Университеттің соңғы курсында оқып жүрген кезіміз. «Енді журналистика пәндерінен профессор Қырықбай ағай дәріс оқиды, сабақтан қалмауға тырыс. Ол кісінің талабы қатал», деп хабарласты бір күні тобымыздың жетекшісі. Облыстық басылымға жұмысқа қабылданып, айдарымыздан жел есіп жүрген студенттің біріміз ғой. Соны малданып сабақтан қашқақтап жүретініміз рас. Сондықтан бұл жаңалық маған ерекше көрінді. Ертеңгісін оқу орнына құстай ұшып жеттік.
Саналы ғұмырын қазақ тарихын зерттеуге, ұлттық журналистиканың дамуына арнаған тарих ғылымдарының докторы, елімізге белгілі публицист Қырықбай Аллаберген ағамен таныстығымыз 2006 жылдың қыркүйегінде осылай басталған еді. Нағыз ұстазға тән тұлғасы, сабырлы сөз саптасы біздің топтағы қыз-жігіттерге бірден ұнады. Ғылым докторы деген атағының өзінен ат үркетіндей, ол кісі аудиторияға кірсе қиқар студенттердің өзі тыныштала қалатын. Ұстазымыз өткен тарих, әсіресе, қазақ журналистикасының тарихы туралы әңгіме айтқанды ұнататын. Шешіліп бір сөйлеп кетсе, біз үшін мүлде таңсық, есімдері белгісіз тарихи тұлғалар жайында майын тамызып баяндайтын.
Ол кезде алғашқы қазақ басылымдарының толығырақ зерттеліп, кітап болып шығып жатқан уақыты. Қазақ публицистикасының қаймақтары Сәдуақас Шорманов, Қадыр Тайшықов туралы деректерді алғаш рет Қырықбай ағамыздың аузынан естідік. Бұған дейін өзі шығарған «Қазақ журналистикасының тарихы» оқулығында қамтылмай қалған тұлғаларды публицистикалық қырлары бойынша жіктеп, әр дәрісінде бізге таныстырып отырды. Осылайша, біз отандық журналистика тарихының, соның ішінде аймақ журналистикасының өткені туралы толығырақ мәлімет ала бастадық.
Бір ерекшелігі, Қырықбай ағамыз әр студенттің жүріс-тұрысын, жасаған қадамын қалт жібермей қадағалап отыратын. Бірде облыстық «Сарыарқа самалы» газетінде жазып жүрген мақалаларымды көзі шалып, мені кафедраға шақырды (Журналистика кафедрасының меңгерушісі еді). Асықпай отырып әңгімелесіп, кейбір сөз тіркестерін орынсыз пайдаланатынымды ескертті. Сол жолы жазу стиліндегі біраз ерекшеліктен хабардар болдым. Дипломдық жұмысты да Қырықбай ағайдың жетекшілігімен жазып шықтым. Ол кісі көшіргенді ұнатпайтын, кейбір жазып апарған дүниеңнің қай кітаптан алынғанын тап басып айтып беретін. Есесіне сол уақытта зерттеу жұмысының үздіксіз еңбектенуді талап ететінін түсіндім. Кейін оқуымды аяқтап, толықтай газет жұмысына араласып кеткенде де қамқорлығын аяған жоқ. Өңірдегі бұқаралық ақпарат құралдарына қатысты конференцияларға, оқырман кездесулеріне қатысып, ғалым ретінде өз білгенімен бөлісетін.
Қырықбай Мазанұлы жер жақұты Баянауылдың тумасы. Қазіргі Жүсіпбек Аймауытұлы атындағы ауылда дүниеге келген. Анасы қырық жасында босанғандықтан, есімін Қырықбай деп қойыпты. Шығармашылық жолы мектептің бастауыш сыныбында оқып жүргенде-ақ басталған. Оқудағы жақсы үлгерімі үшін Артекте болып, пионерлердің Бүкілодақтық үшінші слетіне қатысып, тұңғыш ғарышкер Юрий Гагаринмен кездескенін тағдырдың сыйы десек болар. Бұл жайында сол кезде аудандық газетте мақаласы да жарық көреді.
Ол еңбек жолын Баянауыл аудандық «Жеңіс» газетінде бастаған. Кейін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетіне оқуға түседі. Одан соң Қазақ телерадиокомпаниясының ғылыми-көпшілік редакциясында редактор, өзі оқыған оқу орнында оқытушы болып еңбек етеді. 1992 жылы Ш.Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының жанындағы ғылыми кеңесте «Отечественные записки» Ресейдің Қазақстандағы отарлау саясаты туралы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғап, тарих ғылымдарының кандидаты дәрежесіне ие болады. Араға бір жыл салып «Рауан» баспасынан «Отарлау саясатының ойрандары» атты алғашқы бес баспа табақ көлеміндегі монографиялық еңбегі жарық көреді. Одан соң «Алты алаштың ардақтылары» атты екінші бір көлемді монографиясы шықты.
Үш жылдан соң Қ.Аллабергеннің қазақ баспасөзінің тарихына бүгінгі күн тұрғысынан көз жіберіп, тың байламдар жасап, жаңаша ой айтқан «Қазақ журналистикасының тарихы» атты оқу құралы жарық көрді. Онда ғалым 130 жылдан астам бай тарихы бар қазақ баспасөзінің тарихын жазды. Қазақ баспасөзінің тарихын тұңғыш зерттеуші, профессор Қ.Бекқожиннен соң бұл тақырыпқа араға 15 жыл салып дендеген Қырықбай Мазанұлы болатын. Сондай-ақ кейінірек басылған «Әлем баспасөзі тарихынан» деп аталатын оқу құралы студенттердің білімін шыңдауға үлес қосты. Көптеген ғылыми еңбегінен бөлек баспасөз беттерінде жарияланған 200-ден астам ғылыми мақаласы бар. Жиырмадан астам магистрант пен 4 ғылым кандидатын даярлап шығарды.
Ғалым 2016 жылы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне журналистика және баспа ісі кафедрасының профессоры болып орналасты. Мұнда бес жыл абыройлы қызмет етті. Бүкіл әлемді жайлаған пандемия қазақтың небір жақсы-жайсаңдарын арамыздан алып кеткені белгілі. Профессор Қырықбай Аллаберген де 2020 жылы кенеттен дүниеден озды. Ұстазымыздың жары Бақыт Баткеева бүгінде Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-да сабақ береді. Қызы Алтынай әкесінің арманын орындап, жоғары оқу орнына түсті. Қырықбай Аллабергеннің жазып кеткен еңбектері бүгінде жоғары оқу орындары үшін аса құнды. Ұрпақ игілігі үшін соңында өлшеусіз дүние қалдырған тұлғаның рухы халқымен мәңгі жасай беретіні анық.
Павлодар облысы