• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 22 Қараша, 2022

Термешілер тереңнен толғады

396 рет
көрсетілді

Түркістан қаласындағы «Фараб» әмбебап ғылыми кітапханасының концерт залында облыстық «Бабадан қалған асыл сөз» жас термешілер байқауы өтті. Облыстық Мәдениет басқармасы мен облыстық Мәдениет және халық шығармашылығы орталығы биылғы «Балалар жылына» орай жыл басынан бері «Бал таңдай» облыстық балалар өнер фестивалін ұйымдастырып келеді.

Жыр додасын облыстық Мә­дениет және халық шығарма­шы­лығы орталығының директоры Мейіржан Алиакбаров ашып, іс-шараның маңыздылығына тоқ­­тады. Осындай сайыстарды ұйымдастыру арқылы жас талант иелері анықталатынын жеткізіп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Қазақ өнерінің жетістіктерін на­сихаттап, оның өркендеуіне ықпал жасау, балалар арасындағы терме өнерін дамыту, жас дарынды термешілерді анықтап, оларға қолдау көрсету, сонымен қатар, оңтүстік өңірде қа­лыптасқан өзіндік дәстүрлі өнер мектебін көпшілікке насихаттау мақсатындағы «Бабадан қал­ған асыл сөз» облыстық жас термешілер байқауына 8-16 жас аралығындағы 14 үміт­кер қатысып, өнер көрсетті. Қа­ты­сушылар ереже бойынша екі шығарма, яғни оңтүстіктің мақамынан бір терме және еркін тақырыпта бір терме орындады.

Қазылар алқасының шеші­мімен бас жүлде Түркістан қа­ласының өнерпазы Бердалы Орынбасарға бұйырды. Ал Отырар ауданынан Жолдыбай Ерзат І орын иегері, Сайрам ауданынан Нышанбай Сұлтанмұхамед пен Төлеби ауданынан Мұрат Нұрғиса ІІ орын иегері, Арыс қаласынан Абдрахман Арман мен Түркістан қаласынан Инабат Оспан ІІІ орын иегері атанса, облыстық мәдениет және халық шығармашылығы орталығының арнайы жүлдесі Түркістан қа­ласынан Әсел Арабдинге, Майлықожа Сұлтанқожа атын­дағы арнайы жүлде түркістандық Асылзат Мералыға бұйырды. Жеңімпаздарға арнайы статуэтка мен диплом және қаржылай сыйлық табыс етілді.

 

ТҮРКІСТАН