да өтіп келді.

Мамандардың айтуынша, жоба аясын­да радиофармпрепараттардың ке­ңей­­­тілген желісін және онкологиялық ауру­­­­ларды емдеуге арналған жоғары дәл­­дік­тегі радиология орталығын пайда­лана отырып, радионуклидтік диагнос­тика орталығын ашу ісі де көзделіп жатыр.

«Шымкентте көптен күткен ядро­лық медициналық орталықтың тұсауы кесілді. Мұндағы қондырғы – Siemens компаниясының компьютерлік томографиямен біріктірілген позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ/КТ) ап­па­раты. Ең бастысы, бұл құрылғы шымкенттіктерге тереңдетілген диаг­ностика жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, ПЭТ/КТ аппараты жоқ кезде біз науқастарды Астана мен Алматы қалаларына жолдама негізінде жіберетін едік. 2022 жылдың 10 айында 240 нау­қастың диагностикалық тексеруден өтуі үшін жолға шығуына тура кел­ді. Құрылғы күніне 20 адамды анық­тап-тексере алады. Яғни ПЭТ/КТ Шым­кенттің онкологиядағы диагностика мәселесін толық шеше алады. Себебі осы уақытқа дейін әр ай сайын ПЭТ/КТ көмегіне 20-30 науқастан жүгініп келген. Ал жаңа орталықтың жұ­мысын бастаумен бізге көршілес өңір­лер­ден және мемлекеттерден меди­циналық қызметке жүгінген азаматтар көптеп келе бастайды. Бұл өз кезегінде ме­ди­циналық туризмді дамытуға керемет мүм­кіндіктер сыйлайды. Сонымен қатар бұл орталықта науқастарды сәулелі терапиямен емдеу шаралары қолға алынып отыр. Бүгінге дейін мыңға жуық науқас ем алып үлгерді. Varian фирмасының Halcyon сәулелі емдеу жүйесінің қатерлі ісікті емдеудегі көмегі зор болып тұр. ПЭТ/КТ республикада екі-үш-ақ қалада болса, Halcyon сәулелі емдеу жүйесі рес­публикада алғаш рет Шымкентте орнатылып отыр», деді қалалық денсаулық басқармасының басшысы Н.Асылбеков.

Ал «MIG QAZAQSTAN» ядролық медициналық орталығының директо­ры Дәулет Ержановтың айтуынша, ор­та­лық жылына ПЭТ/КТ аппаратында 5 мыңға жуық азаматқа диагностика жасап, қатерлі ісікке шалдыққан 5 мыңдай науқасқа Halcyon сәулелі емдеу жүйесі арқылы көмек көрсететін болады.

«Ядролық медицина орталығының ашылуы – оңтүстік өңірдің ғана емес, тұтастай еліміздің медицинасын да­­мы­туға жасаған үлкен қадам деп баға­лаған жөн. Әрине, халықтың аман-сау болғаны біздің басты тілегіміз бен мақ­сатымыз. Дегенмен өмір болған соң адам тағдырында түрлі жағдайлардың орын алатыны заңды құбылыс. Яғни қатерлі ісіктен ешкім бір-біріне кепілдік бере алмайды. Сондықтан орталықтағы заманауи құрылғылар обыр ауруын ерте кезеңде анықтап, оның өзге органдар­ға өтіп кетпеуінің алдын алады және жаны қиналған науқастар үшін ауыртпай емдеуге бірден-бір сеп. Сонымен бірге ПЭТ/КТ халықтың өмір сүру жасын ұзартуға да өзінің үлкен үлесін қосары даусыз. Жобаға жалпы құны 6,5 млрд теңге қаржы жұмсалды. Біз әрі қарай да орталықты дамытып, оңтүстіктегі ядролық медицинаның хабына айналдыруды алдымызға мақсат тұттық», деді инвестор Б.Сапаров.

Бұл ретте медициналық мекеме­нің радио­­­логы О.Ақжолдың айтуынша, ядро­­­лық орталықтағы диагностика белгі­­лен­ген тәртіппен жүзеге асырылатын болады.

«Алдымен науқас дәрігерден жол­да­ма алып, ядролық медицина орталы­ғының қабылдауына жазылады. Одан кейін қабылдаудан 36 сағат бұрын арнайы диеталық режімді сақтай отырып, зерттеуге дайындалады. Бұдан соң орталыққа келіп, радиофармпрепаратты қабылдайды. Әрі қарай 50 минут­тай дәрігердің бақылауында болып, ПЭТ/КТ аппаратына түседі. Радиолог-ма­ман науқасты 20 минуттай аппараттың ­кө­ме­гімен тексеріп, алынған деректерді өң­дейді. Науқастың денсаулығы жайлы ұйғарымды дәрігер 2 тәуліктен соң шы­ға­рып береді», деді маман.

Айта кету керек, орталықта медици­налық көмектің кепілдік берілген көлемі шең­берінде тегін және қолжетімді зерттеулер жасалады. Сондай-ақ мамандар ерте анықталған қатерлі ісікке дер ке­зінде ем-дом жүргізеді. Мұндайда дерттен айығу мүмкіндігінің молая түсетіні белгілі. Қорыта айтқанда, орталықтағы құрылғының бірі дертті ерте анықтауға көмектессе, екіншісі науқастың өзге ағзасына зиянын тигізбей, қатерлі ісікті сәуле арқылы емдеуге мүмкіндік береді. Мұнымен қоса онкологиялық дерттен болатын өлім-жітімді азайтып, халықтың өмір сүру жасының ұзақтығын арттыруға пайдасын тигізері анық.

 

ШЫМКЕНТ