Биыл мамыр айында Петропавл қаласына жақын Қызылжар ауданының «Подгорное» ауылында толық қуатына енгенде айына 4,5 млн дана өнім шығара алатын кірпіш зауыты іске қосылды.
«Кирпич» СК ЖШС құрылтайшысы Гарик Бернецянның айтуына қарағанда, кірпіш жасайтын жарақтар Испанияның бренді, бірақ Қытайда құрастырылған. Жаңа зауыттың екінші желісі іске қосылғанда өндіріс екі есе ұлғаяды. Зауыт құрылысы мен жарақтандырылуға 1,8 млрд теңге инвестиция құйылған.
Бұл кәсіпорынның артықшылығы шикі-заты жақын жердегі кен орнынан тасымалданады. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов зауыттың ашылу салтанатында тоғыз қабатты үй салу үшін шамамен 1 млн 800 мың дана кірпіш керек екенін айта келіп, зауыттың бір жылдық өнімімен ғана 22 үй салуға болатынын жеткізді.
«Алғашқы кезеңде біз осы кәсіпорынның күшімен өңірдің кірпішке деген сұранысының 30 пайызын жабамыз. Сондықтан зауытты салушы кәсіпорынға мемлекет тарапынан өте үлкен көмек берілді. Атап айтқанда, «Солтүстік» ӘКК арқылы 8 жылға 4 пайыздық өсіммен 800 млн теңге несие бөлінді. Сыртқы істер министрлігі арқылы зауыттың жарақтарын кеден салығынсыз өткізу жөнінде инвестициялық келісім жасалды», деді Қ.Ақсақалов.
Қазір зауытқа бөлінген 5 гектар аумақта жұмыс қызу жүріп жатыр. Өнім шикізатты төрт түрлі өңдеу тәсілдерінен өткізгеннен кейін ғана дайын болады. Алдымен құм мен балшық арнайы көлемде қосылады, сосын еленеді, оған белгілі көлемде цемент пен су қосылған соң формаларға салынады. Сосын қорытпаны пеште күйдіреді. Белгілі температурада арнайы уақыт тұрған соң Солтүстіктің қызыл-қоңыр кірпіші дайын болады.
Зауытта 80 адам жұмыс істейді, ал екінші желі қосылып, толық қуатына енгенде жұмысшылар саны 200-ге жетуге тиіс деп болжанған. Зауыттың жылдық қуаты 40 млн дана кірпіш шығаруға жетеді. Зауыт өнімдері басқа облыстарға да тасымалданып жатыр. Сұраныс болған соң зауыт қожайындары кәсіпорын қуатын арттыруды көздеп отыр. Өндірісті автоматтандыратын жарақтар алу жоспарланған.
Солтүстікқазақстандық «Mix Universal» компаниясы биыл құрғақ құрылыс қоспаларды шығаруды қолға алды. Зауыттың жылдық өндіріс қуаты – осы өнімнің 13 мың тоннасын шығаруға жетеді. Мұнда жетілдірілген шетелдік технологиялар қолданылады. Соның нәтижесінде өнімнің сапасы да жақсы. Бұл құрылыс жұмыстарының өнімділігін арттырады және шаршы метрдің бағасын төмендетеді. Сондықтан да оған сұраныс жоғары. Зауыт құрылысына әзірге 70 млн теңге құйылған. Кәсіпорынның директоры Әділет Әлібековтің айтуына қарағанда, зауыт жалпы саны 10 түрлі өнім шығарады. Соның ішінде кафель желімі, гипс сылағы және т.б. бар.
«Біздің өнімдер алыстан әкелінетін базардағы өнімдердің бағасына қарағанда 20-30 пайызға дейін арзан. Өйткені өнімді өзіміздің шикізаттан жасаймыз. Құм, мрамор ұнтағы – бәрі өзіміздікі. Осы арқылы өніміміз арзан болып, бәсекелестікке төтеп бере алады», дейді ол.
Қазір зауыт автоклавты газблоктар шығаруға да кіріскен. Жұмыстың бәрі техникамен жасалады.
Солтүстіктің кәсіпкерлері халық тұтынатын тауарлар шығаруға да көңіл бөліп келеді. Соның ішінде «Радуга» ЖШС 2019 жылдан бері сабын шығарады. Нарық сұранысына жауап беретін кәсіпорын іске қосылғаннан бері 4 мың тонна сабын шығарған.
Сондай-ақ Ирина Демидова басқаратын «РиМ-КазАгро» ЖШС жуырда ғана жылына 5 мың тонна қағаз өнімдерін шығаратын фабриканы іске қосты. Оған құйылған инвестиция көлемі – 2,5 млрд теңге. Жылдың соңына дейін фабрика 80 адамды жұмыспен қамтымақ.
Солтүстік Қазақстан облысы