• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Театр 22 Қараша, 2022

Жаңа театр жан жадыратады

353 рет
көрсетілді

Өткен аптаның аяғында Петропавл қаласында Сәбит Мұқанов атындағы қазақ музыкалық-драма театрының көптен күткен жаңа ғимараты ашылып, облыс тұрғындары үлкен қуанышқа бөленді.

Театрдың ашылу салтанатына Астанадан Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Қазақ ұлттық өнер уни­верситетінің ректоры, Қа­зақстанның Еңбек Ері Ай­ман Мұсақожаева, генерал-лейтенант Абай Тасболатов, Дүние­жүзілік Канн кино фес­тивалінің лауреаты Самал Ес­ләмова, Мәжіліс депутаты Жа­нарбек Әшімжан арнайы келді.

Салтанатты кешті ашқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов тұрғындарды жарқыраған сәу­летімен облыс орталығын биік белеске көтерген өнер оша­­ғының ашылуымен құт­тықтап, алғашқы сөзді Дәурен Абаевқа берді. Ол өзінің сөзін Президент Қ.Тоқаевтың солтүстікқазақстандықтарды осынау тамаша өнер ғима­ра­тының ашылуымен құттық­таған хатын оқып беруден бас­тады. Өзінің сөзінде Қызыл­жар өңірі сал-серілердің киелі бесігі екенін айта келіп, Сегіз Сері, Біржан сал, Ақан сері, Мағжан, Сәбит, Ғабит, Сафуан сияқты өнер мен әдебиет саңлақтары шыққан өлкенің мәдениеті жаңа биіктерге көтерілуін тіледі. Астаналық қонақтардың бәрі де өздерінің сөзінде жаңа театрдың өлке мәдениетін көтеруге үлкен қызмет ететініне сенім білдірді.

Бес жүз көрерменге арнал­ған театр ғимаратының құ­рылысы 2018 жылы басталып, бір жылда аяқталуға тиіс еді. Бірақ жобаға біршама өзге­рістер енгізіліп, оның құры­лысы кешеуілдеп кетті. Құры­лысты жетілдіріп, сәулетін арт­тыруды тікелей облыс әкімі Құмар Ақсақалов талап еткені туралы «Egemen» бұрын жазған болатын. Тапсырыс беруші облыстық әкімдік бол­ғандықтан театрдың сәулеті осы за­манғы жоғары талапқа сай болуы талап етілген еді. Сон­дықтан жобаға көп өзгеріс осы тұр­ғыда енгізілген. Оның үс­тіне жаман індеттің өршіп тұр­ған кездерінде тиісті құ­ры­лыс материалдары мен теат­р жабдықтары уақытында жеткізілмеді. Құрылыс жұмыс­тары осы себептермен ұзап кеткен.

Негізгі мердігер компания ІІМ ҚАЖ комитеті Тү­зету мекемелеріне жататын «Еңбек-Өскемен» кәсіпорны болды. Құрылыстың жалпы құны 4,8 млрд теңге шамасын­­да, осының ішінде құрал-жабдықтар мен басқа да шы­ғындар бар.

Жарқыраған театрдың жалпы ауданы 15,5 мың шаршы метр. Қаламызда бұ­рын-соңды мұндай сәулетті ғима­рат салынған емес. «Бұл Қазақ­стандағы ең озық архи­тектуралық жобамен салынған музыкалық-драмалық театр. Қызылжарлықтар үшін бұл дүбірлі де күмбірлі оқиға. Бұл өңір руханиятының жедел дамуына әсер етері сөзсіз», деді жерлесіміз, белгілі композитор Жоламан Тұрсынбаев.

Театрдың ашылу салтанаты Сәбит Мұқановтың «Ақ­қан жұлдыз» романының желісімен жазылған «Шоқан» спек­­таклімен жалғасты.