Қызылордада медицина қызметкерлеріне 20 жедел жәрдем көлігінің кілті табысталды. Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев қатысқан салтанатты іс-шарада берілген көліктердің басым бөлігі ауыл тұрғындарына қызмет етеді. Өңір басшысы дәрігерлерді құттықтап, саланы дамытуға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.
– Ауырған жанға алғашқы болып жететін жедел жәрдем қызметінде еңбек ететін мамандардың еңбегі ерекше құрметке ие. Дегенмен соңғы жылдары арнайы автокөліктердің дені ескіріп, талап үдесіне сай келмей жатқаны байқалады. Ауылдарды аралап, халықпен кездесулерде осы мәселе жиі көтеріліп отырады. Осыған байланысты тұрғындардың талап-тілегін ескере отырып, заманауи үлгідегі 20 жедел жәрдем реанимобилі берілді. Жергілікті бюджеттен 1 қызметтік автобус пен арнайы техника да бөлініп отыр, – деді Н.Нәлібаев.
Салтанатты іс-шарада қоғам қайраткері Тұрғанбай Маханов әріптестерін құттықтап, көрсетіліп жатқан қолдауға ризашылық танытты. Жаңа көлікті болған дәрігерлер де алғысын жеткізді.
Биыл салада жұрт қуантар жаңалық көп. Қазалы ауданының орталығы Әйтеке би кентінде халыққа бастапқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін аудандық емхана ғимараты, осы аудандағы Жұбан және Арал ауданындағы Тастүбек елді мекендерінде медициналық бекеттер пайдалануға берілді. Жаз соңында облыс орталығындағы сол жағалаудан құны 2,7 млрд теңге болатын қан орталығының іргетасы қаланды. Келер жылы республикалық бюджеттен 750 млн теңге бөлініп, Қызылорда қаласында көпсалалы аурухана мен емхана құрылысы басталады.
Алдағы 2 жылда «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» қанатқақты жобасы аясында құны 9,7 млрд теңгеге 27 жаңа нысан салынады. Оның басым бөлігі дәрігерлік амбулатория болмақ.
Қызылорда облысы