Астықты аймақтың әлеуетін арттыратын өте маңызды мәселенің бірі – машина-трактор паркін жаңа заман талабына сай жаңғырту. Осы іске Көкшетаудағы «Қазақстанның Агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі сүбелі үлес қосып келеді.
Диқандардың қолы ұзарып, жауапты науқанда ширақ қимылдап, маңдай термен өсірілген алтын астықтың бір дәні далада ысырап болмай, құт қамбасына құйылуына жаңа техниканың септігі тиіп отыр. Нақтылап айтар болсақ, Беларусьтің тиімділігі әлдеқашан дәлелденген коммуналдық және ауыл шаруашылығы салаларының озық техникаларын елімізде құрастыруына байланысты қат-қабат шаруа сәтімен сабақталды.
Бүгінде облыстағы егістік алқаптарда аталған кәсіпорынның өндіріс алаңдарында құрастырылған «Ростсельмаш», «Клевер» акционерлік қоғамдарының, «AGCO-Amity JV LLC» компаниясының брендтік өнімдерін жиі көруге болады. Комбайндармен бірге диқандар үшін өте қажетті, алымдылығы жоғары заманауи астық комбайндары мен екпіні үй жыққандай қуатты тракторлар, жұмысы өнімді егіс кешендері, әртүрлі модельдегі коммуналдық техникалар шығарады. 2019 жылы 1 464 бірлік техника шығарса, 2020 жылы бұл көрсеткіш 3 мыңға жетті. Осылайша, жыл сайын елімізге қажетті техникалардың саны күрт көбейіп келеді.
Өңірдегі бұрынғы тозығы жеткен техника жаңара бастады. Техниканың жаңаруы көктемгі және күзгі егін орағы тәрізді жауапты науқанды уақтылы атқаруға мол мүмкіндік беріп отыр. Шынын айтқанда, астықты өңірдің диқандары жаңа заманның талабына толық жауап беретін дәл осындай техникаларға сусап отырған болатын.
Енді бір сәт ілкімді істің баянды бастауы туралы бір ауыз сөз айта кетелік. Жобаның алғашқы кезеңін жүзеге асыру үшін 2014 жылы Беларусьтің «Минск трактор зауыты» ашық акционерлік қоғамы және отандық «Қазақстан Агроинновациялық корпорациясы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірігіп, «МТЗ-КАИК» серіктестігін құрған болатын. Кейін бұл жоба ауқымды мақсатты мұрат тұтқан индустрияландыру картасына енгізілді. Облыс әкімдігінің қолдауымен сумен, электр қуатымен жабдықталып, инфрақұрылымды түзу мәселесі оңынан шешілді. Алғашқыда іскерлік байланыс аясында өңірге аса қажетті жеті түрлі техниканың 500 бірлігі құрастырылды. Жағымды жаңалық елді елең еткізді. Өйткені бірлескен кәсіпорын дайындап шығаратын жаңа техникалардың құны жергілікті диқандар үшін қолжетімді еді. Тракторлар ғана емес, әралуан жүк көліктерінің, арнайы мақсатта пайдаланылатын машиналардың да бірнеше түрі шығарыла бастады.
Бүгінде бар шаруасы кең өріс алған ұжым «Вираж» холдингінің үлескер компаниясы ретінде өңірлік индустрияландырудың көш басында тұр. Көкшетаудағы индустриялық-технологиялық паркін қамтитын қуатты корпорациясы өзінің мемлекеттік, қаржылық тетіктерін «ҚазАгроҚаржы», «Аграрлық несие корпорациясы», «БРК-Лизинг» акционерлік қоғамдары арқылы іске асырып, өз өнімдерін еліміз бойынша нарықтық айналымға шығарып отыр. Шын мәнінде қалың қауым индустриялық жоба жетістігінің жемісін көріп келеді.
Ақмола облысы