• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Аймақтар 24 Қараша, 2022

Жобаны жандандыратын келіссөз

287 рет
көрсетілді

Жетісуда «Hubei Kelison» индустриалды паркі құрылысы­ның жобасы тоқтап тұр. 2020 жылы басталған «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» деп аталатын өндірістер ­мен логистикалық қызметті ұйымдастыру жоспарының әзірге 10 пайызы ғана орындалған.

«Қазақстан-Қытай халық­аралық өнеркәсіп қаласы» жо­басы екі ел арасындағы ин­дустриялық-инновациялық ын­ты­мақтастық жобаларының тізіміне енгізілген. Оның үстіне «Жібек жолы» экономикалық белдеуінің құрылысын жүзеге асырудағы маңызы елеулі. Ин­вестордың жеке қаражаты есе­бінен 65,5 млн теңгеге жол және инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу жоспар­ланған. Инвестицияның күтілетін жалпы көлемі – 330 млрд теңге.

Осы ретте «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономика­лық аймағында қолға алынған «Қазақстан-Қытай халықаралық өнеркәсіп қаласы» технопаркі құрылысының жобасын бас­та­ған инвесторлармен облыс әкімі Бейбіт Исабаев онлайн-режімде кездесу өткізді. Іскерлік жиын барысында тараптар індет кезінде тоқтап қалған жобаның іске асырылу жұмыстарын қайта жандандыру мәселесін тал­қы­лады. Сонымен қатар жыл со­ңына дейін жобаға қатысты іс-шаралар мен олардың нақты мерзімі көрсетілген екіжақты меморандумға қол қоюға келісті.

Жетісу облысы әкімінің бас­па­сөз қызметінің мәліметінше, «Қорғас – Шығыс қақпасы» ар­найы экономикалық аймағы өңірді дамытудың стратегиялық маңызды нүктесі. Бұл – Қытаймен, Еуразиялық одақ елдерімен, Орталық Азия және Оңтүстік Кавказ елдерімен арадағы тауар легі тоғысында орналасқан ірі көлік-логистикалық хаб. Қазіргі қалыптасып отырған геосаяси жағдайлар мен логистикалық шектеулерді ескерсек, аталған хабқа сұраныс күннен-күнге артып келеді.

Бүгінде арнайы экономикалық аймақтың бірыңғай реестрінде жалпы құны 5 жүз млрд теңге болатын жобасы бар 34 қатысушы тіркелген. Соның ішінде 48,4 млрд теңгені құрайтын 11-і іске асқан.

«Біз екі жылға созылған коро­навирус індеті кезіндегі шек­теулердің жобаны іске асыруға кері әсерін тигізгенін жақсы түсінеміз. Қазір әлемде эпидемиялық жағдай тұ­рақты. Әзірге индустриалды парк салу жобасына қатысты негізгі жұмыстар небәрі 10 па­йыз шамасында ғана орындалды. Бұдан бөлек, жеке қаражат есебінен жол және инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу жоспарланған. Жұмыс­тың межеленген ауқымын және жобаны іске асыру мерзімі 2025 жылдың қазанына дейін деп белгіленгенін ескерсек, бү­гін­ге дейін өткізіп алған уақы­ты­мыздың орнын толтыру өте маңызды. Біздің алдын ала жа­сал­ған келісімдерімізге сәйкес жобаны қайта жандандыруға қатысты іс-шаралар мен олардың нақты мерзімі көрсетілген екі­жақты меморандумға осы жыл­дың соңына дейін қол қоюды ұсынамын, деді Б.Исабаев.

Өз кезегінде «Қазақстан-Қы­тай халықаралық өнеркәсіп қа­ла­сының» төрағасы И.Фацзюнь облыс басшысына кез­де­су­ді ұйымдастырғаны үшін алғы­сын білдіріп, жобаға қатысты жұ­мыс­тардың жалға­сып жатқа­нына сендірді. Атап айтқанда, техно­парктің бас жос­пары мен ішкі жобалары дайын. Со­ған сай Қытай компа­ния­ла­ры­ның өкілдерімен кездесулер өткізілді.

«Ең алдымен жобаға жан-жақты назар аударғандарыңызға алғыс айтамыз. Осыдан екі ай бұрын «Қорғас – Шығыс қақпасы» АЭА өкілдерімен осы жобаның бағыттарын бірлесіп талқыладық. Жобаны жандандыру үшін келесі айда сіздерге барып, ынтымақтастық туралы меморандум жасасуға дайынбыз. Біз өз тарапымыздан жұмыс барысында туындаған әкімшілік мәселелерді дер кезінде шешіп отыру үшін меморандумға сіз­дер­ден логистикалық орталықтың филиалын құру туралы тармақ қосуды ұсынамыз», деді ол.

Аталған ұсынысқа облыс әкімі оң баға берді. Филиал құрып, екі тараптан да жұмыс то­бын жасақтауды ұсынды. Бұл топ жоба шеңберінде күнделікті өзара байланысып отырмақ. Мұндай жұмыс жобаның іске асырылу қарқынына оң ықпал етері анық. Сол сияқты облыс әкімі Қытай делегациясының жұмыс сапарына дейін тағы бір мәрте онлайн форматта жиын өткізу қажеттігін айтты.

«Жобаны іске асыруды жылдамдату туралы ойымыз бір жерден шыққаны қуантады. Біздің облысқа жұмыс сапары барысында екіжақты меморандумға қол қоямыз. Сондай-ақ біз өз тарапымыздан «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономика­лық аймағында өндіріс саласы бо­йынша және біздің облыс пен Сямэнь қаласының арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ар­налған халықаралық форум­ды ұйымдастыруға қолдау көр­сетуге дайынбыз. Бүгінгі онлайн кездесуіміз мазмұнды бол­ды. Ынтымақтастығымыз нәти­желі болады деп сенемін», деді Б.Исабаев.

 

Жетісу облысы