Қазақстан Үкіметінің 2023 жылдың 1 ақпанына дейін күші жарамды қаулы қабылдағаны жайлы ақпарат тарады. Онда елімізде ABS, қауіпсіздік жастығы, SOS батырмасы жоқ және экологиялық класы Еуро-5 стандартынан төмен (Еуро-0-ге дейін) машина шығаруға рұқсат етілетіні жарияланған. Үкімет мүшелерінің мәлімдеуінше, мұндай талап «Лада» және УАЗ шығаратын автоөндірушілерді қолдау мақсатында жасалып отыр.
Мұндай ақпаратты Индустрия министрлігіне сілтеме жасап Kolesa.kz редакциясы таратты. Кейінірек аталған ведомство Қазақстанда қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін автокөліктердің шығарылуына тыйым салынған деп мәлімдеді.
«Бұқаралық ақпарат құралдарында Қазақстан Үкіметінің 2022 жылғы 22 қазандағы №843 қаулысының, атап айтқанда, «Қазақстан аумағында өндірілетін жекелеген доңғалақты көлік құралдарына қатысты міндетті талаптарды қолдану және олардың сәйкестігін бағалауды жүргізу қағидаларын бекіту туралы» нормаларының қате таралуына байланысты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі аталған құжаттың маңыздылығы мен қоғамға дұрыс жеткізілуін түсіндіруді орынды деп санайды. Бұл қаулы ЕАЭО елдері қол қойған «Кеден одағы комиссиясының 2011 жылғы 9 желтоқсандағы №877 шешіміне өзгерістер енгізу туралы» Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2022 жылдың 5 сәуірдегі №45 шешімін іске асыру мақсатында қабылданды. Үкіметтің 2023 жылдың 1 ақпанына дейінгі заңды күші бар қаулысы өндірушілерге ABS, ESP, сондай-ақ қауіпсіздік жастықтарымен жабдықталмаған және экологиялық санаты төмендетілген автокөліктерді шығаруға тікелей құқық бермейді», делінген министрлік хабарламасында.
Тиісті жүйелермен жабдықталмаған автомобильдерді шығаруға рұқсат алу үшін өндіруші белгілі бір компоненттерді орнатпауына қарамастан көлік модельдерін жеке сертификаттаудан өткізіп, оның қауіпсіз болуы міндетті. Бұл шарт ЕЭК Кеңесінің шешімінде де қарастырылған екен. Демек, қазір Қазақстанда қауіпсіздік талаптарына сәйкес келмейтін бірде-бір көлік моделі шығарылмайды. Сондықтан өндірушілер «Доңғалақты көлік құралдарының қауіпсіздігі туралы» Кеден одағының техникалық регламентін толық сақтайды.
Министрлік мәліметінше, осыған ұқсас қаулыларды ЕЭК-ке қатысушы елдер қабылдаған. Айталық, осы жылдың мамырында Ресей Федерациясында және шілдеде Беларусь Республикасында. Ал Армения және Қырғызстан Республикаларында автоөндіріс орындары жоқ.
«Бұл орайда қауіпсіздік жастықшалары мен ABS, ESP жүйелері және төмендетілген экологиялық санатқа сай жүйелермен жабдықталмаған автокөліктер Ресей Федерациясы мен Беларусь Республикасында айналымға шығарылып жүргені белгілі. ЕЭК Кеңесінің шешімі заңды күшіне енген шақта ЕАЭО-ның мүшелігіне кіретін басқа елдерде шығарылған автомобильдер, машинаны құрастырған мемлекеттің аумағында ғана жүруіне рұқсат етіледі. Осыған байланысты аталған автокөліктерді Қазақстанның аумағына кіргізуге тыйым салынады», деп мәлімдеді министрлік.
Бастапқыда дұрыс тарамаған (бәлкім шынымен дұрыс тараған) ақпарат қоғамда шу туғызды. «Нет утильсбору» қозғалысы өкілдерінің айтуынша, ABS жүйесі, SOS батырмасы, қауіпсіздік жастығы жоқ, экологиялық класы төмен машина шығаруға рұқсат беру туралы шешім экологияға кері әсер етіп қана қоймай, жол қауіпсіздігін нашарлатып, жол апатынан зардап шегетін тұрғын санын арттырады.
Қоғам белсенділері утиль алымы мен алғашқы тіркеу сомасын есептеу әдісінің дұрыс-бұрысын тексеруді және отандық көлік құрастырушылардың өндірістің локализациясын жақсарту туралы келісімді орындау барысын қадағалауды талап етіп, сотқа шағым түсіргенін мәлімдеді. Баспасөз жиынына қатысқандар автомобиль және өзге де техникаларды, соның ішінде ауылшаруашылық машинасын жеке пайдалану мақсатында сатып алған жеке тұлғалар мен шағын кәсіпкерлерді утиль алымы мен алғашқы тіркеу ақысынан босатуды ұсынды. Ал ірі импорттаушылар мен өндірушілерден жиналған ақшаны бөлу процесі барынша ашық болу керек.
Қазақстан Автобизнес қауымдастығының мәліметі бойынша, 2022 жылдың 9 айында елімізде 78 441 транспорт құралы құрастырылды. Бұл өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 23,4 пайызға көп.
«Компоненттерді жеткізудегі жағдай әлемдегі автомобиль өнеркәсібіне әсер етуді жалғастыруда. Осыған қарамастан Қазақстан ішкі өндіріс көлемін арттырып жатыр. Жалпы, 2022 жылы автомобиль өндірісі 2021 жылмен салыстырғанда кем дегенде 7 пайызға өседі деп күтілуде», дейді қауымдастық вице-президенті Анар Мақашева.