Ұлттық банктің III тоқсанындағы кредиттеу бойынша екінші деңгейлі банктер арасында жүргізген сауалдамасына сәйкес шағын және орта бизнес тарапынан несиеге сұраныс біршама өсті. Ал ірі бизнес тарапынан банк кредитіне деген сұраныс айтарлықтай жоғары емес. Шағын бизнес тарапынан несиеге сұраныстың артуы, негізінен, ірі банктерде байқалған.
«Есепті тоқсанда келіп түскен кредиттік өтінімдердің жалпы саны 417 мыңға дейін, тоқсаннан тоқсанға (т/т) 35 пайызға өсті. Ал өтінімнің орташа мөлшері 25,9 млн теңгеге дейін, т/т 11 пайызға ұлғайды. Ірі банктер есептік тоқсандағы кредиттік өтінімдер ағынын және олардың орташа мөлшерінің ұлғаюын «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қаражат бөлінуімен түсіндіреді. Оған қоса, өтінімдер санының өсуі қолданыстағы скорингтік несие өнімдерінің дамуымен немесе іске қосылуымен де байланысты», деді Ұлттық банктің Қаржылық тұрақтылық және зерттеулер департаментінің директоры Олжас Кубенбаев.
Орта кәсіпкерлік субъектілері тарапынан кредитке деген сұраныс оң қалыптасқан. Мәселен, кредиттік өтінімдер саны 4,4 мыңға дейін, 12 пайызға көбейді. Ал өтінімнің орташа мөлшері 251 млн теңгеге дейін, 5 пайызға төмендеген. Орта кәсіпкерлік тарапынан өтінімдер санының өсуі, шағын бизнестегідей, скорингтік модельдер негізіндегі кепілсіз кредиттік өнімдерге тиесілі.
Банктердің көпшілігінде ірі бизнес тарапынан сұраныс өзгерген жоқ, бірақ маусымдық ауытқуларға байланысты кредиттік өтінімдер санының төмендеуі байқалады.
Соның салдарынан кредиттік өтінімдердің жалпы саны 156-ға дейін, т/т 23 пайызға төмендеп, өтінімнің орташа мөлшері 5,8 млрд теңгеге дейін, 23 пайызға азайған. Шағын және ірі бизнестің кредит алуға берілген өтінімдері бойынша мақұлдау коэффициенті, көбіне, ірі банктерде тиісінше 40 пайызға және 58 пайызға дейін өсті. Сонымен қатар орта бизнестің кредит алуға берген өтінімдері бойынша мақұлдау үлесі 48 пайызды құрап, біршама төмендеген.
Сарапшының айтуынша, кей банкте сыйақы мөлшерлемелерінің аздап өсуіне, маржаның ұлғаюына және кейбір кредиттік өнімдер бойынша ең жоғары мерзімнің қысқаруына байланысты кредиттеу талаптары күшейген.
«Есепті тоқсанда сыйақы мөлшерлемелері, негізінен, ірі бизнес сегментінде өсті. Ірі банктердің пікірі бойынша, келесі тоқсанда шағын және орта бизнес тарапынан кредитке деген сұраныс теріс болады. Себебі банктер несие бойынша сыйақы мөлшерлемелерін көтеруді жоспарлап отыр. Бұл ретте, жекелеген банктер нарықтағы ірі қарыз алушылар санының өсу мүмкіндігі аясында ірі бизнес тарапынан сұраныстың біршама ұлғаюын күтеді», дейді ол.
Үшінші тоқсанда жеке несиеге сұраныс ипотека және тұтынушылық қарыз сегментінде жақсы өскен. Ал автонесиеге деген қызығушылық әжептәуір азайған.
«Банктердің пайымдауы бойынша, есепті тоқсанда ипотекалық қарыздарға сұраныстың артуы объектілерді пайдалануға берумен байланысты болды. Алайда ол бойынша түскен өтінімдер саны 258 мыңнан 183 мыңға дейін қысқарды, бұл жеке банктегі сұраныстың II тоқсанда күрт өскеннен кейін алдыңғы мәндерге кері келуіне байланысты. Бұл төмендеу жалпы сұраныс көрсеткішінің өсуіне әсер бермегенін айтып өткен жөн. Сонымен қатар ипотекалық кредиттеу талаптарында айтарлықтай өзгерістер байқалмады және ол бойынша мақұлдау үлесі өткен тоқсандар деңгейінде сақталды (38 пайыз)», деп атап өтті О.Кубенбаев.
Бірқатар банк халықтың ұзақ мерзімді тауарларға жұмсайтын шығынының көбеюі тұтынушылық қарызға деген сұранысты арттырған деп санайды. Кей банктер болса меркетингтік акция мен түрлі науқан тұтынушылық қарыз сегментіне әсер етіп жатыр деп есептейді. Жалпы, үшінші тоқсанда кепілді және кепілсіз тұтыну қарыздары бойынша келіп түскен өтінімдер саны тиісінше т/т 15,3 пайызға және т/т 10,3 пайызға өсім көрсеткен. Өз кезегінде, тұтынушылық несие беру талаптарында кепілмен қамтамасыз етілген кредиттер бойынша кепілді мүлікке қойылатын талаптар жеңілдетілді. Ал кепілсіз қарыздар сегментінде клиенттердің төлем қабілеттілігіне қойылатын талаптар күшейтіліп, кредиттердің лимиті мен өтеу мерзімі ұлғайтылды.
Сарапшының сөзіне қарағанда, автонесиеге деген сұраныстың төмендеуіне автомобильдерді салонға жеткізу деңгейінің төмендеуі әсер етті. Тағы бір фактор – кейбір ірі банктер автокредит бойынша сыйақы ставкасын да көтеріп жіберді. Осылайша, есепті тоқсанда автокредит сегментінде келіп түскен өтінімдер бойынша бас тарту үлесі алдыңғы тоқсан көрсеткішіндей 88 пайыз деңгейінде сақталды.
Төртінші тоқсанда банктер кепілді тұтыну қарыздарына да сұраныс артып, ипотекалық несие беру талаптары күшейтіледі деп күтеді.
2022 жылғы III тоқсанда кредит беру бойынша банктерде жүргізілген сауалдамаға екінші деңгейлі 19 банк қатысты. Сауалдаманы Ұлттық банк кредиттік ресурстардың сұранысы мен ұсынысындағы өзгерістерді бағалау мақсатында тоқсан сайын жүргізеді.