• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Аймақтар 07 Желтоқсан, 2022

Сапасыз ойыншықтың залалы

276 рет
көрсетілді

Дүкендегі балаларға арналған сапасыз базарлықтар әртүрлі дертке жетелеуі мүмкін. Кеденнен заңсыз өткен ойыншықтардың залалы қоғамға қауіпті. Мәселен, Жетісу облысында зерттелген ойыншықтардың 64 пайызы техникалық регламенттердің талаптарына сәйкес келмейді. Демек, өңір тұрғындарының алаңдауына себеп бар. Бүгінде дәрігерлер де зар қағып отыр.

Өңірлік санитарлық-эпидемиялық бақылау департаменті тұ­рақ­ты түрде ойыншықтардың қауіп­­сіздігіне мониторинг жүргізеді. Мақ­сат – өнімнің қауіпсіздігін баға­лау, сондай-ақ техникалық регламент­тердің талаптарына сәйкес келмейтін бұзушылықтарды анықтау. Мысалы, ағымдағы жылдың 10 айында мониторинг нәтижелері зерттелген ойыншықтардың 64 пайызы Ке­ден одағының «Ойыншықтардың қауіп­сіздігі туралы» техникалық регла­ментінің талаптарына (ТР ТС 008/2011) сәйкес келмейтінін көрсеткен.

Барлық жағдайда сәйкессіздіктер ойыншықтардың таңбалануында анықталған, яғни тауардың атауы, дайындаушының (уәкілеттік берген тұлғаның), импорттаушының атауы мен орналасқан жері, дайындалған күні, ЕАС белгісі туралы ақпарат болмаған. Ол аздай ана тілімізде деректер жөнді жазылмаған.

Атап айтсақ, «L.Q.L. BEAUTIFUL» пластмассадан жасалған қуыршағы, «TOYS» пластмассадан жасалған су тапаншасы, «Beach Toys» құмда ойнауға арналған жинағы, «Toys Toys» су тапаншасы, «Girls Toys» ыдыс-аяқ жинағы Қытайдағы белгісіз өндірушілер жасаған. Үш жастан асқан балаларға арналған 5 ойыншық сынамасында формальдегид, бензол, стирол және ксилолдың артық мөлшері анықталды. Мамандардың айтуынша, формальдегид қатерлі ісік ауруын тудыруы мүмкін. Сондай-ақ бензол сүйек кемігіне зиянды әсер етеді және қызыл қан жасушаларының азаюына сеп болады. Мұның әсірінен бала анемияға душар болуы ықтимал. Стирол бауыр мен бүйректің жұмысына, қан айналымы мен жүйке жүйесіне теріс әсер етеді. Ол ол ма, адам ағзасына ұзақ уақыт енуі жоғары тыныс алу жолдары ауруларының асқынуларын тудырады. Ксилол адамның жүйке жүйесіне зиянды, ағзаға түскенде терінің және шырышты қабаттардың тітіркенуіне жол ашады. Осы орайда департамент қызметкерлері кәсіпкерлік субъектілерінің атына бұзушылықтарды жою туралы ұйғарымдар берді.

Өздеріңізге белгілі, жаңажылдық мереке жақындап келеді. Осы күндері балалардың денсаулығына зиян келтірмеу үшін ойыншық таңдауға жауапкершілікпен қарау керек. Осы ретте мамандардың кеңесіне жүгінсек. Ең алдымен, таңбалауды зерделеп алыңыз, ол толық, дұрыс, нақты, оңай оқылатын, мемлекеттік және орыс тілдерінде болуға тиіс. Одан кейін ойыншық дайындалған материалға назар аударыңыз, онда жағымсыз иіс болмауы керек. Түсі тым жарқын емес, дыбыс аса қатты және кенеттен шықпауға тиіс. Сосын барлық бекітпе мен қосындының сенімділігін тексеріңіз. Сатушыдан ойыншықтың қауіпсіздігін растайтын құжатты сұраңыз. Олар болмаса, сатып алудан бас тартыңыз. Осыларды ескере жүргеніңіз жөн.

 

Жетісу облысы