• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 30 Қараша, 2022

Жол саласындағы жүгенсіздік

269 рет
көрсетілді

Жол құрылысына, оның сапасына қатысты мәселе күн тәртібінен түскен емес. Түспейтіні де анық. Өйткені біздің жолдардың сапасы сын көтермейді. Оны Дүниежүзілік экономикалық форум түзген арнайы рейтинг те растап отыр. Қазақстан жол сапасы бойынша рейтингке енген 137 мемлекеттің ішінен 93-орынға жайғасқан. Республикамыз мүмкін деген 7 ұпайдың 3,6-сын еншілепті. Кения, Танзания секілді елдердің өзі алдымызды орап кеткен. Осының өзі көп жайды аңғартып тұрса керек.

Мәселе субмердігерден басталады

Жолдың жайын билік те, бұқара да жақсы біледі. Бірақ қабылданып жатқан шаралар әлі де аздық етіп тұр. Сондықтан бұл мәселеге Мемлекет басшысының өзі ерекше назар аударып келеді. Мәселен, Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы Жолдауында «Автожол құрылысына, соның ішінде жергілікті жолдардың сапасына баса мән беру керек. Бюджеттен қыруар қаржы бөлінсе де, бұл мәселе әлі де шешімін таппай отыр», деді. Президент жолдың сапасына айрықша көңіл бөлу керектігін, жөндеу жұмыстарын созбалаңға салуға болмайтынын осы жылдың шілдесінде өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында да ескерткені есімізде.

Депутаттар тарапынан да айтылудай-ақ айтылып жатыр. Мысалы, Сенат депутаты Сұлтан Дүйсембинов жазғы уақытта өңірлерді аралаған кезде жол сапасына қатысты біршама мәселемен бетпе-бет келгенін жеткізді. Оның сөзіне қарағанда, қазіргі уақытта жол жөндеу жұмыс­та­рына қатысатын субъектілердің тиіс­ті техникасы мен мамандарының бар-жоқтығын тексеріп жатқан ешкім жоқ. Сол себепті конкурсты ұтып алған бас мердігер өз міндеттемелерін үшін­ші тұлғаға беріп, соңында жауапты тұл­ға­лар­ды табу қиындық тудырып жатады.

– Мәселен, Талдықорған – Қалбатау – Өске­мен бағытындағы күре жолдың бас мер­дігері – «CITIC Construction Co.Ltd.» компаниясы. Ол өз міндеттемелерін орындау үшін «Astana-auto-stroy», «Сине Мидас Строй», «Лидер строй» сынды субмердігерлерді тартқан. Мұндай мысал өте көп. Жолдардың бөліп-бөліп пайдалануға берілуі, берілген бөліктерінде жол жиектерінің жасалмауы және пайда­ланудағы жолдардың төмен сапасы жол-көлік оқиғасы көрсеткіштерінің жыл са­йын өсуіне тікелей себепші болып отыр, – деген сенатор Жетісу облысына қатысты деректерді алға тартты.

Мысалы, Жетісу облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, респуб­ли­калық маңызы бар тас жолдарда 2020 жылы 144 жол-көлік оқиғасы орын алып, 48 адамның өмірі қиылған, 223 адам зардап шеккен. Былтыр 186 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 76 адам қайтыс болды, 368 адам зардап шекті. Осы жылдың жеті айында 105 жол-көлік оқиғасынан 45 адам қайтыс болған және 157 адам зардап шеккен.

– Осы орайда «Қазавтожол» компаниясы мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы жөндеу жұмыстарының жүргізілу үдерісі мен сапасын бақылап отыруға мүмкіндігі жеткіліксіз бе?» деген сұрақ та туындайды. Жағдай осылай жалғаса берсе, Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөніндегі тапсырмасын орындау сөз күйінде қалады, – деді С.Дүйсембинов.

Стандартқа сай емес

Мәжіліс депутаты Альберт Раудың пікіріне сүйенсек, жолдарды бағалау сапасын қайта қарау керек. Тек сонда ғана нақты картинаны көз алдымызға әкелуге мүмкіндік бар. Әйтпесе, қазіргі деректер шын­дықтан алшақ жатыр.

– Рес­публикалық маңызы бар жол­дар­дың шамамен 12 мың шақырымын реконструкциялау қажеттігі туындап отыр. Бұл республикалық жолдардың шамамен 50 пайызына тең. Ал Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің деректеріне сүйенсек, біздегі жолдардың 90 пайызы – қанағаттанарлық жағдайда. «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлт­тық жобасына сәйкес, 2025 жылға дейін республикалық жолдардың шамамен жүз пайызын жақсы және қанағаттанарлық жағдайға жеткізуге тиіспіз. Жолдардың жартысы әлі күнге дейін жөндеу көрмесе, бұл мақсатқа қол жеткізу қалай болар екен. Мысалы, орталық-батыс Астана – Қорғалжын – Торғай – Ырғыз көлік дәлізін іске асыруға кіріспей тұрып, жобалауға 3 млрд теңге жұмсалған. Министрліктің мәліметінше, жергілікті маңызы бар жолдардың 80 пайызы – қанағаттанарлық жағдайда. Алайда жүргізілген талдау көрсеткендей, тек 18 мың шақырымына немесе жергілікті жолдардың 26 пайызына ғана асфальт-бетон жабыны төселген. Қалған 74 пайызы ше? Жалпы, бұл көрсеткіш қалай есептелді? Қиыршық тас­тан және топырақтан жасалған жолдарды қанағаттанарлық жағдайға жатқызбау керек. Сондықтан республикалық жолдарды бағалау сапасын қайта қарау қажет. Содан кейін біз жергілікті жолдардың жағдайына қатысты нақты картинаға көз жеткізетін боламыз, – дейді Мәжіліс депутаты.

Халық қалаулысының пікіріне ден қойсақ, жол сапасының нашарлауының негізгі себептерінің бірі – битум жетіс­пеу­шілігі. Оның айтуына қарағанда, отан­дық кәсіпорындар ішкі нарықты қажет­ті битуммен зорға қамтамасыз етіп отыр. Ал отандық битумның сапасы біздің табиғи-кли­маттық жағдайларымызға сай әзір­лен­ген ұлттық стандарттың талаптарына сәйкес келмейді.

– Сала мамандары еліміздің ұлттық стандартына сәйкес битум өндіруді қажет деп санайды. Ал «ГОСТ» стандартын қол­да­нуды доғаратын уақыт жетті. Өйткені оның талаптары біздің ұлттық стан­дартымыздан әлдеқайда төмен. Былтыр Жол активтерінің ұлттық сапа орта­лығы республикалық маңызы бар жолдарда 1 400-ден астам жол битумының сынамасын тексерді. Оның 21 пайызының сапа нор­мативтерінің талаптарына сәйкес кел­мейтіні анықталды. Ал биыл барлық сынаманың 28 пайызының талаптарға сәйкес келмейтіні белгілі болды, – деп нақтылады А.Рау.

Битум сапасы маңызды

Битум сапасына қатысты мәселені Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының бас директоры Замир Сағынов та растады. Оның пікіріне сүйенсек, жол битумы сынамаларының үштен бірі тиісті талаптарға сәйкес келмейді.

– Биыл біздің орталық мұнай өңдеу зауыттары, асфальт зауыттары және битум қой­маларынан 900-ге жуық жол биту­мының үлгісін пайдаланып, сынап көрді. Оның ішінде 232 сынама (26 пайызы) сапа стандарттарына сәйкес келмейтіні анықталды. Осыған байланысты битум сапасына қатысты мәселелерді терең зерттеу үшін орталық базасында битумды және полимерлі-модификацияланған битумды байланыстырғыштарды зерт­теу жөніндегі орталық зертхана құрыл­ды. Ол заманауи жабдықтармен жарақ­тан­ды­ры­лып жатыр, – деді З.Сағынов.

Оның айтуынша, орталық Назарбаев универ­ситеті профессорларымен бірле­сіп, еліміздің әртүрлі өңіріндегі нақты көлік пайдалану және климаттық жағ­дай­ларды ескере отырып, асфальт-бетон­ның беріктік сипаттамаларын артты­ру, жөндеуаралық қызмет мерзімін ұл­ғайту бойынша ше­телдік тәжірибені зерделеп жатқан көрі­неді. Сондай-ақ Л.Н.Гумилев атындағы Еура­зия ұлттық университетімен бірлесіп, цемент-бетон жабыны бар автожолдарда ақау­лардың пайда болу себептерін анық­тау бойынша ғылыми-зерттеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Жұмыстың қоры­тын­дысы бо­йынша қолданыстағы нор­матив­терге өзге­­рістер енгізу бойынша ұсы­ныс­тар бе­рілетін болады.

– Осы жылы орталық жол-құрылыс материалдарының 29 мың үлгісінен сынама алды. Олардың 9 мыңы республикалық желіге, 20 мыңы жергілікті желіге тиесілі. 7,3 мың материал сынамасы немесе 24 пайызы белгіленген нормативтік талап­тарға сәйкес келмейді. Осылайша, респуб­ли­калық желі бойынша 13 пайыз (1 166), жергілікті желі бойынша 30 пайыз (6 234) сәйкессіздік анықталды. Сапа сараптамасымен жергілікті желі бойынша іске асырылатын барлық жобаның небәрі 63 па­йызы, ал республикалық жолдар бойынша барлық жоба қамтылған. Техникалық қадағалауда орын алған бұзушылықтар бойынша өңірлік Мемлекеттік сәулет құрылысы басқармаларына өтініштер жолдануда. 2020 жылдан бері біздің орталықтың жолдаған өтініштері бо­­­йынша 81 техникалық қадағалау қызметі әкім­шілік жауапкершілікке тартылса, 56 инженердің аттестаты күшін жойған. Сондай-ақ 4 мердігер ұйым жол құрылыс жұмыстарын жүргізу лицензиясынан айы­рылды. Жалпы салынған айыппұл сомасы 110 млн теңгеге тең, – деді З.Сағынов.

Бірыңғай база құрылады

Мемлекет басшысының автожол саласын реформалау жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі арнайы түзетулер пакетін дайындағанын атап өткен жөн. Осылайша, Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институтында жаңа технологиялар мен жол-құрылыс мате­риал­дарының бірыңғай базасы құрылады.

– Қазір карьерлердің, битум зауыт­тары материалдарының сапасы жайлы ақпарат жинақталып жатыр. Сондай-ақ климат ерекшеліктері, геологиялық және гидрогеологиялық деректер ескерілетін болады. Аталған институт қозғалыс қар­қындылығын, есептік жүктемелерді ес­кере отырып, әрбір өңір үшін жол төсем­дерінің үлгілік конструкцияларын қалыптастыратын болады. Бірыңғай база­ның бастапқы деректері жобалау және құрылыс жұмыстары кезінде негізге алын­бақ, – дейді Автомобиль жолдары ко­митетінің төрағасы Төлеген Абдуллин.

Оның айтуынша, бүгінгі таңда Қазақ­с­танның автожол саласында 1 200-ден астам стандарт пен норматив бар. Рефор­малау шеңберінде министрлік норма­тивтік базаны қалыптастыру тәсілдерін өзге­ртуде. Алдағы уақытта ұлттық стан­дарттарды әзірлеу кезінде ғылы­ми және зертханалық зерттеулердің қоры­тын­дылары, тәжірибелік учаскелер мен қа­нат­ты жобалардың ұзақмерзімді мони­то­рингінің нәтижелері ескерілетін болады.

– Қазақстан жол ғылыми-зерттеу инсти­туты нормативтік-техникалық құ­­­жат­тардың жаңа бірыңғай жүйесін құ­ру­да. Ол жетілдірілген, нормалардың қайталануын болдырмайтын шамамен 50-70 ұлттық стандарт пен нормативтік-техникалық құжаттан тұратын болады. Тиісті нормативтік құжаттар 2025 жылға де­йін кезең-кезеңімен енгізілмек. Жол саласына қатысты жаңа технологиялар іске қосылғаннан кейін оларды өзектендіру мәселесі жедел жүзеге асырылатын болады, – дейді Т.Абдуллин.