Бұрын осы хондроз, ортроз, сколиоз секілді ауруларды естіп пе едіңіз?! Одан қалса, буын аурулары деген шықты. Егде жастағылардың ғана емес, жастар арасында да белең алған. Оның бірден-бір себебі – қимыл-қозғалыстың аздығы деседі дәрігерлер. Солай. Ал емі қандай? Біреуге болмаса, біреуге пайдасы тиіп қалар деп, бұл туралы елімізге белгілі өскемендік мануалды терапевт Шыңғыс Мантаевтан сұрағанбыз.
– Қолыңызға құдай қуат берсін! Қабылдауыңызға таяққа сүйеніп келіп, таяғын тастап кеткен пациенттерді білеміз. Ем-шараңыздың құдіреті неде?
– Рақмет! Ем-шарада бәлендей тылсым түк жоқ. Ата-бабаларымыздың емдеу тәсілін жалғастырып келе жатырмын десем де болады. Мысалы, шертпе, лоңқа деген секілді емді бабаларымыз да қолданған. Сақинасы ұстаса, шертпе жасататын. Сынықшылық та қазақтың қанында бар. Күл болған сүйекті түйенің майымен сылап, салып беретін сынықшыларды естігенбіз. Олардың бір де біреуі он жылдап академия, университет оқыған жоқ. Ал қазір аталған емдеу тәсілдері шығыс медицинасы ретінде танылып кетті.
– Бұл қасиет сізге қанмен берілді ме? Аталарыңыз сынықшы болды ма?
– Өзімді әккі сынықшымын дей алмаймын. Жеңіл-желпі сынықты сала аламын. Негізгі бағытым – мануалды терапевт, яғни лоңқа жасау, массаж, балғамен сүйектерді түзеу. «Жігіттің жақсысы нағашыдан» демекші, бұл емшілік дәстүр нағашы атамнан берілген сияқты. Ол кісі өте мықты сынықшы болған. Ал анам Гаухар Мантаева терапевт дәрігер болып қызмет етеді. Бір жағынан дәрігерлікке бағыттап жіберген анам. Өзім Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылында туып өстім. Бүгінде балалы-шағалымын.
Алғашында жеңіл-желпі массаж жасап жүрдім. Кейін Ресейге барып оқыдым, білімімді жетілдірдім, тәжірибемді шыңдадым. Осы салада жүргеніме он жылға жуықтады. Массажға, лоңқамен емделуге келетіндер өте көп. Шақыртумен еліміздің басқа қалаларында да жүре беремін.
– Емделуге келетіндер көп дейсіз. Шынында екінің бірінде хондроз, қан қысымы жоғары. Жарық деген және бар. Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздеуге болмай ма?
– Себебі қимыл-қозғалыс жоқ. Ішінара жел тиіп те хондрозы ұстап қалатындар бар. Хондроз деп отырғанымыз – тұздың көп мөлшерде жиналуы. Ол неге жиналады? Себебі аз қимылдаймыз. Неге жарық жиі кездеседі? Тағы қимылдың жоқтығынан дер едім. Әрине, ауыр жұмыстан да болады. Бірақ ауыр жұмыс істемей-ақ аяғын баса алмай жүргендер бар. Күн ұзақ отырып жұмыс істейтіндерді хондроз, жарық, қанның тұрып қалуы секілді аурулар айналшықтай береді. Сондықтан да жүйелі түрде денені шынықтыру керек. Білесіздер, біздің ағайын әбден ауруы асқынғанда ғана дәрігердің көмегіне жүгінеді. Алдын ала профилактикалық тексеруден өтпейміз, массаж алмаймыз. Мысалы, омыртқа 15-20 градусқа бүгілсе, остеохондроз дей беріңіз. Бұрын 50-60 жастағы кісілерде жетінші мойын омыртқа шодырайып, шығып кететін, қазір жастарда да кездеседі. Бұл жақсы емес.
– Емі қандай?
– Емі көп. Мамандығым мануалды терапевт болғандықтан, өз салам бойынша айтайын. Хижама, лоңқа дейміз, бұл 200 аурудың емі. Жаңағы айтып отырған аурудың бәріне пайдалы. Қан қысымыңыз да қалыпқа келеді. Тек, жүйелі түрде емделіп, профилактика жасап отыру керек.
– Шертпе де қан қысымын реттейді ғой...
– Иә, шертпе жасап, күре тамырдағы қан қысымын реттейміз. Бірақ бұл ем-шараны кез-келген пациентке жасай бермейміз. Алдын ала адамның қан қысымын өлшеп, қарсы көрсеткіш болмаса ғана процедураға кірісеміз. Егер, қан аурулары болса, анемия болса, шертпеге рұқсат жоқ. Бұл да әр адамға әр түрлі әсер етеді. Кейбірінде қысымы бірден-ақ қалыптасып кетсе, енді біріне жүйелі түрде шертпе жасап, қан қысымын қалыпқа келтіріп отыру керек. Негізі, бізге жүйкені жұқартпайтын дүниеге жұқартып, уайымға салына берудің қажеті жоқ. Ол да денсаулығыңызға кері әсер етеді. Ауа райының да әсерінен болады.
– Байқап отырсақ, кәсіби спортшылардың да мануалды терапевтің көмегіне жүгінетінін байқаймыз. Соған қарап, спорттың да зияны бар ма деп қаламыз.
– Өзім күреспен айналысқам. Белімде төрт, мойынымда бір омыртқа жарығы бар. Бұл дегеніміз, омыртқа ортасындағы ядроның сыртқа шығып кетуі. Белде болса, аяққа беріледі. Мойында болса, қолға беріледі. Сұққылап ауырады. Оның емі ұзақ. Процедураны толық алу керек. Ондайда МРТ қағазын көріп болған соң ғана ем бастаймыз. Балдақпен келсе, екі-үш процедура керек. Үнемі ине алып отыру керек.
2013 жылы ма, аяғым тартылып, жүре алмай қалдым. Дәрігерлер операция жасалады десті. Кез келген уақытта операцияға жатуға болады ғой. Емделіп көрейін деп, ұзақ уақыт массаж алдым. Соңында Семейде ине терапиясымен айналысқан Сабыр деген мықты кісі жеті күн ішінде аяққа тұрғызды. Содан бастап, өзім инеге қызыға бастадым. Нәтижесіне көз жеткен соң, өзім айналысып жүрмін. Жалпы, қазір қолданып жүрген ем-домның бәрін өзім алғанмын. Пациенттің қандай күйде болатынын алдымен өзіңіз сезінуіңіз керек.
Сұрағыңызға оралайық, адамды ұстап тұрған омыртқа. Омыртқаны бұлшық ет ұстайды. Сол үшін бұлшық ет мықты болуы керек. Көбіне балаларымыз чемпион болсын, қарулы болсын деп ауыр спортқа береміз. Бұл дұрыс емес. Баланың сүйегі 13-14 жаста ғана беки бастайды. Осыны ескерейік. Жуықта гремплингтен 13 жастағы әлем чемпионы келді. Денесі қисық. Екінші деңгейлі сколиоз. Сколиоз деген ағзаны қысады, кең тыныстай алмайсың. Төртінші деңгейге жетсе, омыртқаларына операция жасайды. Омыртқаларын қопарып, темір қояды. Ондай чемпиондық атақтан не пайда?! Сол үшін баланы жүзу секілді пайдалы спорт түріне берсек деймін. Күресіп үлгереді. Өмірдің өзі – күрес (әңгіме соңын әзілге бұрғанымен, ой салды).
– Күніне қанша пациент қабылдайсыз?
– Он-он бес адамға дейін қабылдаймын.
– Оны сұрап отырғаным, адамға массаж жасап, ине қою былай тұрсын, кейде әңгімелесіп отырып ғана энергияң таусылады ғой.
– Әрине. Күніне ондаған адамның ауру-сырқауы туралы айтқандарын тыңдау, ем-домын жасау оңай емес. Кешкілік үйге шаршап, әзер жетемін. Бірақ пациенттердің емделіп, аттай шауып кеткеніне қуанамын. Процедурадан кейін «көзім ашылды ғой» деп, көбі ризашылықтарын білдіріп жатады.
– Қарап отырсақ, жасаған массажыңыздың өзі қорқынышты. Адамның сүйегін сындырып, қайта салып жатқандай сықырлатасыз. Саусақты сықырлатсақ, үлкендер тыйып салып отырушы еді. Сол зиян ба?
– Иә, саусақ сықырлатуға болмайды дейтін апалар. Сарысу толады деп ұрысатын. Маман ретінде айтарым, әдетке айналмаса, зияны жоқ. Анда-санда созып отырса, қан айналымы жақсарады. Тек мойын омыртқаны, бел омыртқаны өз еркіңмен істеген дұрыс емес.
– Оқырмандар ой түйетіндей өте пайдалы сұхбат болды деп ойлаймын. Аман-сау болайық!
Әңгімелескен
Мерей ҚАЙНАРҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Шығыс Қазақстан облысы