• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Қаржы 02 Желтоқсан, 2022

Қаржы нарығындағы ахуал

154 рет
көрсетілді

Долларға қатысты сұ­ра­ныс пен ұсыныстың теңгерімді болуына байланысты қазан айында теңгенің биржалық бағамы 1 доллар үшін 465,02-479,05 теңге аралығында өзгерді. Квазимемлекеттік сек­тор­дың экспорттық тү­сі­мін сату (528,6 млн доллар) және Ұлттық қордан трансферттерді жүзеге асыру үшін шетел валютасын конвертациялау (362 млн доллар) валюта нарығындағы ұсынысқа қолдау көр­сеткен. Ұлт­тық банк валюта на­ры­­ғында сұ­ра­ныс пен ұсыныстың теңгерімді болуына байла­нысты ва­лю­талық интервенциялар жүр­гізбеді.

Теңге-доллар валюта жұбы бойынша операциялардың жалпы көлемі бір айда 5,7%-ға төмендеген (жылдық мәнде 13,2%-ға). Оның ішінде Қа­зақ­стан қор биржасындағы бир­жалық сауда-саттық көлемі айлық динамикада 20,6%-ға өсіп, жылдық көрсеткіште 10,3%-ға төмендепті. Халық тарапынан шетел валютасына сұраныс артқан. Қазанда шетел валютасын нетто-сатып алу 29,8%-ға өсті. Бұл ретте жылдық мәндегі нетто-са­тып алудың жалпы көлемі айтарлықтай дәрежеде рубль мен еуроны нетто-сатып алу­дың төмендеуі есебінен 36,9%-ға төмендеген.

Қазан айында Ұлттық банк­тің жалпы халықаралық ре­зервтері 1,0%-ға ұлғайып, 33,0 млрд доллар болды. Қазан­ның соңында Ұлттық қор­дың шетел валютасындағы ак­тивтерін (52,4 млрд доллар) қоса алғанда, елдің жалпы халықаралық резервтері 85,4 млрд долларға жетті. Өткен айда банктегі депозит көлемінің өсуіне байланысты ақша базасы 12 374,4 млрд теңге, 4,2 пайызға дейін ауқымды бола түсті. Ақша массасы 33 311,6 млрд теңге бо­­лыпты. Ақша массасының өсі­міне себеп – жеке тұлғалар несиесі мен ипотека көлемінің артуы.

Күздің екінші айында заң­ды тұл­ға депозиттері 4,1 па­йызға, же­ке тұлға салымда­ры 1,5 пайызға ұлғайған. Са­­лым­дарда теңгенің үлесі басым, тиісінше оның көп бөлігін заңды тұлғалар қойған. Көлемі – 19,4 трлн теңге. Базалық мөлшерлеме бойынша қабылданған шешімдер (16 пайызға дейін жоғарылауы) жағдайында банктік емес заңды тұлғалардың теңгедегі мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2022 жылғы қазанда 13,6%-ға дейін (2021 жылғы қазанда – 7,5%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша 12,6%-ға дейін (8,4%) көтерілді.

Қазанда екінші деңгейлі банктердің экономикаға берген несие көлемі 21 481,0 млрд теңгеге жетті. Бір ай ішінде жеке тұлғаларға қарыз беру 2,4 па­йызға өсті. Соның ішінде тұтынушылық несие көлемі – 7 302,1 млрд теңге.

«Дегенмен халықтың жоға­ры инфляциялық күтулері тұтынушылық несие беру­дің айтарлықтай ұлғаю қарқы­ны­ның сақталуына ықпал етеді. Қазанда тұрғын үйді жалдау ақысының айтарлықтай көте­рілуі және «7-20-25» бағ­дар­ламасы шеңберінде қара­жат­тың белсенді игерілуі аясында ипотекалық несиенің өсу қарқыны жоғары болды (жылдық мәнде – 47,1%, ай­лық мәнде – 3,9%, көлемі – 4 443,3 млрд теңге). Ұлттық валютадағы кредит көлемі 19 723,7 млрд теңгеге дейін, ай­лық мәнде 2,0%-ға ұлғайды. Олардың құрылымында заңды тұлғаларға берілген кредиттер – 6 352,1 млрд теңгеге дейін, 1,1%-ға, жеке тұлғаларға бе­ріл­ген кредиттер – 13 371,6 млрд теңгеге дейін, 2,4%-ға өсті. Шетел валютасындағы кредиттердің көлемі 1 757,3 млрд теңгеге дейін, 0,7%-ға, оның ішінде валюталық қайта бағалау есебінен төмендеді», делінеді Ұлттық банк хабарламасында.

Ел аумағында 19 төлем жүйесі жұмыс істейді. Қазанда Ұлт­тық банк төлем жүйелері (бан­каралық ақша аудару жү­йе­­сі және банкаралық клиринг жүйесі) арқылы 66,3 трлн теңге сомасына 5,3 млн транз­акция жүргізілген. Орташа алғанда бір күнде аталған төлем жүйелері арқылы 3,3 трлн теңге сомасына 265,4 мың транзакция жасалды. 1 қарашадағы жағдай бойынша 18 банк және «Қазпошта» АҚ төлем карточкаларын шы­ғар­ды. Эмиссияланған және таратылған төлем карточ­ка­ла­рының жалпы саны 63,6 млн бірлік болды. Оның ішінде 2022 жылғы қазанда төлем карточкаларының 50,7%-ы (32,2 млн төлем карточкасы) қолма-қол ақшасыз операцияларды және қолма-қол ақшаны алу операцияларын жүргізу үшін пайдаланылған.

«Салымшылардың зей­нет­ақы жинақтары қазанда 41,7 млрд теңгеге немесе 0,3%-ға ұл­ғайып, 14 145,8 млрд теңге болған. Зейнетақы ак­тив­терін инвестициялаудан түскен таза кіріс 1 қарашада 7 557,6 млрд теңгеге дейін 70,8 млрд теңгеге азайды. Мін­дет­ті зейнетақы жарналары бойынша салымшылардың жеке зейнетақы шоттарының саны (зейнетақы жинақтары жоқ ЖЗШ-ны ескергенде) 2022 жылғы 1 қарашада 10,9 млн шот болды. Зейнетақы төлемдерінің сомасы 31,5 млрд теңгені құрады», деп ақпарат береді Ұлттық банк.

Макроэкономикалық шолу аясында кәсіпорындарға мониторинг жүргізілген. Оның қорытындысы бойынша, нақты сектордағы экономикалық бел­сенділіктің өсу қарқынының баяулағаны байқалған. Дайын өнімге сұраныс артып, өнді­рістік қуат жүктемесінің және дайын өнім өндірісі көлемі аздап ұлғайған.

Қазақстан экономикасының жай-күйі кәсіпорындардың 35,6%-ы үшін бизнесті жүр­гі­зуге әлі де негізгі кедер­гі болып отыр. Ұлттық банк ха­бар­лауынша, одан өзге кедер­гілер ретінде – нарықтық бәсе­­келестік (28,7%), салық ауырт­­палығының деңгейі және са­тып алушыларды іздеу (23,4%), білікті кадр­лар­дың же­тіспеушілігі (22,3%), деби­тор­лық берешекті қайтару күр­делілігі (13,4%), қаржы­лан­ды­руға қолжетімділік аталады.