• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 30 Қараша, 2022

Дубектің даңқы: «Ақбақайдан» «Алтыналмасқа» дейінгі жол

345 рет
көрсетілді

Бетпақдаланы бағындырып, жылына бір тонна таза алтын өндіретін атақты «Ақбақай» кен орнын ашқан, астында кемі бес ғасырға жететін алтын қоры жатқанын дәлелдеп берген, ел экономикасын алға сүйреген басқа да жүзден астам кен орнын тапқан Дубек Дүйсенбековтің даңқы өндіріс барда өшпейтіні даусыз.

«Көріпкел кенші» атанған әйгілі геологтің дәл осы қасиеті Қазақстанды жерасты қазба байлығы жағынан алға оздырып, 1969 жылы ашқан «Ақбақайы» якут жерінің гауһар қорларымен теңе­сіп, ғасыр жаңалығы болған. Дубек Дүйсенбекұлына дейін қуар­ған Бетпақдалада үш бірдей экспе­диция табан тоздырса да, бөрік­ті аспанға атып қуанатындай нәти­же шығара алмағаны аян. Ал қазір ашық және шахта әдісімен игеріліп жатқан кен орны – ен байлықтың көзі. Сол жылдардың өзін­де небір мамандар Ақбақай алқа­бы­ның ерекшелігін айтып тауыса алмай, аңыз тектес әңгіме­лер желдей ескен. Тіпті кейбір кеніш­тер бір тонна кеннен 6 килоға дейін алтын бергенде, тоннасына орта мөлшері 3 грамның өзі олжа деп білетін кеншілер үшін бұл бір ғаламат болғаны сөзсіз.

Талдықорған облысы Тас-төбе ауылынан шыққан атақты геологтің еңбек жолы Жезқазған өңі­рінен бастау алады. Ел аузын­да «Алланың берген геологі» атанған таланттың танылуында академик Қ.Сәтбаевтың да үлесі бар. Тау-кен институтының жап-жас түлегі 1956 жылы алғашқы бентонит саз кен орнын ашып, оның үлгілерін Алматыға, академик Иван Бокқа көрсетуге әкел­генде, ұстазы сол сазды бір­ден Қаныш Имантайұлына алып барады. Белгілі ғалымдармен өткен кеңесте Қаныш Сәтбаев әлі танылмаған Дубек Дүйсенбековке бірден назар аударады. Дәл сол кезде Андреевский бентонит саз кен орнын игеруге рұқсат берілген екен. Осылайша, Дубектің ұстазы әрі жол бастаушысына айналған академик оны аспирантураға бара жатқан жерінен алып қалып, кенбарлау жұмыстарына жібергені толық ақталды.

1969 жылы Жамбыл облысы Мойынқұм ауданында «Ақбақай» кен орнының ашылуы кеңес одағы аумағында сенсация ретін­де бағаланды. Атақты геолог одан кейін де 45 жылдық геология­­лық барлау қызметінде «Бескемпір», «Кенжем», «Думаншуақ», «Япур-ай», «Ақсақал» кен орындарын да ашты. Ол ашқан кен орын­дарының басым бөлігі «Япур-ай», «Мақпал», «Қаратоғай», «Ләйлім», «Қаракесек», «Ақмаң­дайлым», «Қарғаш» сынды қазақ халқының классикалық әндері­нің атымен аталады. Ол ашқан қазба орындарының арқасында «Ақбақай» кен байыту комбинаты салынды.

Дубек Дүйсенбекұлы атақтан кенде болмаған, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты атанды, екі Еңбек Қызыл Ту орденімен, талай медальмен марапатталды.

Қазіргі таңда «Ақбақай» кен орны «Алтыналмас АК» АҚ-ның өндірістік алаңына айналғаны аян. Компанияның активіне «Ақбақай» жобасы 2011 жылдан бастап енді. 2011-2015 жылдары кеніш қол еңбегі технологиясынан жерасты өндірісінің механикаландырылған әдісіне көшкеннен кейін, өнім­­ділік 600 пайызға өскен. «Алтынал­мас» «Ақбақайды» фабрика салу, кәсіп­орынның жиналған техно­гендік-минералдық түзілімдерін қайта өңдеу арқылы дамытты. Фабрика жылына 850 мың тонна кен өңдей алады. Биыл маусым айында 2-кезең жаңғырып, іске қосылғаннан кейін өндіріс қуаты 1,2 млн тоннаға дейін артты. Компания жоспарындағы келесі кезең – «Ақбақайдағы» алтын шығару фабрикасының 1-кезеңін автоматтандыру.

Ең бастысы, өндірісті цифр­ландыру бағдарламасының арқа­сында инновациялық технологиялар келді: жерасты стацио­нарлық жабдықтары, ашық тау-кен жұмыстарын басқару автоматтандырылды, геологиялық-маркшейдерлік сүйелдемесі мен GEOVIA біріктіру платформасы қолданысқа енді. Ұзындығы 130 шақырым талшықты-оптикалық байланыс желісі жүргізіліп, 400 метр тереңдікте жерасты Wi-FI орна­тылды. Жерасты тау-кен жұмыс­тарының маркшейдерлік бақы­лауы кеншілердің қауіпсіз­дігін қамтамасыз ететін және тау-кен жұмыстарының өнімділігін арттыратын CMS MINEi (Geosight, Канада) пайдаланылған кеңістік­ті лазерлік сканерлеу әдісі ар­қы­лы жүзеге асырылады. Оған қоса, тау-кен геологиялық деректер­ді жүйелеп сақтау үшін сыртқы зертханалармен біріктірілген Minevision орталықтандырылған дерек­терді басқару жүйесі енгізіл­ді. Strata жерасты позициялау жү­йесі диспетчерге сенсорлары арқы­лы адам мен техниканың тұрған жерін көрсете алады. Ал Surpac-тағы 3D модельдеу жүйе­сі геологтің жұмыс уақытын үнем­деуге және деректердің толық­тығы мен нақтылығын арттыруға мүмкіндік береді. Кеніштің желдету жүйесі VentSim бағдарламалық жасақтамасы көмегімен жасалған.

Ал енді осыншама ен байлық­тың үстінде отырған, іргесінде алтын кеніші бар Ақба­қай ауылында 1,5 мыңдай адам тұрады. Үлкен деп айтуға да болмайтын, кіші деп айтуға да келмейтін осы ауылдың бар мұқтаждығы «Алтыналмас АК» АҚ-қа артылған. Компания 2013 осы елді мекеннің тұрмыс-тір­шілігін түлетуді мақсат тұта­тын меморандумға қол қой­ған­дықтан, осы мәмілеге сәйкес «Алтыналмас» ауылды ауыз су, токпен қамтамасыз етеді. Қоғам­дық моншадан бастап, жолдарды жөндеу, тазалық жұмыстары, Ақбақай – Мирный көлік жолын күтіп ұстау да компанияның мойнында. Мәдени, спорттық іс-шараларды өткізуде материал­дық қолдау көрсетіп, мерекелерде ауыл тұрғындары мен балаларды сыйлықтармен қуантуды ұмыт­пайды. Компания пандемия кезін­де де өз қаражатына әкім­діктен бастап, мектеп, балабақша, медбекетті жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосты.

Қалай десек те, Компания мен далада, карта бетінде дарынды геолог Дубек Дүйсенбекұлының арқасында пайда болған жұ­мыс­шы ауылдың әл-ауқатын еш­қашан қаперден шығармайды. Өйт­кені «Ақбақай» кен орны ар­қылы Қазақстан әлемдегі алтын өн­діруші елдер он бестігіне кірді.

 

АЛМАТЫ