• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Театр 17 Қараша, 2022

Гүржі халқының ықыласына бөленді

217 рет
көрсетілді

Жақында «Астана Балет» театры әртістері Грузия астанасы Тбилисидегі З.Палиашвили атындағы опера және балет театрының сахнасында әлем жұртшылығына танымал «Саломея» және «A Fuego Lento» бір актілі балеттері мен «Ұлы дала мұрасы» атты концерттік бағдарламасын ұсынып, грузиялық көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

«Астана Балет» театрының дирек­торы Александр Совостьянов өз сөзінде гас­трольдік сапарға асқан жауап­кер­шілік­пен қарап, көрермен көңілінен шығатын бағдарлама ұсынылғанын жеткізді.

Аншлагпен өткен өнер сапарының алғашқы күні отандық балет труппасы Л.Шифрин, А.Пьяццолло, К.Гардель және С.Косуги музыкасына Рикардо Амарантен қойған «A Fuego Lento» нео­классикалық балеті мен Оскар Уальд­тің пьесасы желісімен Фазыл Сай музыкасына театрдың бас балетмейстері Мукарам Авахри қойған «Саломея» спектаклін сахналап, қазақ балет өнерінің мерейін асырды.

«Балет әртісі үшін гастрольдік сапар­дың жөні бөлек. Осы ретте Тбилисидің көне театрының сахнасында өнер көр­сету – зор жауапкершілік жүктеді. Бұл біз үшін кезекті сынақ болса да, одан сүрінбей өттік деп айта аламын. Көрер­мендер әртістеріміздің өнеріне дән риза болды», деді театрдың көркемдік жетекшісі Нұрлан Канетов.

Әсіресе Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Айгүл Тәти мен Мукарам Авахри қойған «Ұлы дала мұрасы» атты концерттік бағдарлама Грузия жұрт­шылығын ұлттық музыкамыздың әуезді әуеніне ұйытып, көркем бейнелер мен хореография өрнегіне тәнті етті.

«Театрымыздың бет-бейнесі бай классикалық мұра мен заманауи балет өнерінің негізінде қалыптасты. Соның арқасында ұлттық биімізді үлкен сахнаға шығарып, әлемге көрсету мүмкіндігі туды. Біз қазақ биін ой еле­гінен өткізіп, оның үйлесімділігі мен сұлулығын аша түсетін соны хореографиялық миниатюралар шы­ғаруға ерекше көңіл бөліп келеміз. Ұлттық хореографиялық пластика – қазақ мәдениетін танытудың бір амалы. Сол себепті, ұлттық би театры­мыз­дың барлық гастрольдік сапарының сәнін келтіреді», деді Айгүл Тәти.

Айта кетейік, бекзат өнер ордасының гастрольдік сапарына Мәдениет және спорт министрлігі қолдау көрсетті.