• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
Үкімет 06 Желтоқсан, 2022

Мемлекеттің экономикаға қатысу үлесі 14%-ға дейін төмендейді

210 рет
көрсетілді

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын орындау барысы қаралды, деп хабарлайды Egemen.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Кешенді жоспарға 675 мемлекеттік меншік және квазимемлекеттік сектор нысаны кіретінін баяндады.

Оның ішінде 7 республикалық және 250 коммуналдық меншік объектісі, 262 ұлттық холдингтер мен компаниялар объектісі, сондай-ақ шамамен 150 ӘКК объектісі бар.

Бүгінде 141,7 млрд теңге тұратын 253 объект бәсекелестік ортаға берілді, 60 объект қайта ұйымдастыруға және жабылуға бағытталған, 146 объект – сауда-саттықта және тағы 216 объект – сату алдындағы дайындықта. Сату, қайта ұйымдастыру және жабу бойынша Кешенді жоспардың орындалуы 46%-ды құрайды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, жекешелендіру тізбесін кеңейту үшін активтерді іріктеу критерийлері бекітілді. Осы критерийлер негізінде Кешенді жоспарға 170-тен астам нысан қосылып, өзектендірілді. Сонымен қатар жекешелендіру кезінде мемлекеттің мүдделерін сақтау үшін стратегиялық ұйымдардағы бақылау үлестерін сақтау көзделген.

Сонымен қатар, бүгінде коммуналдық кәсіпорындарды жекешелендіру тәсілі қайта қаралды. Мәселен, жоспардан халықтың тіршілігін қамтамасыз ету үшін маңызды 200-ден астам әлеуметтік маңызы бар объекті (сумен, электрмен және жылумен жабдықтау) алынып тасталды.

Бұдан кейін «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев баяндама жасады.

Премьер-Министр жекешелендіру мәселелері мемлекеттік органдардың бірінші басшыларынының ерекше бақылауында болуы тиіс екенін атап өтті.

«Кешенді жоспарды іске асыру 2025 жылға қарай мемлекеттің экономикадағы үлесін 14%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік береді. Сатуға қойылған әрбір объект бойынша Жол картасы әзірленді. Олар мемлекеттік мүлік тізілімінің веб-порталында орналастырылған. Активтерді бәсекелес нарыққа жоспарлы түрде шығаруды қамтамасыз ету қажет», деді Әлихан Смайылов. 

Сонымен қатар, Үкімет басшының айтуынша, объектілердің сату алдындағы дайындық сапасына да көбірек көңіл бөлу керек. Кешенді жоспарды толыққанды іске асыру үшін жекешелендіру процесінің ашықтығын арттыру қажет.

«Мемлекеттік органдар, өңір әкімдіктері, квазимемлекеттік сектор ұйымдары жоспарды нақты орындауы қажет. Жыл қорытындысы бойынша жұмыстарыңызға тиісті баға берілетін болады», деді Әлихан Смайылов. 

Қорытындылай келе, Премьер-Министр «Самұрық-Қазына» қорына «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының IPO-сын сапалы өткізуді қамтамасыз етуді, ал Қаржы министрлігіне Кешенді жоспар объектілерінің сатылуына бақылауды күшейтуді тапсырды.