• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Медицина 24 Қараша, 2022

Хирургтің кәсіби шеберлігі

341 рет
көрсетілді

Елордада Ұлттық нейрохирургия орталығының дәрігерлері екі айлық нәрестеге ми ісігін жою үшін күрделі операция­ жасады. Қазіргі уақытта нә­рес­­теге операциядан кейінгі ем жүргізіліп жатыр. Сәби ана­­сымен бірге палатада. Айта ке­телік, операция МӘМС аясын­­да квота негізінде жасалды.

«Әлеуметтік медициналық сақ­тандыру қоры» КеАҚ Астана қаласы бойынша филиалының баспасөз қызметі хабарлағандай, баланың ата-анасы аурудың алғашқы белгілерін нәрестенің қатты мазасыздығы мен сылбырлығынан, әлсіздігінен кейін байқаған. Сонымен қатар нәрестенің басының үлкейіп, еңбегінің ісінгені байқалады. Осыдан кейін баланың анасы невропатологке барады. Әрі қарай дәрігер мидың нейросонографиясына және КТ-ға жіберіп, онда гидроцефалия белгілері, орташа клиникалық декомпенсация сатысында мидың оң жақ қарыншасының көлемді ісігі анықталады.

Сәбиге алғашқы «Вентрикулопе­ри­тонеальды шунттау» операциясы Алматыдағы №2 қалалық балалар ауруханасында жасалды. Дәрігерлер консилиумында екінші операцияны Ұлттық нейрохирургия орталығында жасау жоспарланған болатын.

Балалар нейрохирургиясы бөлім­шесінің меңгерушісі Ғабит Өлеңбай операцияның күрделілігі, осы жас­та­ғы бала үшін ісіктің жеткілікті дә­режеде үлкен (4*3 см) және функ­цио­налды маңызды аймақта бол­ған­дығында екенін жеткізді. Со­ны­мен қатар операция кезінде қан жоғал­ту қаупі жоғары, соңы ауыр ас­қынуларға, тіпті өлімге дейін апаруы мүмкін болды. Ісік туа біткен жә­не нәресте құрсақта жатқанда пай­­д­а болған. Бұл – сирек кездесетін құбылыс. 

«Біз микрохирургиялық араласу жүргіздік, оң жақ қарыншаның артқы мүйізінің қарыншаішілік ісігін алып тастадық. Бұл жерде барлық заманауи әдіс қолданылды. Сондай-ақ қызметкерлердің жоғары біліктілігі мен біздің Орталықтың операция блогінің заманауи жаб­дық­та­луы операцияның сәтті аяқта­луында маңызды рөл атқарды. Нейрохирургиялық навигациялық жүйенің бақылауымен ісікке аса дәлдікпен шығып, оны толығымен алып тастадық», деді нейрохирург дәрігер Ғабит Ілиясұлы.

Анестезиолог дәрігерлердің де жоғары кәсіби деңгейін атап өткен жөн. Мұндай кішкентай жаста операция әрдайым анестезия берудің үлкен қиындықтарымен қатар жү­реді. Қан айналымы мен тыныс алуды мұқият бақылау, анестезияны өте мұқият есептеу – баланың өмірі үшін үлкен жауапкершілік. Осының бәрі Нейрохирургия орталығының көпсалалы командасының мойнына түсті.

Операцияны жоғары санатты білікті нейрохирург-дәрігер, Балалар нейрохирургиясы бөлім­шесінің меңгерушісі, «ҰҒО» АҚ профессоры Ғабит Өлеңбай мен нейрохирург-дәрігер Сапарбек Сейт­беков жасады. Сондай-ақ опе­ра­ция барысында анестезиолог-реаниматолог дәрігер Айгүл Жан­делдинова, трансфузиолог дәрігер Ербол Қуанышев және операция мейіргері Мәдина Рахматуллақызы қатысты.