Ел спортының, оның ішінде бокстың өркендеуіне 31 жылдан аса уақыт бойы еңбек сіңіріп жүрмін. Еңбек жолымды өзімнің туған жерім – Шығыс Қазақстан облысының Аягөз қаласында қарапайым бапкерлік қызметтен бастадым. Уақыт өте келе Қазақстанның жасөспірімдер мен жастар құрамасын жаттықтырдым. 2019 жылдан бері ұлттық құраманың бас бапкерімін.
Спортта жүріп, шетелге көп сапарладық. Шынын айту керек, көп мемлекетке қарағанда еліміздің көші әлдеқайда ілгері. Қай салада болсын, отандастарымыз орасан зор табысқа жетіп жүр. Соның арасында спорт та бар. Бұл әрине, қуантады. Алматыға жолым түсіп, президент сайлауына қатысу үшін Республикалық спорт колледжіне келіп, осы жерде орналасқан №271 сайлау учаскесінде дауыс бердім.
Көптеген этнос өкілдері тұрып жатқан кең-байтақ Қазақстанға ең керегі – тұрақтылық пен бейбітшілік, экономикалық тұрғыда өсу, халықтың әл-ауқатының артуы, алыс-жақын шет мемлекеттермен жақсы қарым-қатынас құру. Осының барлығы да тікелей президентке байланысты. Өзінің бір сөзінде халық жазушысы Шерхан Мұртаза «Президент – біреу, халық оған тіреу болуы керек» деп айтқан еді. Мен бұл пікірмен толық келісемін. Жаңадан сайланған президентке сіз болып, біз болып, халық болып, барынша қолдау көрсетуіміз керек. Тек сонда ғана еліміз өркендеп, әлемдік қауымдастық алдында Қазақстанның беделі мен мәртебесі артады.
Қайрат СӘТЖАНОВ,
бокстан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері