АСТАНА. 30 мамыр. Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Рахым Ошақбаев Еуразиялық экономикалық комиссияның басшылық қызметтері үш елдің азаматтарына тең бөлініп берілетінін жеткізді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Рахым Ошақбаев: «Қазіргі таңда Еуразиялық комиссияда 20-дан астам департамент бар. Комиссияның тұрақты мекен-жайы Мәскеуде болғандықтан, департамент директоры лауазымында ресейлік азаматтар басым болып тұр. Қазір бұл теңсіздікті жою үшін шарт мәтінінде департамент директоры және олардың орынбасарлары деңгейінде тең дәрежеде ұсынылатындығы жазылған. Яғни, егер департамент директоры Қазақстан азаматы болса, онда оның орынбасарларының бірі Ресей, келесісі Беларусь азаматы болуы тиіс. Бұл қаржыландыруды кеңейтуді талап етеді», – деді.
Жолдыбай Базар.
Дереккөз: egemen.kz
Фото: strategy2050.kz.