«Таланттар ауылдан шығады» деген бұрынғының сөзі бүгін де маңызын жоя қойған жоқ. Тек, ауыл балалары назардан тыс қалмай, тиісті қолдау тапса, биіктен төбе көрсетері анық. Бұған Президент ерекше мән беріп, қала мен ауыл арасындағы білім сапасының алшақтығын қысқартуды бақылауында ұстап отыр. Соның ішінде көпбалалы және тұрмысы төмен отбасыларда өсіп жатқан балалардың да қатарынан қалмай, мемлекеттің қолдауын барынша сезінуі маңызды.
Дарындарға даңғыл жол ашатын бастамалар
Президент пәрменімен ауыл балаларын қолдауға арналған жан-жақты іс-шаралар қолға алынып, нәтижесінде талай талант анықталып, олардың қабілеті мен дарынын одан әрі дамытуға зор мүмкіндіктер жасалып жатыр. Бұл бағытта арнайы Дарынды баланың қабілетін дамытудың жол картасы түзіліп, біраз жұмыс жолға қойылды. Атап айтсақ, облыстық дарынды балалармен жұмыс істейтін орталықтар дарынды балалардың мәліметтер базасын құрды. Осы мәліметтер қорын жыл сайын жаңартып отыру үшін арнайы мониторинг жүргізіліп тұрады. Биылғы мониторинг нәтижелері бойынша еліміздің тұс-тұсынан 95 мыңнан аса дарынды оқушы анықталды, оның 29 мыңнан астамы – ауылдық жерлерден және көпбалалы, аз қамтылған отбасылардан. Сонымен қатар 63 мыңнан аса баланың ерекше зияткерлік қабілеті бар. Ал 32 мыңнан аса оқушы мәдениет және спорт саласында үздік нәтижеге қол жеткізді. Жалпы, республикада 3,6 млн білім алушының 6,3%-ы – дарынды балалар. Өткен жылмен салыстырғанда биыл дарынды балалар саны 10 667-ге, яғни 3,1%-ға артты.
Аталған деректерге қарап, негізгі назар тек дарынды балаларға бөлініп жатыр екен деп топшыласақ, қателесеміз. Өйткені мемлекет үшін барлық бала бірдей, әсіресе ауыл балаларының қаладағы қатарластарынан қалмауы үшін көп жағдай қарастырылып жатыр. Бұған дәлел ретінде Мемлекет басшысының Жолдауынан мына үзіндіні келтірсек те болады: «Мамандардың негіздеуінше, мемлекеттің тек дарынды оқушыларды қолдауы балалар арасында әлеуметтік аражікті ұлғайтуы мүмкін. Бұған жол беруге болмайды. Осыған орай, мемлекет қарапайым мектептерге қолдау көрсетеді. Сонымен бірге бұл қадам қала мен ауыл арасындағы білім беру саласындағы алшақтықты қысқартуға жол ашады».
Ауыл балаларын қолдауға бағытталған бірден-бір жоба ретінде «Мың бала» олимпиадасын атауға болады. 2022 жылы Оқу-ағарту министрлігі «El Ymiti» бастамасы аясында өткізген бұл олимпиадаға 150 мыңға жуық оқушы қатысуға ниет білдірді. Олимпиаданың қорытындысы бойынша 14 облыстан 1 мың жеңімпаз іріктелді. Олардың ішінде 6-сынып оқушылары арасында 500 жеңімпаз дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектептерде конкурстан тыс оқуға түсуге мүмкіндік алды. Олимпиаданың ІІ кезеңінің 386 жеңімпазы үшін дарынды балаларға арналған жетекші мектептерде – «Білім-Инновация» лицейлерінде, Республикалық физика-математика мектебінде және «Дарын» мамандандырылған мектептерінде оқуға жол ашылды. Қалған жеңімпаздар Елбасы академиясының «Birge oqý» онлайн мектебінде оқуын жалғастыруда. Сондай-ақ 7-8-сынып оқушыларына арналған олимпиадалық резервтің онлайн мектебі, ауылдық мектептердегі жаратылыстану-математикалық цикл пәндері бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Бұл ретте Youtube платформасында «Дарын» орталығы 7-8-сынып оқушылары үшін қазақ және орыс тілдерінде химия, биология, физика, математика пәндері бойынша 200-ден аса бейнесабақ жариялағанын атап өту керек. Сабақтарда лексикалық материалдан басқа күрделілігі жоғары және жоғары деңгейлі тапсырмалар бар. Бұл республикалық және халықаралық олимпиадалардың тапсырмаларына барынша дайындалуға мүмкіндік береді. Онлайн сабақтарды кестеге сәйкес еліміздің үздік жоғары оқу орындарының оқытушылары мен Қазақстан құрама командаларының жаттықтырушылары жүргізді. Онлайн мектептерге 12 мыңнан аса оқушы қатысты. Химия, биология, физика және математика пәндері бойынша әрі қарай дайындалу үшін еліміздің әр өңірінен 352 оқушы іріктелді. Бұған қоса «Балдәурен» республикалық білім беру-сауықтыру орталығы және «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы 3 мыңнан аса баланы қамтыған пәндік онлайн сессияларды ұйымдастырды.
Сонымен қатар балалардың қабілетін шыңдауға үйірмелердің тигізетін септігі мол. Оқу-ағарту министрлігінің мәліметі бойынша, Ұлттық білім беру деректер қорында қосымша біліммен қамтылған балалардың үлесі 63,5%-ды құрап отыр. Дәлірек айтсақ, бұл – 2 млн 200 мыңнан аса оқушы. Жалпы, республикада 1,2 млн баланы қамтитын 1 272 мектептен тыс ұйым жұмыс істейді. Бұл мектептен тыс ұйымдарда технопарктер, бизнес-инкубаторлар, планетарийлер, роботтехника және 3D модельдеу бөлмелері, химия және биотехнология зертханалары, медиа орталықтар бар. Жаңа буынның инновациялық жабдықтарымен толықтырылған Астана, Талдықорған, Петропавл, Атырау, Түркістан қалаларындағы оқушылар сарайларында роботтехника, 3D модельдеу және бағдарламалау үйірмелері ашылған. Оқушылар сарайларының базасында балалар технопарктері мен бизнес-инкубаторлар желісі дамып келеді. Елімізде 33 технопарк, 25 бизнес-инкубатор бар. Қосымша білім беру бағытындағы осынау игіліктерден ауыл балалары мен тұрмысы төмен отбасылар шет қалған жоқ. Айталық, бүгінде 177 мыңнан аса әлеуметтік аз қамтылған отбасы балалары, 13 мыңнан аса жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, 20 мыңнан аса ерекше қажеттілігі бар балалар ақысыз негізде қосымша біліммен қамтылып отыр.
Шәкірт шырағын жаққан ұстаздардың мерейі үстем
Ауыл-аймақтағы білім беру сапасын арттыру үшін үздік мұғалімдердің қатарын көбейту маңызды. Осы орайда айналасындағыларға үлгі боларлықтай жетістіктерімен көзге түскен, таланттарды тап басып тани білетін, түрлі білім бәйгелерінің жеңімпаздарын тәрбиелеп шығарған мұғалімдер баршылық. Мұндай мұғалімдерді қолдау үшін министрлік тарапынан бірқатар іс-шара да қолға алынған. Атап айтсақ, республикалық және халықаралық олимпиадалар мен байқаулардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін дайындаған республиканың үздік мұғалімдерінің іс-тәжірибесін тарату мақсатында бастауыш сынып мұғалімдеріне арналған «Бастауыш сыныптағы олимпиадалық және логикалық есептерді шығару әдістемесі» тақырыбында республикалық оқу-әдістемелік семинары мен «Алтын тұғыр» олимпиадасы өтті. Бұған қоса жас педагогтердің шығармашылық әлеуетін дамытуға жағдай жасау, кәсіби көзқарасын қалыптастыру бағытында «Дарынды балаларға арналған дарынды педагог» республикалық педагогикалық олимпиадасы ұйымдастырылды. Олимпиадаға еліміздің барлық аймағынан 357 мұғалім қатысты. Оның ішінде 180-і – ауыл мектептерінің педагогтері.
Биыл ауыл балаларынан, көпбалалы және аз қамтылған отбасыдан шыққан оқушылардан республикалық және халықаралық олимпиадалар мен жарыстардың, спорттық жарыстардың жеңімпаздарын дайындаған 1 092 үздік мұғалім марапатталды. Сондай-ақ еліміздің үздік ұстаздары жергілікті жерлерде марапатталып, ведомстволық наградаларды иеленіп, жыл сайынғы республикалық «Үздік педагог» байқауында бақ сынайды. Былтыр ерекше жетістіктері мен елге қызметі үшін 26 педагогке алғаш рет мемлекеттік награда – 1 мың АЕК көлемінде біржолғы төлеммен «Қазақстандық еңбек сіңірген ұстазы» құрметті атағы берілді.
«Педагог мәртебесі туралы» Заңның 9-бабының 4-тармағына сәйкес мұғалімдерге білім беру жүйесін дамытуға қосқан ерекше үлесі үшін жергілікті атқарушы органдар наградалармен, сондай-ақ ақшалай сыйақылармен марапаттайды. Бұл ретте «Мың бала» ұлттық олимпиадасының қорытындысы бойынша олимпиадалардың жүлдегерлерін дайындаған 3 792 ауыл мұғалімі дипломдармен марапатталғанын атап өткен жөн.
Жалпы, Балалар жылында ауыл балаларын дамытуға айтарлықтай көңіл бөлініп жатыр. Бұл атаулы жылдың аясында қолға алынған бастамалардың ауқымы кеңейіп, болашақта ауылдың ғана емес, елдің атын шығаратын азаматтардың өсіп шығуына даңғыл жол ашылады деген үміт басым.