«Қазақмыс» компаниялар тобының еңбек ұжымдары Қасым-Жомарт Тоқаевты Қазақстан Республикасының Президенті лауазымына сайлануымен құттықтады. Олар Мемлекет басшысына ашық хат жолдады.
Құттықтауда Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлаудағы сенімді жеңісі – Қазақстан халқының, оның ішінде «Қазақмыс» тобына қарасты кәсіпорындар қызметкерлерінің жоғары сенімі мен қолдауының айғағы екені айтылған.
«Президент болған үш жыл ішінде Сіз өзіңізді көреген саясаткер, тәжірибелі дипломат және нағыз бітімгер ретінде көрсеттіңіз. Сіздің басқарушылық қасиеттеріңізді қазақстандықтар ғана емес, әлемдік қоғамдастық та жоғары бағалайды. Сіз өзіңізді халқымыз үшін тағдырлы шешімдер қабылдай алатын жоғары кәсіби басшы ретінде таныттыңыз. Сондықтан да Сіз азаматтарымыздың қолдауы мен құрметіне лайықсыз», делінген хатта.
Сондай-ақ «Қазақмыс» қызметкерлері Қазақстанның жаңа тарихи кезеңге еніп жатқанын атап өтіп, алдағы реформалар халықтың тілегіне тиімді жауап болатынына және бұрын-соңды болмаған сыртқы сын-қатерлер жағдайында еліміздің тұрақтылығын қамтамасыз ететініне сенім білдірді.
«Біз Қазақстанның тұрақтылығы мен қауіпсіздігін нығайтуға ықпал ететін ауқымды өзгерістер Сізбен бірге жалғасады деп сенеміз», делінген құттықтауда.
Сондай-ақ хатта «Қазақмыс» компаниялар тобының әрбір қызметкерінің атынан Мемлекет басшысына бұрынғысынша Қазақстан экономикасының берік негізі болып қала беретін елдің тау-кен металлургия саласына ерекше назар аударғаны үшін алғыс айтылған.
«Біз, геологтер, кеншілер, байытушылар, металлургтер мен энергетиктер, Сізге зор денсаулық пен алға қойылған міндеттерге қол жеткізу үшін күш-қуат тілейміз! Біз өз кезегімізде жаңа қазақстандық қоғамды нығайтуға жан-жақты қолдау көрсетуге уәде береміз.
Біз бірге Әділетті Қазақстан құратынымызға сенімдіміз!», дейді өндіріс майталмандары.