Қазақстанда жыл соңына дейін жаңа ипотекалық бағдарлама жариялануы мүмкін. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің хабарлауынша, қазір ведомство мен «Қазақстан тұрғын үй компаниясы» және мүдделі мемлекеттік органдар жұмыс істеп жатыр. Биыл жыл басында ҚТК жылдық пайыздық мөлшерлемесі 12,5 пайыз болатын, орта класс үшін арнайы бағдарламаны таныстырған еді.
Бұған дейін ұсынылған бағдарлама жобасының басты ерекшелігі – екінші деңгейлі банктер мөлшерлемесінің бір бөлігін (7 пайызын) мемлекет халық үшін өзі төлеп береді. Krisha.kz хабарлауынша, қазір шамамен мынадай шарт негізінде бағдарламаны іске қосу болжануда: алғашқы төлем – үй құнының 20 пайызы; несие мерзімі – 20 жыл; максималды займ сомасы – 15-35 млн теңге; мемлекеттен берілетін төлем тек алғашқы 10 жылға ғана жарамды.
Екінші деңгейлі банк мөлшерлемесі былай есептеледі. Қазір Ұлттық банк белгілеген базалық мөлшерлеме 16 пайыз екені белгілі. Оған банк тарапынан тағы 5 пайыз қосылады. Сол 21 пайыздан мемлекет субсидиялайтын 7 пайызды шегеріп тастайды. Сонда халық үшін қалатыны – 14 пайыз. Бағдарлама шарты бойынша тек қана салынып жатқан және ҚТК кепілдігі бар тұрғын үйден немесе салынғанына 6 айдан аспаған кез келген кешеннен алуға болады. Сонда банк ставкасына қатысты ережеге сәйкес, егер қарыз алушы несиені 19 жылға рәсімдесе, онда қалған 9 жылды банктің толық ставкасымен төлейді. Жоғарыда айтып өткеніміздей, мемлекет субсидиясы тек 10 жыл жұмыс істейді.
«Біз елімізде орта класс үшін ипотека қажет деп санаймыз. Ұсынылып отырған бағдарлама шынымен тұрғын үй жағдайын жақсартқысы келетін адамдар үшін қолайлы деп ойладық. Алайда, өкінішке қарай, ешкімге қажетсіз бағдарлама болып қалуы да ықтимал. Неге? Себебі 14 пайыз – шыдас беретіндей ставка емес. Орта тапқа арналған бағдарлама мөлшерлемесі 10 пайыздан аспауы керек. Біз соны талап етеміз», дейді Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының президенті Виктор Микрюков.
Жалпы, ипотека – еліміздегі ең танымал қаржы өнімі. Жыл басынан бері 131,2 мың адам баспананы несиеге сатып алған. Бірінші несие бюросының ақпараты бойынша, 2022 жылдың 10 айында займ саны 1,2 пайызға өскен (2021 жылдың 10 айымен салыстырғанда). Бұл ретте ипотека сомасы да орта есеппен 18,8 пайызға өскен. Былтыр қаңтар-қазанда рәсімделген ипотека сомасы 13,1 млн теңге болса, биылғы сома – 15,5 млн теңге.
Ал төленбегеніне 90 күннен асқан займдар үлесі – 1,6 пайыз. Былтыр 1,9 пайыз болған. Демек бұл сегментте проблемалық займ үлесі сәл де болса азайған.