Мемлекет өміріндегі маңызды қадам әлем жұртшылығының назарынан тыс қалмағаны белгілі. Сайлау барысын бақылайтын шетелдік сарапшылардың саны мен сапасы саяси науқанның салмағын арттырып, процестің ашық та еркін, барынша әділ өтуіне әсер ететіні анық. Дауыс берушілердің басым бөлігі тұратын алып мегаполис Алматыда шетелдік байқаушылар белсенді жұмыс істеді.
Сайлауға байқаушы ретінде келген Франция Республикасының сенаторы, Еуропалық істер жөніндегі тұрақты комитет төрағасының орынбасары, Заңнама жөніндегі тұрақты комитеттің хатшысы Андре Марсель Рейшар Қазақстан қазір дамудың өте маңызды кезеңінде екенін атап өтті.
«Ресей Федерациясы мен Қытай Халық Республикасы сияқты ірі елдермен көршілес орналасқан Қазақстан Еуропалық одақтың қызығушылығын тудырады» деген саясаткер, елдегі жаңа бетбұрыстың мән-маңызына тоқталды.
«Президент Қ.Тоқаев сайлау өткізуді қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдады. Ол өзінің жол картасы ретінде – әділетті Қазақстанды құруға бағытталған бағдарламаны ұсынды және сайлау құқығының толық сақталуын қамтамасыз етуге ниет білдірді. Қазақстан халқы дауыс беру арқылы елдің болашағы туралы өз шешімін қабылдады», деді спикер.
Алматыдағы 8 сайлау учаскесіне барып үлгерген байқаушы президент сайлауы барлық сайлаушы мен кандидаттың тең құқығын сақтай отырып, жоғары деңгейде өткенін атап өтті.
«Сайлау барысы қалыпты деңгейде өтті деп есептеймін. Процесс стандартты түрде өрбіді. Келген азаматтар жеке куәлігін ұсынып, жергілікті сайлау комиссиясы оны сайлаушылар тізімінен тексерді, содан кейін ол қол қойып, дауыс берді. Егер сайлаушының аты-жөні тізімнен табылмаса, ол дауыс бере алмайтыны өте маңызды. Ең бастысы барлық құқықтық принцип сақталды», дейді Андре Марсель Рейшар.
Wikistrat Global Consultancy аға ғылыми қызметкері, Тәуелсіз байқаушылар миссиясының АҚШ атынан мүшесі Уильям Вайц таңертеңгі ауа райының қолайсыздығына қарамастан, алматылықтардың дауыс беруге белсенді түрде келгенін атады. Мегаполистің әр бұрышында орналасқан 20 учаскеге барған ол халықаралық байқаушылардың жұмысына ешқандай шектеу қойылмағанын, Қазақстанда АҚШ-қа қарағанда сайлауға барынша жауапкершілікпен қарайтынын айтты. Оның сөзінше, АҚШ-та сайлауда тұтас халықтың жартысынан азы дауыс береді, сондай-ақ байқаушыларға сайлау учаскелерінің ішіне кіруге тыйым салынады, олар оны сырттан ғана бақылайды.
«Сайлау учаскелерінде мен әртүрлі жастағы адамдарды көрдім, жастар да бар, үлкен кісілер де бар. Біз бір-бірімізбен еркін пікір алмасып, барлық процесті бақылап отырдық. Мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тарихи оқиғадан тыс қалмауы ескерілгені қуантады. Өздігімен жүре алатын науқастар сайлау орындарына барып үнін жеткізсе, төсекте жатқан науқастардың конституциялық құқығын пайдалануға да мүмкіндік берілді», дейді Уильям Вайц.
Францияның Халықаралық қатынастар институтының сарапшысы Микаэль Левистон Алматыдағы Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын жариялау жөніндегі баспасөз орталығында сөйлеген сөзінде өтіп жатқан сайлау күні туралы әсерімен бөлісті.
«Бәрінен де сайлау процесіне жастармен қатар аға буын өкілдерінің де қатысуын жоғары бағалау керек. Сайлау қарқынды және белсенді өтті. Мен жаңа Қазақстан үшін дауыс беруге келген адамдарға көп көңіл бөлдім. Бұл тек 50 және 60 жастағы адамдар ғана емес. Келушілер арасында 18 жастағы азаматтар да бар. Мысалы, сайлауға өмірінде бірінші рет келген жігіт те болды. Мемлекеттің өз болашағына ұмтылып жатқаны анық. Бұл – жас буынның ел ертеңіне немқұрайды қарамайтынын аңғартады. Өзім бақылаған сайлау учаскелерінің бірінде түске дейін сайлаушылардың 25-30 пайызы дауыс беруге келді. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Сайлаушылардың арасында жас студенттердің кезекте тұрғанын байқадық. Бұл – азаматтық қоғамдағы демократияның көрініс таба бастағанының дәлелі», деді М.Левистон.
Бұл күні қоғамның сан саласында еңбек етіп жүрген танымал тұлғалар мен зиялы қауым өкілдері сайлау учаскелеріне келіп азаматтық үнін жеткізді. №28 мектеп-лицейінде орналасқан сайлау учаскесіне отбасымен келіп таңдау жасаған қала әкімі Ерболат Досаев болашағымызды айқындайтын сәтте елім деген әрбір азамат саяси науқаннан тыс қалмауы қажет десе, алматылық зиялы қауым барша қала жұртшылығын тарихи оқиғада белсенді болуға шақырды.
АЛМАТЫ