«Өнерде шекара болмайды» деген тәмсілдің ақиқат екендігіне шүбәсіз сенесіз. Жалпы жұрт жадынан өшпейтін өнер жасаған таланттардың туындылары – адамзатқа ортақ құндылық. Осы ретте орыстың көрнекті композиторы Андрей Петров туралы айтқанды жөн көрдік. Айтпақшы, оны кеңес дәуірінде туған адамдар жақсы біледі. Әсіресе оның есімі жалпақ елге әйгілі режиссерлер Георгий Данелия мен Эльдар Рязановтың ғажайып көркем фильмдеріне жазған бірде мұңлы, бірде сырлы музыкасымен танылды.
Болашақ композитор 1930 жылы қазіргі Санкт-Петербург қаласында өмірге келген. Әкесі дәрігер-хирург, анасы суретші болған. Кейіпкеріміз бала күнінен кітапты жақсы көріп, Пушкиннің поэзиясы мен Паустовскийдің романтикалық прозасын сүйіп оқыған. Соның әсерімен жазушы болсам деп армандапты. Бірақ бұл ойынан ұлы композитор Иоганн Штраустың өмірбаяны желісімен түсірілген «Үлкен вальс» фильмін көргесін бірден айнып, композитор болуға құштарлығы оянады. Сөйтіп, өнерге ынтық өрен алдымен музыка мектебінде, одан соң музыкалық училищеде тәлім алды. Кейін Ленинград мемлекеттік консерваториясын тәмамдап, кәсіби музыкант болды.
Айтулы өнер иесінің шығармашылығы сан қырлы десек болады. Ол көркем фильм, спектакль және эстрадаға ғана музыка жазып қойған жоқ, сонымен бірге балет, опера, симфония секілді күрделі жанрларға қалам тартып, бірегей шығармалар тудырды. Біз мақаламызда Андрей Петровтың көркем фильмдерге жазған музыкасы туралы сөз қозғаймыз.
Композитор көркем фильмдерге музыканы өткен ғасырдың 60-шы жылдарының басынан жаза бастады. Алғашқы жазған музыкасы «Синей птице» атты фильмге арналды. Бұл туындыда басты рөлдерді Элизабет Тейлор, Маргарита Терехова және балерина Надежда Павлова секілді танымал актрисалар ойнаған. Кинодағы жолы сәтті басталған композитор одан кейін «Мәскеуді аралап келемін», «Адам – амфибия», «Дос туралы ән» және т.б. фильмдерге музыка жазды. Оны жұртшылық өте жылы қабылдады. Мәселен, көрнекті режиссер Георгий Данелия түсірген «Мәскеуді аралап келемін» атты көркем фильмді әлі күнге көрермен зор ықыласпен тамашалайды. Бір жағынан, осы туындының сәтті шығуына шығармаға өң беріп тұрған музыкасының әсері үлкен. Шынында да, кино басталғаннан адамның сезімін тербейтін ойнақы әсем саз бірден тартып әкетеді. Мұны Андрей Петровтың шеберлігі деуге болады.
Әсіресе композитордың режиссер Эльдар Рязановпен шығармашылық байланысы оған үлкен даңқ әкелді. Екеуінің тандемінен туған «Қызметтестер хикаясы», «Мұңлы романс», «Вокзалда кездескен екеу», «Автомобильден сақтан» және т.б. туындылары кеңес киносының классикасына айналды. Бүгінде екі сериялы «Қызметтестер хикаясынан» жарыққа шыққанына 45 жылдан аса уақыт өтсе де оны көрермен әлі қызығып көреді. Статистика басқармасының қатардағы қызметкері, жалғызбасты әке Анатолий Ефремович Новосельцев пен мекеме басшысы, тұрмыс құрмаған Людмила Прокопьевна Калугина арасында өрбіген оқиға сол кезеңдегі қоғамның әлеуметтік шындығын нанымды бейнелеген. Фильм жарыққа шыққанда оны 58 миллион адам тамашалап, жоғары бағалаған. Бұл туындыда режиссермен бірге композитордың еңбегі ерекше екенін айтамыз. Әсіресе табиғат көріністерімен үндесе жазылған әуезді әуен адам жанын толқытып, әсем күйге бөлейді. Сондай-ақ «Вокзалда кездескен екеу» атты фильмдегі Петровтың музыкасы буфетші әйел Вера мен мәскеулік пианист Платон Рябининнің арасындағы махаббат сезімін жып-жылы жеткізіп, оның мазмұнын байыта түскен.
Сонымен бірге Георгий Данелияның 1979 жылы түсірген «Күзгі марафон» фильмінің музыкасы аталған туындыдағы адал, еңбекқор, білімді бас кейіпкердің жан-дүниесімен үйлесіп тұрғанын көресіз. Жалпы, осы кинодағы оқиғаларды композитор тап басып, айшықты өре білген. Данелия ол туралы: «Оның талантын жоғары бағалаймын. Өте сенімді адам. Сондықтан да оған рухани қажеттілікті сезінетін барлық нәрсеге сене алдым» деп айтыпты.
Талант иесі Георгий Данелия, Эльдар Рязанов және тағы басқа белгілі режиссерлердің бірінен бірі өтетін туындыларына жазған музыкасы арқылы қаншама көрерменді рухани ләззатқа бөледі. Бірде Георгий Данелия оны мерейтойымен құттықтап, оған: «Сіз Эльдар Рязановтың фильмдеріне музыканы маған секілді емес, жаныңызды салмай жазыңыз», деп әзілдеп хат жолдапты. Соған қарағанда оның режиссерлер арасында беделі жоғары болғандығын байқаймыз. Талантты тұлға бас-аяғы 80-нен аса фильмге музыка жазып, кинода қолтаңбасын қалдырды.
Қорыта келгенде, КСРО мемлекеттік сыйлығының екі мәрте лауреаты, композитор Андрей Петровтың өнердегі өнегелі ізі музыка әлемінде сайрап жатыр. Сондықтан да оған жақын достары «музыка рыцарі» деп баға беріпті. Осы сөзге оның барлық болмысы сыйып тұр.