«Egemen Qazaqstan» газетінде бұған дейін де 28 желтоқсан мен 8 қаңтар аралығында Аустралияның Сидней, Брисбен және Перт қалаларында теннистен United Cup аралас командалық турнирі өтетіні жайында жазылған еді. Әлемнің ең үздік 18 команданың қатысуымен өтетін бұл жарыс жайында біз не білеміз?
1989-2019 жылдар аралығында жасыл құрлықта Хопман кубогі өтіп тұрғаны өздеріңізге мәлім. Оның Дэвис кубогі мен Билли Джин Кингтің жарысынан айырмашылығы бұл жерде аралас командалар өнер көрсетеді. Яғни кортқа ерлер де, әйелдер де шығады. Кезінде Аустралия құрамасының Дэвис кубогінде 15 мәрте жеңіске жетуіне өлшеусіз үлес қосқан атақты бапкердің құрметіне отандастары Хопман кубогін өткізу жөнінде бастама көтерген еді. Бұл идея халықаралық теннис қауымдастығы басшылары тарапынан қолдау тапты. Бұл жарыста ең зор табысқа жеткен АҚШ құрамасы. Америкалықтар алты рет (1997, 2003, 2004, 2006, 2008, 2011) бас жүлдені олжалады. Екінші орында – Испания (1990, 2002, 2010, 2013) мен Швейцария (1992, 2001, 2018, 2019). Олар төрт реттен теңдессіз деп танылды. Словакия үш рет (1998, 2005, 2009) топ жарса, Германия (1993, 1995), Аустралия (1999, 2016), Франция (2014, 2017) және Чехияда (1994, 2012) ондай атақтардың екеуі бар. Ал ОАР (2000), Ресей (2007), Польша (2015), Чехословакия (1989), Югославия (1991) және Хорватия (1996) бір-бір реттен сондай құрметке бөленді.
Соңғы екі жарыстың финалы Швейцария мен Германия теннисшілері арасында өтті. Екі ретінде де алғашқыларының асығы алшысынан түсті. Есеп – 2:1. Жеңімпаз команданың сапында «Үлкен дулыға» санатындағы турнирлердің 20 дүркін жеңімпазы, сол кездегі әлемнің бірінші ракеткасы Роджер Федерер мен Олимпиада чемпионы Белинда Бенчич сынды жұлдыздар өнер көрсетті.
Кейіннен ол АТР кубогі деген атауға ие болды. Аталған турнирде тек ерлер ғана бақ сынады. 2020 жылы Сербия озды. Сербтер жартылай финалда Ресейді ұтса, финалда Испанияны тізе бүктірді. 2021 жылы Ресейдің бағы жанды. Олар Италиядан айласын асырды. Оның алдында немістерді ұтқан болатын. Биыл Канаданың қарқынына ешкім шыдай алмады. Шешуші сайыста Үйеңкі жапырақтар елінің өкілдері испандықтардан басым түсті. Міне, енді ұйымдастырушылар ерлер мен әйелдердің басын қосатын бәсеке ұйымдастыруды құп көріп отыр.
Жасыл құрлықта Қазақстан Польша және Швейцариямен бірге В тобында ойнайды. Бұл бәсекелер Брисбен қаласында өтеді. Бұл командалардың екеуі мықты. Польшаның сапында Ролан Гарростың екі дүркін және АҚШ-тың ашық біріншілігінің жеңімпазы Ига Свентек бар. Одан бөлек, бүгінгі таңда әлемнің бірінші ракеткасы атанып отырған 21 жастағы теннисші WTA турнирлерінде 11 рет топ жарды. Жасы 30-дан асса да мықтылармен иық тіресіп жүрген Магда Линеттің де қазіргі бабы жаман емес. Ерлер сайысында Хуберт Хуркачтың қарқыны қуантады. 25 жастағы Вроцлавтың тумасы былтыр Уимблдонның жартылай финалына дейін жетіп, бес бірдей АТР турнирлерін ұтты. Бұл күндері ол әлемдік рейтингте үздік ондықты түйіндеуде. 26 жастағы Камил Майхшак АТР тізімінде 78-орынды иеленуде.
Даңқты Роджер Федерер биыл үлкен спортпен қош айтысты. Бірақ соған қарап, Швейцария құрамасы әлсіреп қалды деген ой туындамауы керек. 25 жастағы Белинда Бенчич қазір нағыз бабында. WTA тізімінде ол 12 сатыға жайғасты. Бенчичтің қоржынында Олимпиада алтынынан бөлек, сол жарыстың күміс жүлдесі бар. Оны ол Токиодағы ойындардың жұптық сайысында жеңіп алды. Белиндамен түйдей құрдас Жиль Тайкманн үздіктер рейтингінде 35-орында тұрса, тәжірибелі Виктория Голубич 76 сатыға табан тіреп тұр. Ерлердің арасында 58-орынға тұрақтаған Марк-Андреа Хуслердің аяқ-
алысы жаман емес. 37 жастағы Стэн Вавринка да қажет кезде өз командасына көмекке келуге даяр. Лозаннада дүниеге келген әйгілі ойыншы кезінде Аустралия мен АҚШ-тың ашық біріншіліктерінде алдына жан салмай, Ролан Гарроста да дара шықты.
United Cup турнирінде Қазақстанның намысын Александр Бублик, Тимофей Скатов, Денис Евсеев, Григорий Ломакин, Юлия Путинцева, Жібек Кұламбаева және Гозаль Айнитдинова сынды теннисшілер қорғайды. Егер олар табысты өнер көрсетсе, рейтингте 500 ұпайға дейін иеленулеріне жақсы мүмкіндік бар.
Өзге топтарда мына командалар өзара шеберлік байқасады: А тобы: Грекия, Бельгия, Болгария. С тобы: АҚШ, Германия, Чехия. D тобы: Испания, Аустралия, Ұлыбритания. E тобы: Италия, Бразилия, Норвегия. F тобы: Франция, Хорватия және Аргентина. Әр құрама бір-бірімен бес кездесуден өткізеді. Ерлер мен әйелдер екі реттен кортқа шықса, бір бәсеке аралас жұптар арасында ұйымдастырылады. Егер жерлестеріміз өз тобында бірінші орын алса, Е тобының үздігімен шеберлік байқасады. Оларды ұтқан жағдайда ғана плей-оффқа жолдама аламыз. Одан кейін жартылай финалдық және финалдық сайыстар өтеді.