Сайлауға дейін көптеген сарапшының маңызды науқанды қазақстандықтардың Қасым-Жомарт Тоқаевқа деген сенімі қаншалықты екенін айқындайтын іс-шара ретінде қарастырғаны рас. Әлемде қалыптасқан геосаяси жағдайды және ел ішіндегі ахуалды сараласақ, өзге кандидаттар оған лайықты қарсылас атанды деу қиын еді. Үміткерлердің сайлауалды бағдарламасында назар аудартар құнды ақпарат болмады. Олардың бағдарламалары терең сараптама жасауға келмейтін әлсіз болды десек, артық айтқанымыз емес.
Өз кезегінде Қасым-Жомарт Тоқаев сайлауға дейін әр әлеуметтік топпен кездесіп, олардың проблемаларын шешуге тырысты. Әу баста оның жұмыс бағыты орта және әлеуметтік әлсіз топтарды қолдауға бағытталғанын атап өткен жөн. Әсіресе ана мен баланы қолдау, тұрғындардың өмір сапасын арттыру сияқты маңызды әлеуметтік мәселелерге мән береді.
Бұл қадамдар электорат тарапынан жоғары бағаланды. Әлі де болсын атқарылар шаруа аз емес. Мәселен, қазақстандық саяси мәдениетті дамыту мәселесі алдан шығады. Бұл – жалғыз ел басқаратын азаматтардың ғана проблемасы емес, азаматтық қоғамның да «дерті». Астана мен Алматы қаласындағы абсентеизмнің деңгейі жоғары болуы ондағы тұрғындардың саны көп болуымен байланысты шығар. Алматы қаласында әдеттегідей дауыс берушілердің үлесі аз болды. Әйтпесе, бұл шаһардың әлеуметтік-экономикалық дамуы табысты жалғасып, тұрғындары да елдің саяси өміріне бейжай қарамайтындай жөні бар еді. Астана қаласында да электораттың жартысы ғана дауыс беруге келген. Бұл – тұрғындардың қалған бөлігі өздерінің тұрмыс жағдайының төмендігін елдің саясатымен байланыстыратынын айқындағандай.
Жалпы, сарапшылардың көбі бұл сайлауда тартыс болмады деп сын айтқанын естіп жүрміз. Десе де әлемдегі геосаяси жағдайға қарап бұлай орын алуы да заңдылық шығар деген ой келеді.
Ассоль МИРМАНОВА,
Еуропалық және халықаралық саяси кеңесшілер қауымдастығының мүшесі