• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Ахмет Байтұрсынұлы 16 Қараша, 2022

Ұлт ұстазы ұлықталды

622 рет
көрсетілді

Түркістан қаласында Ғылым және жоғары білім министрлігінің ұйымдастыруымен Ахмет Байтұр­сынұлының 150 жыл­дық мерейтойына арналған Халықаралық түркітанушылар конгресі өтті.

Қазақ ұлттық ғылымының негізін салушының құрметіне 2023 жылдан бастап Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Мемлекеттік сыйлық беріле бастайды, сондай-ақ ТҮРКСОЙ тарапынан әзір­ленген «Ахмет Байтұрсынұлы» медалі туыстас халықтардың қалам­гер­леріне, ғалымдарына тұрақты түрде беріліп тұратын марапат болмақ. Қазақстанда да осындай ведомстволық медаль дайындалған, онымен гуманитарлық сала­ның өкілдері марапатталатын болады. Конгресте мұндай марапаттар ғалым­дарға, қаламгерлерге үлкен мәртебе, әрі зор жауапкершілік жүктейтіні айтылды. Сондай-ақ Алаштың ардақты аза­маты, тіл реформаторы Ахмет Бай­тұр­сынұлы атындағы конгрестің Түркі­станда өтуіне үлкен мән берілді. Өткен жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің бейресми саммитінде «Түркістан – Түркі әлемінің рухани астанасы» деп белгіленген болатын. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев облыс жұртшылығымен кездесуінде Түркістанға рухани және тари­хи елорда мәртебесін беру туралы ұсы­ныс айтты. Қазір осы бағытта жұ­мыс жүргізілуде. Яғни Түркістан түр­кі ел­­деріне ортақ рухани астана ретінде даму­да. Конгреске қатысушылар айтулы іс-ша­раның айнымас бірліктің символы болып саналатын қасиетті шаһарда өтуі де осындай рухани үдерістердің заң­ды жалғасы екенін айтты. Енді ретімен баяндасақ.

Халықаралық конгрестің ашылуында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау сөзін Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды оқы­ды. «Ұлт ұстазы атанған Ақаң түбі бір, тарихы тамырлас елдер үшін аса құнды ғылыми-танымдық мұра қал­дырды. Сол себепті оны барша түркі жұрты құрмет тұтады. Әзербайжан, башқұрт, өзбек түрік халықтарының белгілі ғалымдары бас қосқан бүгінгі конгресс соның айқын дәлелі», делін­ген Президент құттықтауында. Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов модераторлық еткен жиында облыс әкімі Дархан Сатыбалды әлемнің бірнеше елінен келген ғалымдар мен зерттеушілердің Түркістанда бас қосуы үлкен мәртебе екенін атап өтті. «Тіл реформаторы Ахмет Байтұрсынұлы – ұлтты сүю­дің асқақ үлгісін көрсеткен тұлға. Қазақ әліппесінің негізін салушы, ұлы ағар­тушы Ахмет Байтұрсынұлының еңбек­терін насихаттау мақсатында Түркістан облысында танымдық сайыс­тар, сұхбаттар, конференциялар мен семинарлар, ашық сабақтар тұрақты түр­де өтіп келеді. Қайраткердің туған күні­не орай «Тіл ғұмыры – ұлт ғұмыры» сал­танатты мерекелік іс-шарасы кең көлем­де атап өтілді. Облыста жастар мен оқы­тушылар арасында «Ұлт ұстазы», «Үздік оқытушы» байқаулары өтті. Көркем әдебиетті насихаттау бағытында «Ахмет оқулары», «Алаштың ардағы – Ахмет», «Қазақ өлкесінің бәйтерегі», «Қазақ әліпбиінің атасы» сынды іс-шаралар өтіп келеді. Өңірде 32 көше, 11 мектепке Ахмет Байтұрсынұлы­ның есімі беріліп, ескерткіш, 2 бюст орнатылған. Биыл бір көше мен 2 мектепке А.Бай­тұр­сынұлының есімін беру туралы ұсы­ныс қолдау тауып, бекітілді. Қазақ ру­ханиятының ұлы көшбасшыларының біріне айналған Ахмет Байтұрсынұлы мұраларын кең көлемде насихаттау бағытындағы жұ­мыстар жоспар бойынша өз жалғасын табады», деді Дархан Сатыбалды. Осы арада айта кетелік, бүгінгі күнге дейін ұлт ұстазының есімі республика көле­мінде 1 ауылға, 204 көше мен 37 мек­тепке, 1 музейге, Қостанай ха­лық­аралық әуежайына берілген. Соны­мен қатар Алматы қаласында Ахмет Бай­тұрсынұлы атындағы Тіл білімі инс­титуты, Қостанай қаласында Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қоста­най өңірлік универститеті жұмыс істейді, Абай атындағы Қазақ ұлттық педа­го­гикалық университетінде «А.Байтұр­сын­ұлы орталығы» ашылған. Жыл басы­нан бері тұлғаның есімі Астана қала­сы­ның №48 мектеп-лицейіне, Жамбыл облысындағы Қордай ауданының №51 орта мектебіне және Шу ауданының мектеп-гимназиясына, Петропавл қала­сының №9 орта мектебіне, Рудный қаласындағы №19 мектепке берілді. Сондай-ақ ұлт ұстазының ескерткіші күні кеше Алматы қаласында ашылды, Түркияның Анкара қаласында да орнатылмақ.

Ахмет Байтұрсынұлының 150 жыл­дық мерейтойы аясында атқарылған ма­ңыз­ды іс-шаралар жөнінде баяндама жасаған Ғылым және жоғары білім вице-министрі Талғат Ешенқұлов мерейтойды жоғары ұйымдастырушылық деңгейде өткізу мақсатында Президент Жарлығымен Мемлекеттік комиссия құрылып, жалпыреспубликалық жос­пар бекітілгенін айтып өтті. Жоспар­да халықаралық, республикалық және өңірлік деңгейдегі 63 іс-шара қамтылған. «Ахмет Байтұрсынұлы – күрескерлігі және қаламгерлігімен білім, ғылым, әде­биет, көсемсөз, саясат, аударма са­ла­лары­ның қай-қайсысына да өшпес есімін жазған айрықша тұлға. Егер ХХ ғасырдың басы қазақ қоғамы үшін Жаңғыру дәуірі болды десек, осындай ұлттық ояну дәуірін Ахмет Байтұрсынұлы сияқты елшіл зиялылар жасады. Тұңғыш ұлттық әліпби, алғашқы оқулықтар, азаттық ұранын көтерген «Маса» жинағы, барша Алаштың баласын оятқан «Қазақ» газеті Ахмет Байтұрсынұлын реформатор тұлға ретінде сипаттайтын зор тарихи қадамдар. Кеңестік кезеңде тұңғыш Оқу-ағарту министрі, Академиялық орталықтың жетекшісі ретіндегі тарихи еңбектері елімізде білім мен ғылым жүйесін қалыптастырудың жарқын мысалдары. Осы кезеңдерде Ахаң баулыған, одан тәлім алған қаншама азаматтар біздің рухани тари­хымызға іргелі үлес қосты. Жалпы, Ахмет Байтұрсынұлы мектебі, оның дәстүрі сан ғасырлық тарихымыздың ішінде ең үлкен тағылым арнасы болғанын жақсы білесіздер. Адамзат үшін қайшылықты болған ХХ ғасырдың басында топтасқан қазақ оқығандары ұлттық тарихымыздағы ең алғашқы мәдени-интеллектуалды шоғыр болды. Осы зиялы топ азаттық үшін аянбай күреске шығып, елшілдік туын көтерді. Отаршыл үкіметке жазылған 1905 жылғы алғашқы құзырхаттар­дан бастап, 1917 жылдың көктем-жаз мезгілдерінде ұйымдастырылған облыстық, І, ІІ жалпықазақ сиездеріне дейін Қазақстанның барлық өңірін қамтыған азаттық күресі Алаш автономиясын, Алашорда үкіметін құру­мен қорытындыланды. Соның нәти­жесінде, қазақ жерінде қайтадан ұлт­тық мемлекеттілік қалыптасты. Бірақ кеңестік саясат оның сақталуына мүмкіндік бермеді. Десек те Ахмет Бай­тұрсынұлы бастаған Алаш қай­рат­керлері жаңа большевиктік билікпен ымыраға келіп, кеңестік платформада болса да, мемлекеттілікті жаңғыртты. Соның арқасында тарихта тұңғыш рет қазақ жерінің ұлттық территориясы межеленіп бекітілді. Бұл шын мәніндегі ұлы оқиға қазіргі тәуелсіздігіміздің негізгі алғышартын қалыптастырған қадам еді. Сол себепті де, біз бүгінгі тәуелсіздіктен Алаш қозғалысын бөліп қарай алмаймыз. Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхамеджан Тынышпайұлы, Жанша және Халел Досмұхамедовтер, Міржақып Дулат­ұлы, Мұстафа Шоқай, тағы да басқа азаттық күрескерлерінің тарихи ең­бегін бүгін­гі және болашақ ұрпаққа үлгі ету баршамыздың перзенттік борышымыз.

Елімізде және шетелдерде атқарыл­ған жұмыстарды бірнеше бағытта көрсетуге болады», дей келе вице-министр атқарылған жұмыстарға тоқтал­ды. Мерейтой барысында елімізде және шетелдерде көптеген кон­ферен­ция ұйымдастырылды, ғы­лы­ми-зерт­теу жұмыстары жүр­гізілді. «Ахмет Байтұрсынұлы мен «Алаш» қозғалы­сының басқа да қай­рат­керлерінің ең­бек­терін шетел архив­терінен іздестіріп, ғылыми айна­лымға енгізу» жобасы бо­йынша Ресей Федерациясы, Өзбекстан Республикасының мемлекеттік орталық архивтерінде ғалымдар жүргізген жұ­мыс нәтижесінде тың құжаттар табыл­ған. Бұрын жарияланбаған кейбір ең­бек­теріне қол жеткізілді. Экспедиция қорытындысы бойынша арнайы жинақ жыл аяғына дейін шығарылатын болады. Сондай-ақ вице-министр баяндамасында А.Байтұрсынұлының толық академиялық шығармалар жинағын әзірлеу және шығару мерейтойлық жылдың үлкен бір табысы болғанын айтып өтті. Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысымен жарық көрген 12 томдық толық шығармалар жинағы шықты.

Ғылым және жоғары білім министр­лігінің тапсырысымен Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы таңдамалы еңбектерінің қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде әзірледі. ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы штаб-пә­терінде шетелдік және отан­дық ғалымдардың, көптеген мемлекет­тің осы халықаралық ұйымдағы өкілдерінің қатысуымен кітаптың тұсау­кесері өткізілді. Көптеген мәде­ни іс-шара өткізілді. Ал рес­пуб­ликалық «Алтын домбыра» айтысы биыл Тәуелсіздік күні қарсаңында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналады. Мерейтой аясында ұлт ұстазының туған жері – Сарытүбекте музей-үйі салынды. Отандық және шетелдік зия­лы қауым өкілдерінің, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің қатысуымен ЮНЕСКО-ның Париж қаласындағы (Франция) штаб-пәтерінде Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойы аталып өтті. ТҮРКСОЙ аясында отандық және шетелдік зиялы Ыстанбұл қаласында Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған дөңгелек үстел, фотокөрме 1 қарашада өткізілді. «Ахмет Байтұрсынұлының мерейтойы бауырлас түркі халықтарын тағы да тоғыстырды. Соның арқасында біз туысқандығымызды бұрынғыдан да терең түсініп, бұрынғыдан да қаттырақ сезіне бастадық. Мерейтой шараларына қатысқан отандық ғалымдарымызбен бірге Әзербайжаннан, Башқұртстан­нан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Татар­станнан, Түркиядан атсалысқан ғалым­дарға рахмет айтамыз. Ахмет Байтұрсынұлы сияқты ұлы тұлғалардың есімі мен еңбегін ұлықтаудың дәстүрі енді үлкен даңғылға шықты деп ойлаймын», деді вице-министр Талғат Ешенқұлов.

Конгресте ЮНЕСКО Бас директоры­ның орынбасары Рамос Габриеланың Ахмет Байтұрсынұлының 150 жылдық мерейтойына арналған құттықтау сөзі бейнежазба арқылы берілді. Сондай-ақ ТҮРКСОЙ Бас хатшысының орынбасары Билял Чакыджы құттықтау сөзін оқыды. Ахмет Байтұрсынұлының әдебиеттану саласындағы еңбектерінің теориялық және әдіснамалық негіздері тақырыбында баяндама жасаған филология ғылымдарының докторы, профессор Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университеті Түркология ғылы­ми-зерттеу институты­ның бас ғы­лы­ми қызметкері Шәкір Ибраев әде­биет­танудың ғылыми парадигмаларын еуропалық үлгімен түгендейтін уақыт әлдеқашан келіп жеткенін айтты. «Ол үшін біз материалистік философияның ықпалынан арылдық па деген заңды сұрақ туындайды. Бұл сұраққа жауап беру үшін біз алдымен А.Байтұрсынұлының еңбектерін еуропа­лық контексте пайымдап ал­ға­ны­мыз орынды болмақ. Ғалым мұрасының өміршеңдігі және жол көрсететін өнегесі осында деген ойдамын», дейді ғалым. Сондай-ақ конференцияда Әзербайжан Меджилисінің депутаты, Әзербайжан Ұлттық ғылым академиясының академигі Низами Джафаров, Өзбек мемлекеттік әлем тілдері университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы Маханбет Жүсіпов, Ресей Ғылым академиясы Өфе федералды зерттеу орталығы Тарих, тіл және әдебиет инс­титутының ғылыми жетекшісі, Баш­құртстан Республикасы Ғылым акаде­мия­сының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Фирдаус Хисамитдинова, Эге университетінің (Түркия) профессоры Мұстафа Өнер, «Астана» халықаралық қаржы орталығы директорының орынбасары, ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы баяндама жасады. Ахмет Байтұрсынұлының Түркістан сапары және Ташкенттегі Қазақ университетін дамытудағы рөлі туралы баяндаған «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Бас директоры, филология ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы түркі әлемінің бірлігі туралы терең мазмұнды ой қозғады. 1922 жылдың тамыз айында Түркістанның бас қаласы – Ташкент Ахаңды саясат адамы емес, ғалым ретінде қарсы алғанын атап өтті. «Бұл қазақ ғылымының абыройын көрсетеді. Әлбетте, бұл сапарын­да Ахмет Түркістандағы екі облыстың Қазақстанға қарау мәселесін тиісті орындарға сөз еткен де болуы керек. Бұл қосылудың қажетті екенін зиялыларға дәлелдеген де шығар. Бірақ ол жағы «Ақ жолда» жазылмапты. Қалай дегенде де газет А. Байтұрсынұлын ғалым есебінде және бір мәшһүр етуді көздеген тәрізді. Үлкен құрмет 1922 жылы тамыз айында Ташкентте жасалған екен. Ахаңның тарихтағы орны, тіл біліміндегі орны, түркі ынтымақтастығындағы орны байыпталған. Сол кездегі Түркістан өлкесінің ақпаратын жүйе­леп отырған «Ақ жол», «Тілші» газет­терінде Түркістан зиялылары атап өткен Ахаңның 50 жылдығы біраз байып­талған. Түркістан республикасының астанасы – Ташкент қаласына жасаған іссапардың мақсатын «Ақ жол» газетіне тілшілік қызметін ұсынған Ғазымбек Бірімжанұлы: «Келген жұмысы – Түркістандағы екі облыс қазақты Қазақстанға қосып, қазақ елін біріктіру» деп көрсетіпті», деді Д.Қамзабекұлы.

Конгресс аясында Ахмет Байтұр­сын­ұлының 12 томдық жинағының, таң­дамалы шығармаларының 4 тілде (қазақ, орыс, ағылшын, түрік) әзір­­лен­ген кітабының, профессор Қар­жау­бай Сартқожаұлының «Ор­хон ескерт­кіштерінің толық атласы» 3 томдығының, филология ғылым­дарының докторы Алмасбек Әбса­дықовтың «Серт», «Ұстаз жолы» кітап­тары­ның тұсаукесері өтті. Сондай-ақ Қазақстан, Түркия, Өзбекстан ғалымдары ТҮРКСОЙ-дың «Ахмет Байтұрсынұлы» медалімен, Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ахмет Байтұрсынұлы» ведомстволық төсбелгісімен марапатталды.

Халық­аралық конгресс пленарлық секция отырыстарымен жалғасты. Секция­лық отырыстарда ғалымдар «Ахмет Байтұр­сынұлы және түркі тілдерінің теориясы мен тарихы», «Ахмет Байтұрсынұлы және сөз өнері», «Ахмет Байтұрсынұлы және қоғам­дық-гуманитарлық ғылым­дар» тақы­рыптары аясында тағылымды баян­дамалар жасап, пікір алмасты.

Халықаралық түркітанушылар конгресінің қорытындысы бойынша қарар қабылданды.

 

ТҮРКІСТАН