Бүгінде ретроға айналып кеткен «Алтайдың ар жағынан келген ару» әнімен қазақ сахарасын тербеткен Тынышбай Рахимовтің «Жаңатас көктемі», «Алтайдан сәлем», «Мөлдірім» секілді сөзі мен сазы үйлескен шығармалары да жұрттың жүрегінде сақталған.
Тараз қалалық «Анаға тағзым» орталығының ұйытқы болуымен «Алтайдың ар жағынан келген ару» тақырыбында әдеби-сазды кеш өтті. Іс-шараға Тынышбай Рахимовтің ұлы Таңат, қарындастары Айткүл мен Аманкүл қатысып, ақын, композитордың шығармашылығы, кісілік келбеті туралы ойларын ортаға салды.
«Әкемнің нотаға түскен 81 әні бар екен. Жұрттың жүрегіне жылы тиген «Алтайдың ар жағынан келген ару» әні әлі күнге әр жерлерде орындалып жатады. Менің әкем – халықтың адамы. Қай кезде де елдің ортасында жүрді. Сегіз баланың әкесі ретінде біздің бойымызға тек жақсы қасиеттерді дарытты», деді Таңат Рахимов әкесі туралы толғана сөйлеп.
Сыршыл сазгер, ақын Тынышбай Рахимовті еске алуға арналған әдеби кеште жергілікті ақындар мен журналистер де өз ойларын ортаға салып, композитордың мұрасы қазақ халқымен бірге жасай беретіндігін тілге тиек етті. Әдемі әндермен әдіптеліп, қазақтың қара өлеңі оқылған іс-шараға қатысушылар Тынышбай Рахимовтің адами қасиетін жан-жақты ашуға тырысты.
ТАРАЗ