Біздің кеңестік қазақ тарихында көп айтылмай жүрген ақтаңдақ жетерлік. Соның бірі – 1952 жылы Капустин Яр әскери полигоны ашылғанда туған жерінен еріксіз көшірілген мыңдаған адамның тағдыры. Биыл сол сүргінге 70 жыл толды.
Батыс Қазақстан облысында осы тарихты қаузап, «Капустин Яр» әскери полигоны: қазақ депортациясы» атты жинақ шығарған ғалым, тарих ғылымдарының кандидаты Бақтылы Боранбаеваның айтуынша, Капустан Яр ядролық сынақ полигонын ашу туралы бұйрыққа Сталин 1951 жылдың наурыз айында қол қойған. Осылайша, полигон аумағында қалатын Орда ауданындағы 175, Жаңақала ауданындағы 125 ұжымшар таратылған. Екі ауыл Гурьев облысына қосылған. Таратылған колхоздардың Батыс Қазақстан облысының бірнеше ауданына, ал Орда ауданынан 774 тұрғын 1952 жылы 11 шілдеде Оңтүстік Қазақстанға жөнелтілген.
Бұл үлкен трагедия болатын. Әйгілі Исатай мен Махамбетке, Құрманғазы мен Динаға туған жер, атамекен болған қасиетті құм Нарын күшпен босатылды. Ел туған жерінен еңіреп көшті. Бүгінде сол қаралы керуеннің, жылаулы көштің куәгерлері саусақпен санарлық қана қалды. Бірақ атамекенінен еріксіз ажыраған аға буынның қанындағы қызу, санасындағы сағыныш кейінгі ұрпақтың жүрегіне де жатталып қалғандай.
Бұлай деуімізге себеп – жақында Батыс Қазақстан облысы Қазталов ауданына қарасты Қараоба ауылында жантебірентерлік жиын өтті. 1952 жылы құм Нарынның қойнынан, бұрынғы Жаңақала ауданы Ұмтыл ауыл кеңесіне қарасты Амангелді колхозынан еріксіз көшіріліп, Қараобаға қоныстандырылған халықтың ұрпақтары жаз бойы ұйымдасып, бірнеше тағылымды іс-шара өткізді. Осыдан жетпіс жыл бұрын болған оқиғаны советтік идеология да, уақыт табы ада қанша жасырғанымен, тарих тозаңынан аршып, халықтың мұң-зарын алып шықты. Осы бастамашыл топтың серкелерінің бірі – Батыс Қазақстан өңірінде талай лауазымды қызмет атқарған ел ағасы Нәсіпқали Иманғалиұлы 1952 жылы Нарыннан еріксіз көшірілген халықты советтік репрессия құрбандары қатарына жатуы қажеттігін айтады. Біздің ойымызша, бұл әбден дұрыс талап. Бүгін болмаса да, ертең бұл тарих толық ашылады. Әскери полигонның әлегінен ойран болған ауылдардың тағдыры әлі-ақ шынайы бағасын алады.
Қараоба ауылының қарттары, қаралы көштің көзі тірі куәгерлері Кәрім Қарағойшин, Нәсиболла Ғұбашев, Нәбидолла Мәжитов, Қадыржан Ғазизов, Темірболат Абдығалиев сынды ақсақалдар 1952 жылы жасөспірім бала болса да, көп жайтты еске сақтап қалған. Бүгінде барымен бөлісіп, сонау құм қойнауында қалған атажұртқа деген сағыныш пен махаббатты кейінгі ұрпақтың санасына сіңіре беріпті. Содан да болар, биыл Қараоба ауылының жас-кәрісінен құралған бірнеше экспедиция Нарын құмына арнайы сапар шегіпті. Ол жақтағы ата-баба қорымдарын іздеп тауып, елдің табанына – бұрынғы Амангелді колхозының орнына ескерткіш белгі орнатқан. Одан кейін қазіргі қоныс – Қараоба ауылында «Тарихқа тағзым» атты аллеясы ашылған. Ауылдық мәдениет үйінің ауласында орналасқан бұл мүйісте субұрқақ, көше шамдары орнатылып, өрнектас төселген. Жалпы, аллеяны абаттандыру жұмысы сапалы жүргізілген. «Алдағы жылы осы жерге Жаңақала ауданындағы №12 ауылдан Қараобаға көшіп келгендердің есімдерін жазып қоймақпыз. Біздің есебімізше, 1952 жылы осы жерге 120-ға жуық отбасы көшірілген екен», дейді Қараоба ауылдық округінің әкімі Жалғас Сүндетов.
Айта кетейік, «Тарихқа тағзым» аллеясын жасақтап, абаттандыруға 5 млн теңгенің үстінде қаражат жұмсалыпты. Бірақ бұл қаржыны толығымен халық өзі көтеріп алған.
Қараобалықтардың ұйымшылығы әр ісінен көрініп тұрады екен. Облыс орталығынан да, аудан орталығынан да шалғай жатқан, асфальт жолы жоқ елді мекен болса да, шаруасын шашыратпай, тап-тұйнақтай етіп ұстап отырған ауыл азаматтарына риза болдық. Әйгілі Ғұмар Қараштың есімін иеленген Қараоба мектеп гимназиясы – 1996 жылы еліміз бойынша ауылдық жерде ашылған алғашқы гимназияның бірі екен. Жыл сайынғы жетістіктері бөлек мақалаға жүк боларлық. Біз сөз етіп отырған атаулы іс-шара да мектеп өмірін айналып өтпеген. Мектепте 1952 жылғы оқиға туралы тәрбие сағаттары өткізіліп, бейнероликтер шығарылған. Оқушылар арасында «Туған жер» тақырыбына сурет байқауы, «Туған жерім тамаша» атты эссе байқауы ұйымдастырылған. Мұның бәрі жас ұрпақтың санасында 70 жыл бұрынғы жосықсыз оқиғаның ұмытылмай сақталуына себеп.
Әр істің басы-қасында уақыты мен күш-жігерін, махаббатын салып қызмет қылатын азаматтар болады. Қараоба ауылында атқарылған тағылымды іс-шаралардың сыртында ауыл азаматтары, әртүрлі кәсіп иелері Нұрлығали Сағынғалиұлы, Руслан Жұмағұлов, Рысты Қайсағалиева сынды жанкешті жандар жүр екен. Ауыл мектебінде ұйымдастырылған шағын музейден ауыл тарихына деген ыстық махаббатты сезіндік. Ал ардагер ұстаз, тарихшы мұғалім Рысты Жүнісқызының «Сағындырған сағым құм» атты жинағы біз сөз етіп отырған оқиғаның түп қазығы, жұлын-жүйесі десе де болғандай. Қарапайым ауыл мұғалімі 70 жыл бұрынғы оқиғаны әбден зерттеп, куәгерлердің естелігін жинақтап, әр сөзін архив құжаттарымен бекітіп қойыпты. Әзірше қолдағы принтерден шығарылып, қолдан түптелген кітапша сәл-пәл өңдеп, кәсіби баспаханадан басылса, толыққанды ғылыми еңбекке айналғалы тұр.
Қараоба ауылындағы кешенді іс-шаралардың нүктесін «Сағындырған сағым құм» атты ғылыми-тағылымдық конференция қойды. Шағын ауыл клубында өткен жиынға халық көп жиналды. Жиынға аудан орталығынан арнайы келген Сағит Садықов атындағы аудандық мәдени-демалыс орталығының жас әртістері «Сағындырған сағым құм» атты қойылымды сахналады.
Конференция барысында «Құрмет» орденінің иегері, Қазталов және Жәнібек аудандарының құрметті азаматы Нәсіпқали Иманғалиұлы жаңақалалық өлкетанушы Тыныштық Өтешқалиев депортация тақырыбында баяндама жасап, 70 жыл бұрынғы оқиғаның себеп-салдары туралы сөз қозғады. Конференцияның тағы бір қонағы Әлихан Декартұлы осы оқиғаға құқықтық баға беру керек деген ұсыныс айтты. Жиынға қатысқан Қазталов ауданы әкімі Рүстем Зұлқашев «Өткен өмір – біз үшін үлгі-өнеге, тәлім-тәрбие. Тарихи-мәдени іс-шаралар көптеп ұйымдастырылып, қарияларымыз жастарға жиі ақыл-кеңесін айтып отырса, нұр үстіне нұр болар еді», деген тілегін айтты. Осы іс-шараға көмек қолын созған кәсіпкерлер, ауыл азаматтары алғыс хаттарға ие болды. Іс-шараның соңы ата-баба рухына бағышталған асқа, соңынан дала қызықтарына ұласты.
Шағын ғана Қараоба ауылында тағылымды іс-шараға қатысып, тұшынып қалғанымызды жасырмаймыз. Соңғы кезде байқап жүрміз, әр ауыл өз тарихын түгендеп, жеке жинақ шығаруы үрдіс алып келеді. Және бұл бастама төменнен, сол ауыл азаматтарының тарапынан басталғанымен де құнды. Өткенсіз болашақ жоқ, ел тарихы жекелеген елді мекендердің тарихынан құралады. Жекелеген адамдардың тағдыры қоғам құбылысын айқындап тұрады. Сондықтан 70 жыл бұрынғы тарихты түгендеп, үлкен мәселе көтеріп, тағылымды іс-шара өткізген Қараоба халқына мың алғыс айтамыз.
Батыс Қазақстан облысы