• RUB:
    5
  • USD:
    497.89
  • EUR:
    525.12
Басты сайтқа өту
Медицина 22 Қараша, 2022

Ата-ана қуанышына себепші бағдарлама

327 рет
көрсетілді

Кейінгі жылдары ажырасқан ерлі-зайыптылардың көбейгені туралы екінің бірінен еститін болдық. Мұның салдары екі тараптың ымыраға келе алмауынан деп шорт кесіп байлам жасаудан аулақпыз. Себебі перзент сүйе алмаған соң, амалдың жоқтығынан екеуара кеңесіп, ажырасуды жөн көрген жас отбасылар кездеседі. Мысалы, қазірдің өзінде Астанада балалы болуды аңсап жүрген 1 238 жұп есепте тұр.

ЭКҰ-ға 514 квота бөлінген

Медицина саласы дамыған елдер қолдан ұрықтандырудың әді­сін ертеректе зерттеп, қолданысқа енгізді. Балалы болудың осындай жолы бізге жеткенде үрке қараған ағайын аз болмады. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырып отыр­­ған жандар бедеуліктің азабын қайдан түсінсін? Екі жас­тың ертеңге сенімін оятып, жігер­лендіретін де көз қуанышы баласы екені белгілі ғой. Сондықтан ба­лалы болудың осы әдісін қоғам дұрыс қабылдай бастады. Соны­мен, елімізде экстракорпорал­дық ұрықтандыру бағ­­­дарламасы алғаш 2010 жы­лы енгізілгенімен, емханаға қа­йы­рылып, кезегін жылдап кү­ту­ге мәжбүр болған отбасы­лар да кө­бейген еді. Өйт­кені экстра­кор­поралдық ұрықтан­дырудың құны екінің біріне қолжетімді емес. Бұған дейін ЭКҰ тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде жүргізілді. Алайда мұндай ем-шараларға қаржы аз қаралды. Нақтырақ айтсақ, жылына шамамен 900-1000 ерлі-зайыптыға квота бөлінетін. Бұл ем-шара бүгінде МӘМС жүйесіндегі медициналық қызметтер тізіміне енді, сондықтан сақтандырылған пациенттердің тегін көмек алуына мүмкіндігі бар.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен былтыр «Аңсаған сәби» бағдарла­масы басталып, биыл да үйлесімді жалғасты. Бағдарламаның мақ­саты – қосалқы репродуктивті тех­нологиялардың көмегімен отба­­сы­лық-демографиялық проб­ле­ма­­ларды шешуге жәрдемде­су. «Әлеу­меттік медициналық сақ­­тандыру қоры» КеАҚ елорда филиалының ұсынған мәлі­ме­тіне сүйенсек, былтыр Меди­цина­лық сақтандыру қоры экстра­кор­поралдық ұрықтан­дырудың 7 мың циклін қаржыландыру­ды жос­парлаған. Жасанды ұрық­тан­дыруға бөлінетін квота 2020 жылмен (1 105 ЭКҰ қызметі көрсе­тіл­ген) салыс­тырғанда 7 есеге өскен. Сәй­ке­сінше биыл Астана қаласы бо­­йынша ЭКҰ-ға 514 квота бөлініп отыр.

№2 қалалық көпбейінді аурухана директорының амбулаториялық қызмет жөніндегі орынбасары әрі Астана қаласы бойынша ЭКҰ және отбасын жоспарлау жөніндегі үйлестіруші Сәуле Ибраева перзент сүюді күткен отбасыларға емханалар барынша қолдау көрсетіп жатқанын айтады.

– Елордада 1 238 ерлі-зайыпты бедеулікпен есепте тұр. №2 қалалық көпбейінді аурухананың әйелдер денсаулығы бөлімшесі Астана қаласы бойынша ЭКҰ-ға дайындық – қосалқы репродуктивті технологиялар арқылы көмек көрсету бойынша ұйымдастыру-әдістеме және үйлестіру орталығы болып саналады. Биыл елордаға 514 квота бөлінді. Қоғамдық денсаулық сақ­тау басқармасының жұмыс комиссиясы есепте тұрғандарға бөлінген квоталарды 100% бөліп таратты. 2021 жылдан бастап елорданың МСАК ұйымдары бұрын емделмеген және жеке медициналық орта­лықтарға қаралған бедеулігі бар пациенттерді анықтап, есепке алуда. «Аңсаған сәби» бағдарламасы арқылы көптеген ерлі-зайыпты үшін МӘМС шеңберінде ЭКҰ рәсімі қолжетімді болды. Квотаны күту мерзімі айтар­лықтай қысқарды және бедеуліктің түрлерін анықтайтын көрсеткіштер аясы кеңейді, – дейді Сәуле Жамантайқызы.

Биыл елордада жыл басынан бері 24 мыңнан аса сәби дүниеге келіпті. Оның ішінде 4 үшем бар. Ал былтыр «Аңсаған сәби» бағдарламасы бойынша Астана қаласына 487 квота бөлініп, 182 ана бала көтерген. Денсаулық сақтау министрлігінің тамыз айындағы тапсырмасы бо­йынша №2 көпбейінді аурухана ба­засында ұрықты қорғау орталы­ғы ашылған. Осы аурухана база­сында неонатальды хирургия бар. Онда биыл жыл басынан бері 137 операция жасалған. Соның ішінде шала туған нәрестеге бауыр гамортомасы диагнозы бо­йынша жасалған ерекше операция сәтті өткен. Бауырдың сол жақ бөлігінің резекциясына операция жасау барысында ісік салмағы 900 грамм, ал баланың салмағы 2 500 грамм болыпты. Бала 43 күннен соң жағдайы қанағаттанарлық деңгей­де үйге шығарылған. Сондай-ақ салмағы 720 грамм шала туған ба­лаға да операция жасалса, қазір нә­ресте үй жағдайында бақылауда. Ел бойынша тек елордада ғана жүкті әйелдердің денсаулығын ұдайы бақылау мақсатында кон­сультативті-диагностикалық бө­лім­шелер ашылған. Астана қа­ла­сында жергілікті бюджет есе­бінен 5 неонатолог, 6 акушер-гинеколог жергілікті бюджет есе­бінен шетелде оқыса, енді тағы 12 акушер-гинекологтің білік­тілігін арттыру жоспарда бар. Астана қаласы қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы­ның ақпаратына сүйенсек, №1 көпса­лалы қалалық ауруханаға 250 орын­дық перинаталдық ғимарат салу жоспарланды. Мемлекет бас­шысының тапсырмасымен орта­лық жол ауруханасының орнына перинаталдық орталықтың құры­лысын жобалап, қаржыландыру жоспарланған.

Жолдама алудың талаптары жеңіл

Орайы келгенде дәрігерлерден ЭКҰ-ға кімдердің жедел квота алу­ға мүмкіндігі бар деген са­уал­­дың жауабын анықтауға тырыс­тық. Негізі ЭКҰ ем-шарасын тера­пиялық жолмен емделмейтін нау­қастар пайдаланады екен. ЭКҰ-ға ерлі-зайыптылармен қатар, ресми некеде тұрмайтын отбасылар өтініш бере алады. Әрине, ресми некеде болмаған соң, сырқаттанғандардың өзара жазбаша келісімі қажет. Сондай-ақ ЭКҰ ем-шараларын Денсаулық сақтау министрлігі белгілеген репродуктивті жас (18-ден 49 жас­қа дейін), қалыпты соматикалық күй, қалыпты эндокриндік күй, қана­ғаттанарлық овариалдық резерв сынды медициналық параметр бойынша Қазақстан азаматтары пайдалана алады. Балалы болуды аңсап жүргендердің ішінде экстракорпоралдық ұрықтандыруға жолдама берілмейтін жағдайлар кездеседі. Мұндай факторларды дәрігер науқастың медицина­лық сараптамасынан анықтайды. Қарап отырсақ, ЭКҰ-ға талап етіл­ген құжаттардың тізімі көп емес. Әрі емханаға қайырылған күннен бастап барлық процедура тегін. Дәрігерлердің айтқанын екінші баласын күтіп жүргеніне 14 жылдан асқан ана да қуаттады.

– «Аңсаған сәби» бағдарлама­сы туралы жергілікті емханадан естідік. Өзім қаралып жүрген емхана жолдама берген соң №2 қалалық көпбейінді ауруханада ұдайы тексеруден өтіп жүрміз. Бұған дейін Жаратқанның қалауымен бір баламыз дүниеге келді. Қазір ол 16 жаста. Ұзақ жылдан бері гинеколог дәрігердің есебінде тұрдық. Күйеуім екеуміз жіті тексеруден өтіп, квотаға кезекке тұрдық. Екінші баланы күтіп жүргенімізге де 14 жылдан асып барады. Жасы­мыз болса 35-ке таяды. Квотаны 7-8 ай күттік. Былтыр сәуір айынан ЭКҰ-ға анализдер тапсырып, тексеріс­тен өтіп, балалы болмауымыздың себебін білдік. Аналарға бақыт сыйлаған бағдарламаны қолға алған Денсаулық сақтау министрлігіне, дәрігерлерге алғыс айтамын. Бір білгеніміз, ЭКҰ-ға қолы жетпей жүрген отбасылар да аз емес екен. Баласын аңсап жүрген отбасылар сәбилі болсын деп тілейміз. Біз де көп ұзамай бала сүйетінімізге іштей сенеміз, – дейді ол.

ЭКҰ-ға жолдама алу үшін ерлі-зайыптылар алдымен өздері тіркелген емханаға жүгінуі қажет. Ұйым мамандары пациентті бедеу­лігі бар пациенттердің электрондық диспансерлік тізіміне енгізеді және тексеру-зерттеу тағайындайды. Бедеу диагнозын анықтау барысында ерлі-зайыптылар №2 қалалық көпсалалы аурухананың әйелдер денсаулығы бөліміне барады. Онда диагнозды толық және қосалқы тексеру, пациенттерді емге алдын ала дайындау сынды іс-ша­ралар жүргізіледі. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының жұмыс комиссиясы МӘМС аясында қол­дан ұрықтандыруды мақұлдаған жағ­дайда әйелді «Емдеуге жатқызу бюросы» порталына тіркейді және қосалқы репродуктивті техно­ло­гия (ҚРТ) қызметін көрсететін кли­­никада рәсімге дайындай бас­тайды. Науқас экстракорпорал­ды ұрықтандыруда клиниканы өзі таңдауға құқылы. Бастысы, балалы болуды аңсаған ерлі-зайыптылар үмітін үзбей бірін-бірі қолдауы маңызды. Мұны біз емес, №2 көп­бейінді аурухана дәрігерлерінің бақылауында тұрған 33 жастағы келіншек айтып отыр.

– Әне-міне дегенше 33 жасқа келіппіз. Санап отырсам, балалы болуды 8 жыл күтіппіз. Сол уақыт аралығында отағасы екеуміз дәр­герлерге қаралудан қол үзбедік. №9 қалалық емхана мен №2 қалалық көпбейінді аурухана дәрігерлерінің қолдауы бізді жігерлендірді. Бірінші рет жүктілікті жоспарлау орталығына былтыр желтоқсан айында қайы­рылдым. Яғни ЭКҰ-ға квота алу үшін бардым. Бірер айда комиссияға құжат дайындадық. Онда да дәрі­герлер біздің асты-үстімізге түсіп, көп жүгірді. Комиссия квота алуға рұқ­сат берген соң, көп ұзамай бірін­ші мүмкіндіктен құрсаққа бала бітіп, 3 аптада перзентіміздің жүрегі соғып тұрғанын білдік. Қазір №2 көпбейінді ауруханада дәрігерлердің бақылауындамын. Жүктіліктің алғашқы айларында біраз қиындық болып, дәрігерлер­дің көмегімен қазір жағдайымыз оңалып қалды. Мұны медициналық тексерістерден кейін біліп отырмыз. Барлық ем-шараның ақысы мемлекеттен төленуде. Бұйырса, қаңтар айының басында тұңғышымызды күтіп отырмыз, – деген жас ана қуанышын жасыра алмады.

Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қорының шарапатымен Астанада ЭКҰ-ға 514 квота бө­лінген дедік. Сәйкесінше, қазір қалаға бөлінген квоталар кімдерге берілетіні нақтыланған. Бірақ бұл тізімдегі 514 ерлі-зайыпты биылдан қалмай балалы болады деген сөз емес. Себебі ең әуелі ана мен бала денсаулығын басты назарда ұстайтын дәрігерлер пациенттерді жіті тексеруден өткізіп, ЭКҰ-ға да­йын болғанын күтеді.