Астанада «Қазақстан Республикасы Парламентінің қоғамға институционалдық ашықтығы» атты халықаралық конференция өтті. Басқосу барысында сенаторлар Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қоры, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі, USAID, Internews және Астанадағы ЕҚЫҰ Бағдарламалар кеңсесінің өкілдерімен бірге парламентшілердің азаматтық қоғам көшбасшыларымен өзара іс-қимылының өзекті мәселелерін талқылады.
Сенат Төрағасының орынбасары Асқар Шәкіров өз сөзінде еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың саясатындағы басымдықтардың бірі – билік пен қоғам арасындағы диалогті дамыту, азаматтардың мемлекетті басқаруға қатысуын кеңейту екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысы бірнеше рет атап өткендей, біздің қоғамды толғандыратын негізгі проблемалар өркениетті азаматтық диалог аясында Парламентте талқыланып, шешімін табуға тиіс. Қазіргі кезеңде инклюзивтілікті арттыру, заң шығарушы органда әртүрлі саяси күштер мен әлеуметтік топтардың өкілдігін кеңейту, депутаттық корпус жұмысында қоғамға ашықтық пен транспаренттілік маңызды ұстанымдар болып табылады», деп атап өтті Асқар Шәкіров.
Төраға орынбасары «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының қағидаттарына сәйкес Парламентте азаматтық қоғаммен және сарапшылармен диалог жүргізу үшін арнайы алаңдар құрылғанын атап өтті.
Сенат жанында заң шығару қызметіндегі жас сарапшылардың әлеуетін дамытуға бағытталған Жас сарапшылар клубы құрылды. Сондай-ақ Сенаторлар кеңесі, «Ұлттық мүдде» диалог алаңы және Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жөніндегі кеңес жұмыс істейді.
Сонымен қатар заң жобаларын жұмыс топтары аясында талқылауға үкіметтік емес сектордың, ғылыми және сараптамалық қоғамдастықтың өкілдері де қатысады. Бұл ретте оның аса маңызды заңдарды әзірлеу және қабылдау кезінде ерекше мәні бар.
Кездесуге қатысушылар Парламенттің заң шығару қызметі аясындағы өзара іс-қимылдың бұдан былайғы жолдарын талқылады және осы бағыттағы бірлескен жұмысты жалғастыруға дайын екендіктерін білдірді.