• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
03 Маусым, 2014

Тимофеевтер балаларын «Газельмен» тасиды

293 рет
көрсетілді

Қазақтың «Жетім көрсең жебей жүр» деген мақалын басқа-басқа, ерлі-зайыпты Тимофеевтер жақсы түсінген сияқты. Содан болар, осыдан бірнеше жыл бұрын Алексей мен Наталья Тимофеевтер балалар үйінен 15 сәбиді асырап алыпты. Бүгінде сол 15-тің 9-ы кәмелет жасынан асты және олардың кейбірінің жоғары, кейбірінің орта білімі бар. 6-уы үйленіп, тұрмыс құрып, өз алдарына отбасы болып кетті. Барлығы баспана, жұмыспен қамтылған. Кейбірі, тіпті, бала тәрбиелеп, өздері ата-ана атанып отыр. Қазір Алексей мен  Натальяны осынау балаларынан 14 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже деуге болады. Дәл қазір Тимофеевтердің шаңы­рағында кәмелеттік жасқа жетпеген 6 бала тәрбиеленуде. Олардың бәрі Тараз қаласындағы балалар үйлерінің тәрбиеленушілері болатын. Әрине, отбасында бала тәрбиесі, оның күнделікті жағдайын жасаудың ауырлығы ең алдымен әйел адамға түсетіні белгілі ғой. Сондықтан бұл балалардың қанатын қатайтып, мәпелеуде, ұядан ұшыруда Наталья Григориевнаның  еңбегі ерекше екенін айта кету қажет. Балалар күні мерекесінде Жамбыл облысының әкімі Кәрім Көкірекбаев Тимофеевтер отбасында болып, қаншама балаға қамқор болып отырған Натальяға алғысын жаудырып, сый ретінде жап-жаңа «Газель» көлігін тарту етті. Әрине, жас балаға тәрбие беруде ата-ананың алар орны ерекше. Бүгінде Жамбыл облысында 98 отбасы 138 жетім баланы қамқорлығына алған. Бұдан бөлек, 11 отбасы типтес балалар үйі тағы бар. Және облыстағы 3 мемлекеттік білім беру мекемелерінде 333 жетім бала тәрбиеленіп жатыр. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.