Қазақстанның классикалық музыка өнерінде Ахмет Жұбанов бастаған дарынды дирижерлер көшін кәсіби түрде жалғастырып келе жатқан қалың шоғыр бар. Солардың арасында өзіне сенімді, байсалды, маңғаз мәнерінен зиялылық байқалатын Мүсілім Әмзені айрықша атауға болады. Алматының жанға жайлы мақпал кешін сахнаның сырлы әуенімен әрлей түсіп, көрермен көңіліне қанат байлап, ықыласпен шығарып салатын, шығармашылық концерттерде жиі бой көрсететін маэстроның өнерін көрермен қашан да құрметпен қабылдайды. Сиқырлы таяқшамен ауада өрнек салып, бүкіл аспапты үйлесімді ырғаққа ұйыстырып, оркестрді бір тыныспен басқаратын дирижер әр шығарманың өзегіне жан беріп, оны қайта тірілтіп қана қоймай, шабыт шеберлігі мен өнердің өлмес құдіретіне еріксіз бас идіреді. Ұлттық консерваторияда білім алып, түрлі оркестрмен шет ел сахналарында шеберлігін шыңдаған Мүсілім Әмзе – Жамбыл атындағы қазақ мемлекеттік филармониясы құрамындағы Т.Әбдірашев атындағы Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық симфония оркестрі мен Н.Тілендиев атындағы мемлекеттік академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері. Сонымен қатар музыка өнеріндегі ғылыми-педагогика бағытында қызмет етіп жүрген ұстаз.
– Мүсілім мырза, жақында «Мәлік Жаппасбаевтың музыка мұрасы» атты кітабыңыз жарық көрді. Қазақ музыка тарихында зерделенбеген тың тақырыпқа түрен салып, ғылыми деректерді мұрағаттан тірнектеп тауып, оқырманға ауқымды еңбек ұсындыңыз. Ғылыми еңбегіңіздің құндылығы жөнінде айтып берсеңіз?
– Жоспар-жобасын жазып, сызып берген шеңбер ішінде шығармашылық жұмыс істеуге мәжбүрлеген кеңес кезеңінде, әдебиетпен бірге өнер де саяси ұстанымға бағынып, идеологияның қуатты құралы болды. Дегенмен, еркін көсіле алмаса да, кешегі ұлттың музыка өнерін өрге сүйреген шағын топтың ішінде елінің арман-аңсары мен зар-мұңын көркем құндылық арқылы көтеріп, рухын жасытпауға күш салған тұлғалардың бірі – күйші, композитор, дирижер Мәлік Жаппасбаев еді. Майдангер музыканттың мұрасы туралы биыл жарық көрген кітапта осы сауалға қатысты түйткілді мәселенің жауабын тарқатуға тырыстым. Майдан даласында 28 жасында қаза тапқан жауынгер М.Жаппасбаевтың туған елі мен жеріне арнаған туындылары арасында «Көсем үшін – ел үшін» деп келетін мәтіннің болуы заңды және оны сызып тастауға ешкімнің хақысы жоқ. Өйткені өлеңнің сөзі ескіргенмен, құрылымы қызық, әуені әдемі. Әнде мағына, арна болмаса, ғасыр басында қазақ жеріне келіп музыкалық сауатымызды ашқан, кәсіби өнердің қалыптасуына зор еңбек сіңірген Латиф Хамиди, Сергей Шабельский секілді музыканттар бұл әуендерді хатқа түсіріп, хорға лайықтап, бар ықыласымен кіріспес еді. Ақындарға өтініш айтып, жаңа мәтін жаздырудың осындай мәні болатын. Рас, әнді сол мәтінмен бүгін айта алмаймыз. Сондықтан әнге сөз жазып жүрген, тәжірибесі мол ақындарға композитордың бірнеше әнінің сөзін қайта жаздыруды жөн көрдім. Жаңа мәтінмен бірнеше концертте орындалды, тыңдаушы халық та жылы қабылдады. Бұл еңбектің ерекшелігі, кітапқа әннің екі нұсқасын қатар жарияланды. Сөзіне өзгеріс енген мәтіннің мағынасына нұқсан келген жоқ, керісінше, екінші тынысы ашылды.
– Мәлік Жаппасбаевтың шығармашылығы сізді несімен қызықтырды?
– Таныс кісілер «Өзің Мәліктің жас күніндегі суретіне ұқсайсың, туысың ба?» деп сұрап жатады. Бұған қоса, композитордың кіндік кескен жері Қызылорда өңірі екеумізге ортақ мекен. М.Жаппасбаевтың өмір тарихы мен шығармашылық мұрасын зерттеп-зерделеп жүрген жұмысым, «е-е-е, аталас не ағайын болды ғой» деген тұспалды түйіндей түсетін секілді.
Диссертациялық жұмысымның тақырыбы: «Қазақстандағы дирижерлік өнер: қалыптасу тарихы мен даму кезеңдері» деп аталады. Жалпы, ұлттық музыкада «дирижерлік өнер» туралы сөз академик Ахмет Жұбановтан басталады. Осы уақытқа дейін А.Жұбановтың дирижерлік өнері оның басқа шығармашылық қыры мен қабілетінің тасасында қалып келеді. А.Жұбанов – алғашқы композитор, ректор һәм академик. Қатарластарының арасында да, кейінгі буын ғалымдардың ішінде де оның композиторлық өнеріне ғылыми талдау жасап, баға беріп, сауатты сараптама жасаған музыка мамандары көп болғанымен, дирижерлік өнерін даралап көрсеткен маман жоқтың қасы. Кейбір ғылыми-зерттеулерде «Жұбановтың көмекші дирижерлері болды, мысалы, Мәлік Жаппасбаев...» деп жазылған. Ал оның тек аты-жөнін кітаптан оқығанымыз болмаса, кім екенін танып білмейміз, тарқатып айта алмаймыз. Театр және симфония оркестрлерінің дирижерлерін түгендеп, қолға түскен материалды шетінен жинай беретін әдетім бар. Ілгеріде Тәмті Ибрагимова деген әнші-актриса жауынгер-композиторлардың мұрасын насихаттап, бірнеше кітап шығарған. Осы кітапқа енбеген материалдың бәрін жүйелеп, қаттап, архивке табыстап кетіпті. Бұл мұрағатпен жақын танысып шыққаннан кейін, Мәлік Жаппасбаев туралы дерек толығып, жеке кітап болып диссертациядан бұрын жарық көрді.
– Өз дәуірін жырлаған «түрі ұлттық, мазмұны социалистік», кейін керексіз болып шетке ысырылған шығармалар әдебиетте ғана емес, музыка өнерінде де жетерлік. Тарих қоқысына тастай берсек, талай талантты авторлардың шығармалары мүлде атаусыз қалатын түрі бар. Алайда өміршеңдігін жоғалтты деп оларға үкім кесе аламыз ба?
– Кезінде Абай атындағы ұлттық опера және балет театры сахнасында тың тақырыбында орай бірнеше ауқымды спектакль қойылған. Соның бәрін сахнаның сәнін кетіретін сыйықсыз еді дей алмаймыз. Сол секілді соғыс тақырыбына жазылған «Жиырма сегіз», «Төлеген Тоқтаров» деген опералар болды. Дәуірінде бұл тақырыпқа туынды арнамасаң, бұдан кейін жазатын шығармаңның жарыққа шығу-шықпауы екіталай еді. Әрине, жертөленің сызында сарғайып жатқан дүниелердің арасынан жақсысын іздеп тауып, сұрыптап алып, қайта жарыққа шығаруға болады. Бірақ ол қыруар жұмыс.
Жарайды, үлкен қойылымды қоя тұралық, телевизия қорында иесіз, қараусыз жатқан мол партитураны қайтеміз? Радио арқылы тараған әндердің алғашқы түпнұсқа партитурасы осында сақталған. Кезінде сол телевизияда эстрада және симфония оркестрі жұмыс істеді, радио жанында халық аспаптар оркестрі болды, ал сол кезде жиналған ноталарды ойнайтын оркестр бүгін жоқ. Оркестр жоқ жерде оны кім пайдаланады? Шаң басып, іздеусіз жатқан музыка мұраларының бір парағына да нұқсан келтірмей, мемлекеттік архивке өткізу керек. Іздеген адам сол жерден тапсын. Құнды дүниеміздің бірі – осы. Қордаланған үлкен мәселе екенін біле тұра, көздің қарашығындай қорғайтын, қамқор жанашырдың бар-жоғы тағы белгісіз. Осы қор жинақталған ғимараттың өзі Қаңтар оқиғасы кезінде оңбай зардап шекті. «Жөндеу жүргізіледі» деп сыртынан мойын созып, үміттеніп жүргенде, ғимаратты біржола сүріп тастады. Алғашқы келген ой: «әлгі қор қайда кетті?». Өртенген жиһаз мен компьютердің орны толар-ау, ал мәдени мұра мен музыка жәдігерлерін қайда көшірді, қалай көшірді? Бұл мәдениетіміздің маңызды бір бөлшегі, өнеріміздің өнегелі бір тарихы еді.
– Жаппасбаевтың жиені Мейрамгүл Махпутова бір естелігінде «Дина Нұрпейісова Мәлік Жаппасбаев нотаға жазып алады деген қауіппен ол отырған жерде күй тартпаған» деген дерек айтады...
– Мейрамгүл апай анасынан естіген әңгімесін айтты. Анасы Сәбира Алматыда тұрған. Бұлай болуы да, болмауы да мүмкін. Тіпті Дина күйші солай айтқан күннің өзінде, бұл қалыпты нәрсе деп ойлаймын. Кім де болса бетіне тайсалмай тура қарап, тіке айтатын, мінезді, адуынды Дина күйші Ахмет Жұбановты өте-мөте құрмет тұтқан. Ахметке ғана сенгендіктен, басқа адамның жазып алғанын қаламауы да мүмкін. Сондықтан да өнер адамында болатын мұндай мінез Дина шешейдің де, Мәлік күйшінің де шеберлігіне нұқсан келтіреді деп ойламаймын.
– Кітабыңызда өткен ғасырда өмір сүрген бірқатар бейтаныс дирижердің аты аталады. Дала өнерін өркендету жолында жан аямай қызмет қылған өнерпаздар туралы бүгінгі ұрпақ хабарсыз. Ұлттық музыка тарихына қызығып, қазына-қорды қаузайтын жас ғалымдар қатары неліктен толықпай жатыр?
– Ахмет Жұбановтың талантты шәкірті болған Ғабдұлман Матов туралы дерек іздеп, биыл Батыс Қазақстан өңірін араладым. Жәнібек ауданында туған ғаламат күйші туралы дерек аз, соған қарамастан екі-үш мақала жазып, республикалық бірнеше басылымда жарияладым. Көзкөргендердің айтуынша, өзі қатарлас күйшілерге қарағанда Ғабдұлманның қарымы мықты, қуаты ерекше болған. «Құрманғазы оркестрінде өткен 1930 жылдардың ішінде Мәлік Жаппасбаев, Ғабдұлман Матов деген домбырашылар болды. Олардың орындаушылығы виртуоздық дәрежеде, сонымен қатар дирижерлік қол сілтеуде үлкен жетістіктерге ие болды. Оның себебі, екеуі де қабілетті адамдар болатын» деп әйгілі А.Жұбановтың өзі қос шәкіртінің өнерін еңбектерінде ерекше атап өтеді.
Ғабдұлман мен Мәліктің тағдырында да ғажап ұқсастық бар. Әуелі Қызылордада оқып, ашаршылыққа байланысты Оралға, еліне қайтуға мәжбүр болған. Содан соң Алматыға келіп, слетке қатысып, біржола қалып қойған Ғабдұлман да 28 жасында майданда опат болды. Аты аталғанымен, күйшілер арасында да мәлімет жоққа тән. Сонда да болса, жүз жыл бұрын қазақ даласында күйшілік өнерді дәріптеген тұлға туралы жүйелі зерттеу жүргізу керек, алдағы уақытта ол туралы кітап жарыққа шығару ойда бар. Мен тек дирижерлік өнерге қатысты тұлғалар туралы баяндап отырмын. Ал әншілік, күйшілік өнерді қаузай бастасақ, бұл саладан да сирек естілетін, тіпті аты ұмытылған, ұлт өнерін өркендетуде үлесі зор, талай талантты тұлғаны тауып алуға болады. Тек аты бар, бір-екі фотосы сақталған, содан соң музыка туралы академиялық жинақтарда, аудан мен облыс энциклопедияларында айналып жүре беретін белгілі дерек. Ол шағын деректің өзі Ахмет Жұбановтың еңбектерінен алынған. Қыруар шаруасының арасында орайын тауып музыка өнеріндегі замандастары туралы жазып кеткен бір-екі ауыз сөйлем, соны әлі малданып келеміз. Ал олардың қоңсы өңір мен көрші елге бару мүмкіндігін ескеріп, ізін қуалап, індетіп іздеуді жалғастыра берсек, Орынбор, Астрахандағы мұрағаттан да тұщымды дерек табар ма едік.
– Маэстро, қай елде болса да, дирижер дара кәсіп иесі екені аян. Музыкалық білімі жоқ адамдардың көпшілігі дирижерлік кәсіптің маңызын түсінбей жатады. Сондықтан болар, дебют жасаған дирижер көрінсе, ол назарға бірден ілінеді. Өзіңіз дирижерлік өнерді кеш меңгердіңіз емес пе?
– Әншілік, композиторлық, аспапта орындаушылық өнер секілді музыка сала-салаға бөлініп, қалыптасып болғаннан кейін ғана пайда болған жас өнер – дирижерлік. Музыканың қалыптасқан жанрларының басын қосып орындау қажет кезде, әлбетте, оған жетекші керек болады. Жас өнерге талаптың да күшті болатыны белгілі. Мысалы, әлемдік деңгейдегі танымал композиторлардың шығармасымен танысып, ойнап шығуға бір пианистің ғұмыры жетпейді. Сондықтан өзінің мінезіне, талғамына қарай лирикалы немесе екпінді шығармалардан тұратын репертуар таңдайды. Ал пианист көп. Түрлі сипаттағы шығармалардан тұратын пианист репертуарын дирижер жатқа білуі тиіс. Сол секілді үрмелі аспаптар: флейта, кларнет, труба, тромбоншылардың да өнерін солардан кем білмеуі талап етіледі. Ол аз болса, әр аспаптың тарихын, пайда болу, қалыптасу секілді эволюция сатыларын, тегін білу де дирижер үшін міндет. Ойнап отырған аспабыңның тарихы мен оркестрде жарыса-жамыраса, ортақ үйлесіммен ойналып жатқан бүкіл аспаптың тарихын білудің айырмашылығы бар ма? Әрине, бар. Музыканттардың біреуі міндетті түрде шығарманың тарихы, ойналу техникасы, иірім-ырғағы туралы сұрақ қояды және оқыстан қойылатын сұрақтардың сипаты да әртүрлі. Дирижер сұраққа байсалды, сенімді, жан-жақты, бастысы, нақты жауап беруі керек. Дирижер шығарманы тұтас көре білетін сұңғыла болуы керек.
– Дирижерді түсі суық, музыканттарды уысында ұстап, оркестрге қатал талаппен қарайтын кейіпте жиі көреміз. Тіпті тарихта диктатор дирижерлердің де болғаны белгілі. Ал сіздің мәнеріңіз мүлде кереғар...
– Әрбір дирижер қабілет-қарымының шеңберінде жұмыс істейді. Бір қолдың саласы болғанымен, бір-біріне ұқсамайтын бес саусақ секілді, дирижерлер де бір шығарманы ойнағанымен, бір-біріне ұқсауы шарт емес. Бірақ халықтың сұранысы, әріптестің талабын ескеріп, дирижердің де айтары болу керек. Осы екеуі қатар өрілгенде ғана дирижердің өнері дамиды. Иә, дәуірінде жұмыс стилі айғай-аттаннан тұратын диктатор дирижерлер болды, бүгінде демократ дирижерлер алға шықты. Тіпті, дирижерлерге билік бергісі келмейтін оркестрлер бар. Олар дирижерді өзі таңдайды. Екі жылға ғана келісім шарт жасасып, ортақ тіл табысып, бірге жұмыс істей алатынына көзі жеткенде ғана, еңбек шартын ұзартуға келісім береді.
– Маусымашар, мерейтой мен авторлық кештерге барып жүріп байқайтыным, репертуар тым стандартты құрылады. Осылай жалғаса берсе, композиторлардың сирек орындалатын шығармалары мүлде ұмыт қалмай ма?
– Репертуар мәселесі әр ұжымның көркемдік жетекшісі мен бас дирижерінің ұсынысымен қабылданады. Басқа мамандардың да пікірі ескерілгенімен, соңғы шешімді солар айтады. Бұл мәселеде көрермен контингенті, билеттің сатылымы да рөл ойнайды. Бір ай бойы жарнамасы жасалған концерт бағдарламасы екі-үш күн қалғанда аяқасты өзгеріп кетуі мүмкін. Әдетте, орындаушылыққа байланысты сын көп айтылмайды. Сын көпшілік көрерменнің репертуарға талап қоюынан басталады. Өйткені, көптің көңілінен шығу мүмкін емес. Кешегі ұлттық музыка корифейлерінің көзін көрген аға буын аға-апаларымыз белгілі композиторларымыздың ән-күйіне басымдық берілгенін қаласа, кейінгі толқын Еуропаның классика туындыларының орындалуына таңдау білдіреді. Сол себепті репертуар түзгенде сын-ескертпенің бәрін ескеріп, аудитория қалауын ұмытпаған абзал.
– Оркестр әр дәуір композиторлары шығармаларын орындауға міндетті екені белгілі. Мысалы, қандай да бір композитордың шығармасы сіздің жаныңызға жақын болмаса, ойнағыңыз келмейтін сәттер бола ма?
– Дирижер таяқшасын қолға алған жас жаңа шығарманы орындауға дайын тұрады. Бұл кезеңде тәжірибе жинақтауды ғана ойлап, қоржынын жаңа туындылармен толтыруға бейім тұрғандықтан, оркестрмен жұмыс істеген әр күн, әр сағат пайдалы. Кейін дирижерде таңдау құқығы пайда болады. Уақыт тығыздығына байланысты жаңа шығарманы толық сүзгіден өткізіп үлгермей, білетін шығармамен сахнаға шыға беретін сәттер болады, әрине. Кейде әріптестің төтеннен жағдайға тап болып, яки сырқаттанып, сахнаға шыға алмай қалатын сәттерінде, жаңа шығармамен табан астында танысып, бірден меңгеріп, тығырықтан шығарып жіберетін дирижерлер, ертеңіне елдегі атақты адам болып шыға келгеніне музыка тарихында көп мысал кездеседі. Алайда осы кәсіптің маманы болғаннан кейін, дирижер барлық шығарманы орындауға, барлық солист музыкантты сүйемелдеуге міндетті.
– Сіз үшін дирижерлік өнердегі қиын нәрсе не?
– Ішкі сұранысқа жауап беру шығар. Өзің белгілеген, өзіңнен талап еткен деңгейдің биігіне шыға алмау. Ойлаған межең олқы соғып, көңілің қанағаттанбай қалады. Оркестрдің ойынында, саған байланысы жоқ ішкі-сыртқы әлдебір себептер болады. Әуеннің тылсымына елітіп, музыканттарды үйіріп, үйлесіммен ойнап жатқаныңда, әнші әннің шумақтарын шатастырып алады, кейде тіпті сөз түгілі, ғасырлар бойы бір әрпі де қисаймай, құлаққа сіңген халық әндерінің сөзін ұмытып қалып, өз ойынан сөз қосып жібереді. Аяқасты, күтпеген сәттерге ішің күйеді, қолыңнан келер дәрмен жоқ.
– Кәсібилік өлшемі деп нені айта аласыз?
– Кәсібилік деген – деңгей. Биігін бір бағындарған соң, одан төмен түспеу керек. Ішіңде тағы бір Мүсілім бар. Басқаны алдасаң да, оны алдау мүмкін емес. Сыншыл. Міншіл. Қатал. «Мүмкіндігің болды, жалқауланып, табанды болмадың, неге тырыспадың?» дейді. Осыдан он жыл бұрынғы концерттерді қайталап қарайтын әдетім бар, себебі, өзімнің сол кездегі көңіл күйімді аңдаймын. Өр, өжет мінез, жігер, қайрат, ұмтылыс көрініп тұрады. Бүгінмен салыстырғанда, тәп-тәуір ойнаған екенбіз-ау деп қоямын. Бірақ дәл сол кезде өзімді-өзім жеп қоя жаздағаным еске түседі. Кем-кетігіңді байқалып тұрса да, жігермен ойнаған жастығыңды жақсы көріп тұрасың.
– Сіз өзіңізге тым талапшыл екеніңізді байқайсыз ба?
– Жалқаулық, шабандық шығармашылық адамына жараса ма, жараспай ма білмеймін, бірақ өнер адамының тоқмейілсуге, тоқтап, тоқырап қалуға хақы жоқ. Дирижерлікпен қатар зерттеушілік жұмысты қолға алуым, бекер емес. Кәсібімнің бір талабы болған соң кірістім. Бізге дейін бұл өнермен кім айналысты, бұл елдегі дирижерлік өнердің даму тарихы қандай деп біреу сұраса, сөзсіз мүдіріп қалар едік. Себебі бұл тақырыпқа жүйелі түрде ешкім қалам тартпады. Жекелеген дирижер есімін естіген бір бөлек, олардың мұрасын зерттеп, жан-жақты тарқатып жазған әдістемелік оқулық жазу бір бөлек. Тым болмаса өмірбаян жанрында, портрет стилінде шала жазылған дүние табылса, бөркімізді аспанға атар едік. Бұл ненің белгісі? Жалпы, дирижерлер қауымы жазуға келгенде шорқақ. Өзіміз жаза алмаған екенбіз, тым болмаса кеңес авторларының орысша жазған ғылыми еңбегін неге аудармадық? Консерваторияға оқуға қабылданған студент орыс тілін біліп-білмейтініне қарамастан, орысша оқуға мәжбүр болған. Сөйтіп өзіміздің отандық дирижерлерді дайындауға арналған оқулық жазу мәселесі шешілмеген күйі қала берген.
Екіншіден, дирижер – шығармашыл тұлға. Талант туралы тұтам дерек жерде қалмай, жинақтала беруі керек. Бірізділік сақтай отырып, кезең-кезеңімен жүйелеп, дирижердің өмірге келгенінен бастап, тұтас өсу жолын, құлдырау шақтарын көрсететін және соңындағы бар мұрасымен таныстыратын жалпы тектік жинақ қоры болуы керек. Ол бәлкім біреулермен хат жазысқан болар, мүмкін, шығармашылығы шарықтап келе жатып, орта жолда шарт сынып, тағдырдың таяғы тиіп, тауқымет тартқан болар немесе толысу, кемелдену кезеңіне аяқ басқандағы табысы, жеңісті жылдарын айшықтап, жан-жақты сипаттайтын әрбір дерек ғылым үшін маңызды деп білемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»
АЛМАТЫ