• RUB:
    5.2
  • USD:
    523.72
  • EUR:
    544.09
Басты сайтқа өту
Медицина 05 Желтоқсан, 2022

Жасанды жүрек те өмірді ұзартады

643 рет
көрсетілді

Бұған дейін «Жүректі механикалық қолдау» бағдарламасы Астанадағы Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығында енгізілсе, енді Алматыдағы Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институты да 60 жастағы пациентке жүректің жасанды сол жақ қарыншасын (LVAD) импланттау операциясын сәтімен атқарды. Бұл операцияны Алматы кардиохирургтері Астанадағы Ұлттық кардиохирургиялық ғылыми орталығындағы әріптестерімен бірге жасады.

«Көмекші механикалық құ­рылғы – шунттеу, клапандарды протездеу, кардиостимуляторды имплантациялау немесе дәрі-дәрмекпен емдеу сияқты басқа ем түрлері көмектесе алмайтын жү­рек ауруының ауыр немесе тер­ми­налдық сатысындағы па­циент­терге салынады», деді КІАҒЗИ кардиохирургия бө­лімшесінің меңгерушісі Рүстем Төлеутаев.

Мамандар қазір жер бетінде 26 миллиондай адам жүрек қыз­меті жеткіліксіздігінен қина­латындығын айтады. Пациент­тердің 20 пайызында ауруы асқынып кетеді. Осы дерттің сал­дарынан жыл сайын 1 млн адам аурухана төсегіне таңы­лады.

Қарапайым тілмен айтқанда, бұл кеселді жүрек бұлшықетінің ағзаны қан мен оттегіге қажет­тілігін қанағаттандыру үшін жеткілікті мөлшерде қан айдай алмайтын созылмалы, өр­ши беретін ахуал. Науқасты ентігу, кеуденің қысылуы, аяқ­тың ісінуі, бүйрегі мазалайды. Мұның соңы асқына келе ажал құштыруы мүмкін. Сон­дықтан созылмалы жүрек функ­циясының жеткіліксіздігі қа­терлі ісіктен кейінгі өлім-жі­тімге жетелейтін аурулардың ба­сында тұр. Ал LVAD имплантациясы ауыр СЖЖ диагнозы қойылған науқастарды емдеудің жаңа дәуірі десек те болады.

 «Имплантацияланатын жү­рек сорғысы жүрекке қан­ды бү­­кіл ағзаға айдауға көмек­те­седі және СЖЖ белгілерін же­ңіл­­детеді. Осыдан кейін жү­рек қыз­меті жақсарып, нау­қас­қа жүрек транспланта­ция­сын күтуге мүм­кіндік береді. Кейбір науқастар үшін бұл өмірді ұзар­тудың жалғыз мүм­кіндігі. Біз жүрекке жоғары технологиялық операциялардың барлық түрін жасаймыз. Келе­шекте жүрек патологиясын ем­деудің жаңа заманауи әдіс­те­рін ұлғайтуды және одан әрі енгізуді жоспарлап отырмыз», дейді Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ басқарма төрағасы, профессор Роза Қуанышбекова.

Клиника басшысының ай­туын­ша, екі түтігі бар, біреуі қол­қаға, екіншісі жүректің сол жақ қа­рыншасына қосылған шағын сорғы сол жақ қарын­ша­ның қыз­метін атқарады. LVAD өмір­ді ұзартуға, бұрынғы қалпына ора­луға мүмкіндік бе­реді. Жа­санды жүрегі бар нау­қастың басқа адамдардан айыр­машылығы – оның тамыр со­ғысы болмайды.

Алматыда ең бірінші болып жүректің жасанды қарыншасы салынған Алматы облысының 60 жастағы тұрғыны Ғаппар Қа­лиевқа 2020 жылы кардио­вертер-дефибриллятор имплан­та­цияланған. Басқа да қосымша аурулар мазалаған науқасқа жа­салған бұл операция да сәтті өтті.

 

АЛМАТЫ