Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев ұлықтау салтанатында сөйлеген сөзінде қазіргі қоғамға қажетті, елдің дамуы үшін аса маңызды бірқатар мәселені атап көрсетті. Тек айтып қана қоймай, осы бағыттағы жұмысты жандандыруды тапсырды.
Ауыл – қазақтың қазығы, ауыл – ынтымақ пен ырыстың ұясы. Жасыратыны жоқ, қазір ауыл жағдайы мәз емес. Заманауи жетістіктерден қалыс қалуы салдарынан, өзге де алуан себептерге байланысты ауыл тұрғындарының қалаға қоныс аударуы жиіледі. Ауылды дамыту – кезек күттірмейтін аса маңызды іс, өйткені біздің күнкөрісіміздің, тіршілігіміздің негізгі салаларының бірі ауыл шаруашылығының, мал шаруашылығының тірегі – ауылдар.
Жуырда Маңғыстау өңіріне сапары барысында Президент Қ.Тоқаев өңірде ауыл шаруашылығын дамытудың маңызына тоқталып, аталған саланы өркендету қажеттігін айтқан болатын. Ауыл мен ауыл шаруашылығын дамыту өзара байланысты, бірін-бірі толықтыратын мәселелер. Маңғыстауда мал шаруашылығын дамытудың өзекті тұстары туралы жиі айтып келеміз, ауыл дамыса біз айтып жүрген мәселелерге бір серпін болатыны анық.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың ауылды дамыту үшін арнайы Жарлыққа қол қоюы тамаша істердің бастамасы болады деп сенеміз.
Күзембай ЕРҒАЛИЕВ,
ауыл шаруашылығы саласының ардагері
Маңғыстау облысы