Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігі тауарлық өнімнің сапасын жақсарту бағытындағы жұмыстарды ойдағыдай жалғастырып келеді. Бұл қосымша табыс табуға және жаңа нарықтарға шығуға жол ашатыны даусыз. Аталған мақсаттарға қол жеткізуде құрамында темірі жоғары түйіртастардың да қосар үлесі бар.
Қазіргі таңда Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінде құрамы 63 пайыздық темірден тұратын түйіртас өндіріледі. Ол темір кені концентратынан алынады. Бұл ретте жеңіл байытылған кендерді қолдана отырып өнеркәсіптік сынақтар жүргізілген. Нәтижесінде, концентраттағы темір құрамын 67,5-68,0 пайызға дейін ұлғайтуға және құрамындағы темір үлесі 65 пайыздан асатын BF-шекемтасының тәжірибелік партиясын алуға қол жеткізілді.
«Жоғары деңгейдегі зерттеулер жаңа өнімнің сапасын дәлелдеуге мүмкіндік берді. Тамыз айында жоғары сапалы домендік шекемтастардың екі партиясы шығарылып, SGA (Германия) зертханасына жіберілді. Оң қорытынды алынды. Халықаралық сертификат өнімнің химиялық құрамы, физика-механикалық және металлургиялық параметрлері бойынша мәлімделген сипаттамаларын растады. Қазір әлемде темір мөлшері 65 пайыз болатын түйіртасқа, яғни окатышқа сұраныс артты», деп хабарлады ERG-дің баспасөз қызметі.
BF-шекемтастар өндірісін игерудің маңызы зор. Бірінші кезекте өнеркәсіптік кешенде байыту учаскесінің технологиялық тізбегін жаңғырту қажет. Бұл концентраттың сапасына оң әсер етеді. Концентраттағы темірдің үлесін 67,5 пайызға дейін және одан жоғары деңгейге көтеруге жақсылап електен өткізу мен магнитті-гравитациялық ажыратудың кешенді технологиясы септеседі. Концентраттағы ылғалдың массалық үлесінің көрсеткішін төмендету әрі тұрақтандыру үшін керамикалық вакуумды сүзгілер орнатылады. Бірінші кезеңде жаңғырту нөмірі 11, 13, 14-технологиялық бөліктерінде жүргізіледі.
Қазір Кен дайындау және байыту цехында байыту учаскесінің III кезегінің бөліктерінде концентрат өндірісінің технологиялық тізбегін жаңғырту жұмыстары басталды. 2023 жылдың I тоқсанында өнеркәсіптік кешенге негізгі технологиялық жабдықтар – керамикалық сүзгілер, магниттік-гравитациялық айырғыштар, Derrick елегіші жеткізіледі. Құрылыс-монтаждау жұмыстарымен бірге инвестиция көлемі шамамен 2,8 млрд теңгені құрайды.
«ERG Sales-пен Еуропалық металлургиялық кәсіпорындардың біріне кейіннен жеткізу үшін BF-шекемтастардың тәжірибелі өнеркәсіптік партиясын өндіру қажеттілігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді. Құрамында кемінде 68 пайыз темір бар жоғары сапалы концентрат өндіру үшін қыркүйек айында Соколов және Қашар карьерлерінің, Соколов шахтасының жеңіл байытылатын кендерінен шихта қалыптастырылған. Қазан айында Соколов-Сарыбай кен-байыту өндірістік бірлестігінің өнеркәсіптік кешенінде 64,9 мың тонна көлемінде BF-шекемтастардың тәжірибелік партиясы өндірілді. Түйіртастардағы темірдің құрамы – 66,1 пайыз», делінген ресми хабарламада.