• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 29 Қараша, 2022

Араб елдеріне қой еті экспортталады

216 рет
көрсетілді

Ауыл шаруашылығы вице-министрі Айдарбек Сапаров пен «Al-Reef Al-Tholathy» атқарушы директоры Мұхаммед Нассер Алмукейриш Қазақстан мен Сауд Арабиясындағы азық-түлік өнімдерін өндіретін ірі компа­ниялардың бірімен ынтымақтастықтың келешегін талқылады. Атап айт­қанда, Араб кәсіпкерлерінің Қазақстанда құрылатын «Қой шаруа­шылығын дамыту қоры» жұмысына қатысу мүмкіндігі қарастырылды.

Жоба қазақстандық қой мен қозыны араб мемлекеттеріне, бірінші кезекте Парсы шығанағы елдеріне жеткізу­ге ықпал ететін болады. Өндірілген қаражатты одан әрі қой өсірумен айналысатын отандық фермерлерді қаржыландыру үшін пайдалану жоспарланып отыр. Қазіргі уақытта жобаға инвесторларды тарту бойынша жұмыс басталды. Сауд Арабиясының қарқын­ды дамып келе жатқан компаниялары­ның бірі саналатын және өз нарығын жоғары сапалы салқындатылған етпен қамтамасыз етумен айналысатын «Al-Reef Al-Tholathy» компаниясы әлеуетті серіктес бола алады.

2022 жылдың 9 айының қорытын­дысы бойынша қазақстандық мал өсіру­шілер 29,7 мың тонна ет, оның ішінде 6,7 мың тонна қой етін экс­порттады. Отандық қойдың негізгі тұтынушылары – Өзбекстан, БАӘ, Кувейт, Оман және Бахрейн мемлекеттері. Ауыл шаруашылығы министрлігі қазақстандық қой етін өндірушілер үшін өткізу нарығын кеңейтуге және өндірісті ұлғайтуға одан әрі ықпал ететін болады.

Араб делегациясы Қазақстанға сапары аясында жергілікті мал шаруашылығы кәсіпорындарының жұмысымен танысу үшін еліміздің оңтүстік өңірлеріне барды.

Жалпы, елімізде биыл 10 айда фермерлер 948,5 мың тонна ет өндірді, оның көлемі бір жыл бұрынғы ұқсас кезеңмен салыстырғанда орта есеппен 0,5%-ға өсті. Ең үлкен өсімді жылқы етінің өндірісі көрсетті (4,8%) – 114,1 мың тонна. Құс еті 2,9%-ға өсіп, 239,6 мың тоннаны құрады. Жыл басынан бері 400,1 мың тонна сиыр еті, 113,7 мың тонна қой еті өндірілді.  

Ет экспорты 2022 жылдың қыр­күйегіне қарай 1 млн долларға 29,7 мың тонна  көлеміне жетті. Экспорттың басым бөлігі сиыр етіне тиесілі – 13,5 мың тонна, сондай-ақ шетелге 6,7 мың тонна қой еті мен 9,5 мың тонна құс еті сатылды. Ведомствоның хабарлауынша, алыс және жақын шетелдерден 110 мың тонна ет импортталған. Импорттың басым бөлігі құс етіне тиесілі, елге шамамен оның 97,5 мың тоннасы әкелініпті.