Жаугершілік заманда ата-бабамыздың мінер аты белдеуде, бес қаруы кереге басында сақталып, әр ауылдың ұландары кез келген жағдайға дайын болуға машықтанғаны аян. Осы бес қарудың бірі – ұлттық садақ ату өнері заманға сай қайта жаңғырып жатқаны көңіл қуантады. Көшпелілерге тән садақ ату әдісін Кереку жұртына насихаттап жүрген «Тұран» орталығы бүгінде кәсіби өркендеуге бет бұрып отыр.
Атадан қалған аманат – дәстүрлі садақ атуды жолға қойған өңірлердің қатарына енді Павлодар облысы да біртіндеп қосыла бастады. Бұған дейін асық ату, тоғызқұмалақ, ат спорттарынан талай додада өңіріміздің аты озса, алдағы уақытта ұлттық садақ атудан да мергендер көші қалыптасып қалуы бек мүмкін.
Павлодардағы «Тұран» садақ ату орталығын бір жыл бұрын Аман Егінбай есімді баянауылдық азамат құрды. Әрдайым ізденіс үстінде жүретін жігерлі азамат бұл жауынгерлік өнерді ұлттық кинофильмдерден тамашалап, кейін осы ұлттық спортты дамытуға ден қояды. Әуелі Астана қаласына барып, Дәстүрлі садақ ату федерациясының президенті Диас Ахметовпен және осы спорттың айналасында жүрген өзге де жанашыр азаматтармен танысады. Жерлесіміздің құндылығымызға деген ұмтылысын көрген федерация мүшелері аз уақыт ішінде дәстүрлі садақ атудың қыр-сырын үйретеді. Ал биылғы жыл басында бұл мергендік өнер ұлттық ойындар қатарына ресми түрде қабылданғаны Аманды мүлде ынталандырып жібергендей. Жақында Маңғыстауда осы ұлттық ойын түрінен өткен чемпионатқа қатыса алмаса да, аталған біріншілік бұл спорт түрін дамытуға үлкен қадам болды деп есептейді ол.
– Жалпы, спорттық садақ ату мен дәстүрлі садақ ату спортының айырмашылығы көп. Олимпиадалық спорт түрінде нысананы оптика арқылы көздеп, арақашықтық пен жылдамдықты сол арқылы шамалап атады. Ал дәстүрлі садақ атуда кез келген нысанаға ішкі түйсік пен қол мергендігінің үйлесімі аса қажет. Ойыншының өзіне психологиялық тұрғыдан сенімді болуы, садақ-жебесін кеземес бұрын нысананы ойша атып түсіруі маңызды. Осылайша, әуелі бағытты ойша түзеп аласың да, кірісін (ату жібі) шірей тұрып босатасың. Көбіне қауырсынды ағаш жебе пайдаланылады. Қазіргі ережедегі қашықтықтар – 50, 70 метрден дөп тигізетін қазақтың мерген жігіттері аз емес. Жуықта Түркияда өткен Дүниежүзілік көшпелілер ойынында Қасымхан Қанат есімді отандасымыз дәстүрлі садақ ату жарысында күміс жүлдегер атанғаны мәлім. Бұл спорт түрі Түркияда жақсы дамығаны байқалады. 180-нен астам бірлестік құрылған. Олар садақты «яй» дейді. Біздіңше, «жай» ғой. Тілімізде «жай оғындай» деген сөз тіркесі бар. Садақты ертеде халқымыз жай деп те атағаны мәлім, – дейді Аман.
Дәстүрлі садақ атудың бұғанасы беки бастаған жас ұрпаққа пайдасы ұшан-теңіз. Садақты ұстап, нысананы көздей бастағанда бұл іске адам ағзасындағы өте сирек қозғалатын бұлшық еттер де жұмылатын көрінеді. Әрі бала бойында бағыт түзеу, мақсатқа жетудегі табандылық қасиеттерін түзеді. Бұдан бөлек, дәстүрлі садақ ату, медицина тілімен айтқанда, кәдімгі «антистресс». Күйзелісте жүрген, уайымы көп адам ату алаңына барып, қолына садақ алса жігерленіп, жеңілденіп сала береді, дейді ұлттық спорттың маңында жүрген мамандар. Ертедегі патшалар өз қыздарын елден асып туған мергендерге ұзатуы да көп дүниені аңғартса керек. Себебі садақ мергендері өз мақсатына жетпей қоймайтын жауынгер рухты болып келеді.
Аман Егінбайдың айтуынша, көшпелілер әлемінде садақтың «қазақ садағы», «осман садағы», «моңғол садағы» деген түрлері бар. Соның ішінде «қазақ садағы» көлемі жағынан шағын және кез келген жерде атуға ыңғайлы. Қазақ – ат үстінде жортып жүрген жауынгер халық. Шауып келе жатқан аттың үстінен нысанаға дөп тигізу үшін садақтың шағын түрде жасалғаны ұтымды болатыны түсінікті. Ал моңғол, осман және Еуропа жұртына тән садақтар көлемді болғандықтан, ат үстінде қолдануға өте ыңғайсыз. Жебе жағынан да айырмашылықтар көп. Ертеде қазақ мергендері арқан қиятын, жаудың зәресін ұшыруға арналған ысқырғыш, от тұтатқыш жебелерді де жиі қолданған. Қазақ сарбаздары көбіне сабы ағаштан жасалатын, ал ұшы сүйек немесе металдан дайындалған айыр ұшты жебелермен соғысқан.
– Дәстүрлі садақ атудағы ең күрделісі – жамбы ату. Шағын, табақ көлеміндей ғана дөңгелек нысананы атып түсіру тек мергендердің мергенінің ғана қолынан келеді. Ат үстінде шауып келе жатып нысана көздегендегі тағы бір ерекшелік, көшпелілерге тән ату үлгісі де үлкен рөл ойнайды. Мысал үшін, Еуропа халқы садақ атқанда жебені сұқ саусағы мен ортаңғы саусақ ортасына ұстайды. Ол – көзмергендерге тән үрдіс. Біздің түркі жұрты, соның ішінде қазақ халқы жебенің қауырсынын бас бармақ пен сұқ саусақ арқылы қысып тұрып жібереді. Соңғы әдіс кез келген жағдайда ата беруге мүмкіндік тудыратынын байқап жүрміз. Сондықтан көшпелілер әдісі өте ыңғайлы екенін айтқым келеді. Бір кітаптан оқығаным бар еді: Көтеріңкі көңіл күйді немесе жағымды жаңалықты білдіруге арналған бас бармағын шошайтып көрсету ым-ишарасы көп елде қалыптасқан екен. Осы бас бармақты көкке көтеріп көрсету түркі жауынгерлерінен қалған үрдіс деседі. Тұтқынға түскен түркі мергендерін дұшпандары ендігәрі жебе ұстай алмасын деп бас бармағын шауып тастап отырған. Бас бармақтан айырылған жауынгерге одан асқан бақытсыздық жоқ болған. Сонда тұтқыннан аман-есен оралған сарбаздарымыз алыстан хал сұрасқанда бас бармағын шошайтып, «бәрі жақсы» деп белгі берген, – дейді ұлттық спорт жанашыры.
«Тұран» садақ ату орталығы бүгінде Павлодар қаласындағы қымызхана жанынан орын тепкен. Ашық ауада орналасқандықтан, өз жұмысын күн жылы мезгілде ғана ұсына алады. Биыл жаз бойы көптеген оқушы бұл жерде садақ ұстап, мергендіктерін шыңдады. Кейде қайырымдылық жарыстары ұйымдастырылып, балалар садақ атуды тегін түрде меңгерді. Аман Егінбайдың айтуынша, мұнда кез келген еңбек ұжымдары, жеке азаматтар келіп, жаттығуына мүмкіндік бар. Облыс орталығында өтетін түрлі мерекелер мен шараларда садақ ату алаңы жұмыс істеп, көпшілік өз қызығушылығын білдіріп жатады. Әзірше садақ ату орталығының ісі әуесқой бағытта ғана өрбуде. Жігерлі азамат алдағы уақытта өңірден дәстүрлі садақ ату федерациясының филиалын ашуды армандап жүр. Тек бұл тұрғыда республикалық федерация мен облыстық спорт және дене шынықтыру басқармасының қолдауы ауадай қажет.
Аманнан бұл кәсібінен қанша пайда табасың деп сұрадық. Ақкөңіл азамат жымиған қалыппен ешбір табыстың жоқ екенін жеткізді. Анда-санда ұйымдастырылып тұратын мерекелердегі спорттық іс-шаралар мен жарыстардан түскен аз-маз қаражатқа нысана материалдары мен жебе сатып аламын дейді. Бір жарыстың өзінде кемі 2-3 жебе сынып, бірнеше нысана пайдаланылады. Ал бір ғана жебенің құны 2 мың теңге екенін ескерсек, кәсіп иесінің бұл ойыннан олжа тауып отырмағанын аңғарасыз.
Сөз соңында Аман Егінбай ұлттық жауынгерлік өнеріміздің дамуы үшін садақ атуды гольф тәрізді дәулетті адамдардың сүйікті ойынына айналдыру қажет деп санайтынын жеткізді. Себебі енді ғана өріс ала бастаған мергендік өнерді өркендетуге қаражат құю қажет. Мемлекет тарапынан да зор қамқорлыққа сұранып тұр. Соңғы уақыттары Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин демалыс күндері елордадағы дәстүрлі садақ ату орталығына барып, нысана көздеп жүрген көрінеді. Бұл жағымды үрдіс өзге де ел ағалары мен атқамінерлерге жұғысты болса екен деген тілегіміз бар.
ПАВЛОДАР