Алматыда 1-3 желтоқсан аралығында «Шертпе күй» республикалық дәстүрлі музыка фестивалі өтеді, деп жазады Egemen.kz.
Байқау екі кезеңнен тұрады. Онда қатысушылар дәстүрлі шертпе күй мектебі өкілдерінің 5 шығармасын және қатысушының таңдауы бойынша қазіргі заманғы композитордың бір күйін орындайды.
«Министрлік ауқымды жобаны қолға алды. Негізгі мақсатымыз – «шертпе» стилін кеңінен насихаттау және келешегі зор домбырашыларға қолдау көрсету. Қызу дайындық жұмыстары жүргізілгенін ерекше атап өткім келеді. 16 қыркүйектен 23 қарашаға дейінгі аралықта 45 өтінім келіп түсті. Олар негізінен – 16 мен 35 жас аралығындағы жастар. Енді фестиваль қорытындысы бойынша бірінші орын иегері 750 мың теңге, екінші орын иегері 500 мың теңге, ал үшінші орын иегері 300 мың теңге алады. Сондай-ақ арнайы дипломдар мен сыйлықтар бар. Ал бас жүлде иегері 1 млн теңге жеңіп алады», деді ҚР МСМ Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Данияр Әлиев.