Жылу жүйесіндегі апатты қалпына келтіру жұмыстары екінші аптаға кетті. Шаһардағы барлық үйдің жертөлесіне жылу кіргенімен, пәтерлердегі қатып қалған құбырлар мен кәріз жүйесін реттеу қиынға соғып тұр. Тұрғындар жөндеу бригадаларының жетіспейтіндігіне, кейбірі жылу батареяларын өз қаражаттарына сатып алып жатқанына шағымданып жатыр.
Қазір көмірлі шаһарда проблема туындап тұрған көпқабатты 70-тен астам үй бар. Жөндеу бригадалары әр тұрғын үй үшін күні-түні жанталасып, ішіне мұз қатқан құбырларды жібітуге түрлі әдіс қолдануда. Төтенше жағдай қызметінің арнайы жылытқыш қондырғылары жертөлелер мен подъездер ішіне үлкен құбырлар енгізіп, ғимараттарды жылытуға тырысып жүр. Алайда кешелі-бері қыса түскен аяз қалпына келтіру жұмыстарына айтарлықтай кедергі келтіруде.
Мәшһүр Жүсіп көшесі, №46 үй тұрғыны Лариса Пузикова 9 тәуліктен бері жылусыз отырғанын айтады. Ал Сәтбаев көшесі, №8 үйде тұратын Людмила Казанцева есімді екібастұздық ана үй иелерінің амалдары әбден құрығанын, пәтер ішіндегі температура нөлден төмен болып тұрғанын жеткізді. «Тұрмыстық техникаларымыз қатып қалған, электр желісіне қосуға мүлде жарамайды. Электр жарығы қайта-қайта сөнеді», деді ол.
Екібастұзда апат басталмас бұрын жылу параметрлері түсіп кеткен баспаналар да бар болып шықты. Мәселен, Энергетиктер көшесі, 83 мекенжайындағы көпқабатты үй 25 қарашадан бері қиын жағдайда тұр. Шаһарда кешенді апат орын алған күні үй иелері құбырлардағы суды ағызып жіберген. Жөндеу бригадаларына берілген тізімде бұл үй жоқ. «Шұғыл желіге» хабарласса, ондағылар жөндеу бригадаларының жетіспейтінін айтқан.
Апатты қалпына келтіру жөніндегі жедел штабтың есебіне сүйенсек, барлығы талапқа сай қосылып жатыр. Әлгіндей үйлер тіпті аталмайды. Мәселен, жедел штабтың жетекшісі, Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Скляр кеше жоғарыда аталған 70-тен астам үйдің жылыту тораптарында жөндеу жұмыстары аяқталғанын хабарлады. Қазір пәтерлердің ішіндегі құбырлар мен регистрлерді қосу жүріп жатыр. Сонымен қатар мамандар су және кәріз жүйелерін қалпына келтіруде. Жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарына жалпы саны 851 адам жұмылдырылған.
– Апат салдарынан жылудан ажырап қалған барлық үйдің жертөлесіне дейін жылу кіргізілді, жылу айналымы қалпына келе бастады. Жөндеу бригадалары жексенбі күні кешкі 20.00-ге дейін үйлердің ішіндегі 850 жылу батареяларын айырбастады. Стансада ысырап болып жатқан су көлемі шамамен 360 тонна, кәсіпорын бұған қосымша тағы 350 тоннадай жоғалтып отыр. Өкінішке қарай, кейбір үйлерде ПИК-тер тиісті шараларды уақтылы атқармай, соның салдарынан жүйелер аязда қатып қалған. Қазір Сәтбаев көшесі, 8 үй, Мәшһүр Жүсіп көшесі, 52 үй, Әуезов көшесіндегі №47, 46, 46А, Шешембеков көшесі, 19А үйлерінде қиындық туындауда. Штаб жетекшісі, Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Склярдың тапсырмасымен әр үйге белгілі бір кәсіпорындар бекітілді. Әлгі кәсіпорындардың басшылары қалпына келтіру жұмыстарының басы-қасында өздері жүр. Бұл жағдай барлық зақымдану толық қалпына келтірілгенше сақталады. Үйлерді жылуға қосу жақын уақытта аяқталады деп отырмыз, – деді Павлодар облысы әкімінің міндетін уақытша атқарушы Олег Крук бұрнағы күні өткен брифингте.
Штаб өкілдері апатты жою шараларына белсенді атсалысып жатқан «САЭМ» компаниясына, «Шығыс» кеніші, МАЭС-1, МАЭС-2 стансаларына, «Бозшакөл» КБК-ға, «Богатырь Көмір» және КЕГОК кәсіпорындарының басшылығына, сондай-ақ өз жұмысын адал атқарып жүрген ПИК-тердің өкілдеріне алғыстарын білдірді. Аязда тұрғындар мен жөндеу бригадаларына ыстық шай мен ас-ауқат тасып жүрген еріктілердің еңбегі де мақтауға лайық.
Қала басшысы Аян Бейсекиннің айтуынша, апаттан зардап шеккен тұрғындардың барлық шығынын өтеуді «Орталық Азия Электроэнергетикалық Корпорациясы» АҚ өз міндетіне алып отыр. Жөндеу жұмыстарында пайдаланылып жатқан құбырлар мен радиаторлар негізінен аталған АҚ-ның және демеушілердің есебінен сатып алыныпты. Барлық көпқабатты тұрғын үйлердің жылу тораптары қалпына келген соң жөндеу бригадалары суық су құбырларын жібітуге және жүйелері қатып жатқан 70 жеке үйдің құбырларын реттеуге аттанады. Бұған қоса ОЖП-52 нысанына және өзге де магистральдарға қосылған бірнеше әлеуметтік нысанның жүйелерін дұрыстау көзделіп отыр.
«Екібастұз жылу-энерго» ЖШС-ның басшылығы кеше түске қарай станса штатты режімде жұмыс істеп тұрғанын, жылу тасымалдағыштардағы судың температурасы 87, айналымдағы су 59 градус екенін мәлімдеді. Бұрнағы күні түнде Екібастұзға 4 мың жылу радиаторы мен 20 мың метр болат құбырлар тиелген 15 жүк көлігі жетті. Тағы 2 мың радиатор кеше әкелінді. Бұл материалдар магистральдағы, орамішілік және үйішілік жүйелерді ауыстыруға пайдаланылады. Бұдан басқа дәнекерлеу жұмыстарын жүргізу үшін қосымша электродтар, тегістегіштер, жылуоқшаулағыш, рубероид, ысырмалар сатып алынған.
Мамандар Екібастұздағы жағдайды толық ретке келтіру әлі біраз уақытты талап ететінін айтып отыр.
Павлодар облысы,
Екібастұз қаласы