Алматы облысының орталығын Қонаев қаласы жаңашыл даму жолына түсті деуге толық негіз бар. Бұйырса, таяу болашақта Қапшағай көлінің жағасында заманауи үлгідегі жаңа қала менмұндалайтын болады.
Бүгінде қаланы дамытудың төрт бағыты зерделеніп, жобаларды жүзеге асыру басталды. Оның ішінде өндіріс саласы бойынша облыс аумағындағы G4 city жобасын негізге ала отырып, қала аумағында өндірістік аймақ бой көтеретіні нақтыланған. Қазір аталған аумақтың инфрақұрылымын реттеу мен электр қуатымен үздіксіз қамтамасыз ететін қосалқы стансаның жобалық-сметалық құжаты жасалып жатыр. Өндіріс аймағының құрылысы толық аяқталған соң 40 мың адам жұмыспен қамтылады деп жоспарланып отыр.
Ал суқойма жағалауындағы қаланың туристік әлеуеті зор екені белгілі. Бұл бағытта жұмысты жолға қою үшін 2023-2024 жылдар аралығына арнайы жоспар жасалған. Яғни қаланың туризмін дамыту үшін 12 млрд теңге инвестиция тартылады. Келешекте Қапшағай су қоймасына жеке статус берілмек. Суқойма жағалауына заманауи демалыс орындарын салып, оларды әлемдік талапқа сай дамыту үшін арнайы бағдарлама жасалған. Ауыл шаруашылығын дамыту да облыс орталығы үшін маңызды болып қала бермек. Осы мақсатта Қапшағай су қоймасының аумағындағы 14,5 мың гектар жерді толық игерудің жоспары жасалды. Қала мен сыртқы нарықты қамту үшін мол өнім алуға негіз бар. Бұл үшін алқаптардағы тозығы жеткен суару жүйесін жаңарту мен қалпына келтіру жұмысы қолға алынып отыр. Сондай-ақ қаладағы адами әлеуетті арттыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Оның бір көзі шағын және орта бизнесті дамыту болмақ. Бұл жерде Қонаев қаласындағы ойынханалар туралы айтпай кетуге болмас. Бүгінде казинолар тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, қаладағы кәсіпкерлермен тығыз байланыс орнатқан. Кәсіп иелерінің бірқатары ойынханаға сервистік қызмет көрсетсе, екінші тобы ойын нүктелерін азық-түлікпен, қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етеді. Жалпы, қоғамда «Ойынханалар жабыла ма?», деген дүдәмал пікір бары рас. Бұл сұрақтың жауабын Қонаев қаласының әкімі Нұрлан Құматаевтың өз аузынан естідік.
– Қазір Қонаев-Алматы тас жолының бойында 15 ойын бизнесі ғимараты орналасқан. Оның ішінде 5 казино, 4 слот-зал, 6 букмекерлік кеңсе бар. Әкімдік мамандары жүргізген мониторинг нәтижесінде ойынханаларда 7,5 мың адам жұмыспен қамтылғаны анықталды. Бұдан бөлек, ойынханалар заңды түрде қызмет көрсетіп жатқанын айта кеткен жөн. Сондықтан қаладағы ойынханаларды бірден жабу туралы сөз болмауға тиіс деп санаймыз. Жалпы, ойын бизнесіне басқаша көзқараспен қарайтын уақыт келді. Мысалға, дамыған елдердің мегаполистерінде де ойынханалар орналасқан. Казинолар қала дамуына еш кедергі келтірмейді, – деді қала әкімі Нұрлан Құматаев.
Қонаев қаласының бас жоспары желтоқсан айында қабылданбақшы. Бұл қала сәулетінің ерекше сипатқа ие болатынын білдіреді. Ал облыс орталығы қазірдің өзінде қызу құрылыс алаңына айналған. Қала аумағында тек тұрғын үй салу үшін ғана 50 гектар шамасында жер бөлінген. Мұнда барлығы 107 көппәтерлі тұрғын үйдің іргесі қаланбақ. Оның он үші бюджет есебінен салынса, қалғаны жеке компаниялардың үлесінде.
– Қалада «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 60 пәтерлі үш тұрғын үй салынып жатыр. Бұл жобаға биыл 1 млрд 662 млн теңге бөлінді, ал жалпы сомасы – 2 млрд 850 млн теңге. Ең алдымен пәтерлер кезекте тұрған мемлекеттік қызметкерлерге беріледі, – дейді қала әкімі.
Әлеуметтік нысандардың да құрылысы басталған. Келер жылы «Жайлы мектеп» бағдарламасы бойынша 900 және 1 200 орындық екі мектептің құрылысы жүргізілмек. Бір мектептің құрылысы қазір жинақыланып та қалған екен. Іргетасы 2021 жылдың мамыр айында қалана бастаған мектеп 900 балаға арналған. Қазір бұл жобаға өзгерістер енгізіліп, құрылыс қайта жалғаспақ. Ал мектептің құны 2,7 млрд теңге шамасында. Білім ұясы екі ауысымда 1 800 баланы қамти алады. Оқу ошағы жобасының бір ерекшелігі – бастауыш сыныптарға бөлек, жоғары сынып оқушыларына бөлек спорт залдары қарастырылған. 2023 жылдың наурыз-сәуір айларында құрылыс жұмыстары толық аяқталады деген жоспар бар.
– Сондай-ақ бір мезгілде 150 баланы қабылдайтын емхана мен үлкен балабақша салу жоспарланып отыр. Қазір қаланың бас жоспарын әзірлеп жатырмыз. Ол бекітілгеннен кейін әлеуметтік нысандар, әкімшілік ғимараттар мен бизнеске арналған орындарды белгілейміз, – дейді Қонаев қаласының әкімі.
Қонаев Алматы облысының орталығы мәртебесін алғаннан кейін қаланың кіреберіс қақпасына қар барысының мүсіні орнатылған екен. Бұл аймақтың символы іспеттес. Яғни облыс орталығында толық жаңғырту және абаттандыру жұмыстары қызу жүрді. Қысқа мерзімде Бейбітшілік бульвары абаттандырылып, көшелерге заманауи шамдар орнатылды. Әр көшеге демалуға және спортпен шұғылдануға арналған аймақтар мен балалар ойын алаңы, заманауи субұрқақ орнатылып, көгалдандыру жұмыстары жүргізілді. Д.Қонаев ескерткішінің айналасындағы алаң да қайта жаңартылды.
Алматы облысы