Биыл Алматы облысында денсаулық сақтау саласының материалдық-техникалық базасын нығайтуға 4,4 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Осы қолдаудың нәтижесінде медицина мекемелерінің жабдықталуы 91 пайызға жетіп отыр. Ал жақында өңірдің жедел жәрдем қызметіне жаңа көліктер берілді.
Қонаев қалалық ауруханасының аумағында медицина қызметкерлеріне 35 жаңа автокөліктің кілтін тапсыру рәсімі өтті. Іс-шараға Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Құттықтау сөзінде ол өңірде медицина саласына көп көңіл бөлінетінін атап өтті.
– Уақтылы шұғыл көмек көрсету үшін бригадаларды көбейтіп, санитарлық көлікті жаңартып жатырмыз. Облысқа лизинг бойынша 35 машина бөлінді, оның жетеуі Қонаев қаласына тиесілі. Бұл дәрігерлердің жұмыс істеуін біршама жеңілдетеді. Өйткені жаңа «жедел жәрдем» көлігі заманауи техникамен жабдықталған, – деді М.Сұлтанғазиев.
Жалпы, жергілікті бюджет есебінен Hyundai H-350 және JAC Sunray маркалы санитарлық көліктің 35 бірлігі сатып алынған екен. Алматы облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Өмірзақ Ниязбековтің айтуынша, барлық автокөлік қажетті жабдықтармен жабдықталған. Бұл сапалы және шұғыл көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
– Жедел және шұғыл медициналық көмекті 142 бригада көрсетеді. Санитарлық автокөлік паркін толықтыру есебінен жедел және шұғыл медициналық көмек бригадаларының санын 8-ге ұлғайту және ауылдық елді мекендердің медициналық ұйымдарының алыстығын ескере отырып, олардың санын 150-ге дейін жеткізу жоспарланды. Бұл автопаркті жаңартуға және толықтыруға мүмкіндік береді. Мұның бәрі облыс халқы үшін жедел және шұғыл медициналық көмекті уақтылы көрсетуге мүмкіндік береді, – деді Ө.Ниязбеков.
Ал жаңадан берілген «Жедел жәрдем» көліктері Жамбыл, Балқаш, Кеген, Райымбек, Ұйғыр, Талғар, Қарасай аудандарының, сондай-ақ Боралдай мен Қонаев қалаларынан түсетін шақыртуларға қызмет көрсетуге бөлінді.
Алматы облысы