• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қазақстан 22 Қараша, 2022

Ресейдегі Қазақстан елшілігінде президент сайлауы талқыланды

204 рет
көрсетілді

Бүгін Мәскеудегі Қазақстан елшілігінде Қазақстан Президенті сайлауының қорытындысы бойынша белгілі ресейлік сарапшылардың қатысуымен дөңгелек үстел өтті, деп хабарлайды Egemen.kz.

Отырысты ашқан Қазақстанның Ресейдегі елшісі Ермек Көшербаев қатысушыларды Орталық сайлау комиссиясы жариялаған дауыс берудің алдын ала қорытындыларымен таныстырды. Мәліметтерге сәйкес, сайлаушылардың 69,44 пайызы қатысқан. Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 81,31% дауыспен жеңіске жетті. 

Ресейдің көрнекті дипломаты, РФ СІМ Дипломатиялық академиясының экс-ректоры Евгений Бажанов сайлау тамаша және үздік әлемдік стандарттарға сай өтті деп есептейді. Бажанов қазақ халқын тамаша таңдауымен құттықтады.

«Қасым-Жомарт Кемелұлы – көрнекті мемлекет қайраткері, орасан өмірлік және табысты басқару тәжірибесі бар тұлға», деп атап өтті дипломат.

Ресейлік жазушы, «Белгісіз Қазақстан» кітабының авторы Юрий Сиговтың айтуынша, Тоқаевтың алдағы президенттік мерзімінің басты назары ішкі саясатқа аударылады. Өйткені оған халықтың өмір сүру деңгейін көтеру мәселелерін шешу қажет болады. Осыған байланысты жазушы Мексика президенті Обрадордың «Ең жақсы сыртқы саясат – ішкі саясат» деген сөзін келтірді. Юрий Сигов Қазақстандағы біртұтас президенттік мерзім идеясын да дұрыс деп атап, Мексика тәжірибесіне тоқталды. 

РФ президенті жанындағы Ресей халық шаруашылығы және мемлекеттік басқару академиясы Корпоративтік басқару жоғары мектебінің деканы Сергей Календжян ғылым және білім саласындағы ынтымақтастықтың нығая түсетінінен үмітті.

«Биыл ақпан айында ғана Қазақстанда Ресей жоғары оқу орындарының филиалдарын құру туралы келісімге қол қойылды. Ал қыркүйекте Алматыда Мәскеу инженерлік физика институтының филиалы және Атырауда И.Губкин атындағы Ресей мемлекеттік мұнай және газ университетінің филиалы ашылды», деп еске салды ғалым.

Экономикалық аспектіге «Экономика жоғары мектебі» Ұлттық зерттеу университетінің Мемлекеттік және муниципалдық басқару институты Экономикалық сараптама орталығының директоры, Энергетика және қаржы институтының президенті Марсель Салихов тоқталды. Оның пікірінше, Ресей экономикасындағы қазіргі күрделі жағдай Қазақстан үшін үлкен мүмкіндік.

«Ресейден кеткен батыс компаниялары бұрынғысынша оның нарығына баса назар аударатын болады. Ал Қазақстан мұнда тамаша транзиттік алаң ретінде әрекет ете алады. Өз кезегінде жақсы жағдай жасау арқылы Ресей азаматтарының едәуір бөлігін Қазақстанға көшіру, адам капиталын тартуға мүмкіндік береді», дейді сарапшы.

Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген мәдениет қайраткері Татьяна Полтавская-Габелко 2015 және 2019 жылдары Қазақстандағы президенттік сайлауда бақылаушы болғанын еске алды. Оның пікірінше, қазір Қасым-Жомарт Тоқаев дүбірлі дүниеде маңызды міндеттерді шешуі керек.

«Көп жылдардан бері Қазақстанда тұрмасам да, туған жерімде болып жатқан оқиғалар мені бей-жай қалдырмайды. Мен Қазақстанның гүлденуін тілеймін», деді ол.

Дөңгелек үстелді қорытындылай келе, қатысушылар халық сенімінің жаңа мандаты Қасым-Жомарт Тоқаевқа ауқымды саяси және әлеуметтік-экономикалық қайта құруларды жалғастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.