«Amanat» партиясының Саяси менеджмент академиясы «Жас саясаткер мектебі» бір апталық оқу бағдарламасын аяқтады. Бағдарламаның алғашқы легіне еліміздің барлық өңірінен 50 адам қатысты.
Қазақстанның әр өңірінен конкурстық негізде іріктеліп алынған 50 қатысушы бір апта ішінде қарқынды оқу курсынан өтті. Бұл – көпшілік алдында сөз сөйлеу, саяси коммуникация, жобаларды басқару, көшбасшылық бойынша тренингтер, сондай-ақ Қазақстанның қазіргі саяси құрылымы туралы дәрістер.
Дәрістің соңғы күнінде «Amanat» партиясының атқарушы хатшысы Асхат Оралов қатысушылармен кездесіп, мектептің басты міндеттері, маман даярлау мәселесіне қатысты көзқарасымен бөлісті.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес биыл наурыз айынан бастап академия саяси мамандарды даярлау ісінің жаңа тәсілдерін енгізе отырып, өз жұмысын түбегейлі өзгертті. Бұдан былай мамандар тек онлайн режімде ғана емес, сонымен қатар офлайн форматта да оқытылады. Негізінен, оқу жұмысы өңірлерде өткізіледі. Мысалы, сайлау алдында академия базасында 30 мыңнан астам байқаушы оқытылды. Бұған дейін біз екі мыңнан астам ауыл әкімін оқыттық. Көшбасшы әйелдерге арналған «Tomiris» сабақ бағдарламасын іске қостық. Оқыту процесі тоқтамайды. Партиялықтардың үздіксіз дамуына, заманауи білімге, дағдыға ие болуына мүдделіміз, – деді Асхат Оралов.
Оқу бағдарламасына Семей қаласынан келіп қатысқан Қорлан Туғамбаева алған білімі болашақта өзіне мансап құруға көмектеседі деп санайды.
– Оқу барысында кәсіби тренерлер, белгілі саяси, қоғам қайраткерлері өз тәжірибесімен бөлісті. Олар қазіргі уақытта жас саясаткердің бойында қандай қасиеттер болуы керек екенін түсіндіріп, көпшілік алдында қалай сөйлеген дұрыс деген тақырып төңірегінде өз ойын жеткізді, – деді ол.
Рауан Байғабыл есімді Алматыдан келген қатысушы да жоба туралы өз пікірін білдірді.
– Сабақ өте қызықты форматта өтті. Біз бірнеше топқа бөлініп, әртүрлі тақырып бойынша тапсырма орындадық. Еліміздің саяси құрылымы және онда болып жатқан реформалар туралы қызықты дәрістер тыңдадық, – деді ол.
Жобаға қатысушылар Парламент Мәжілісінде болып, депутаттармен, партия фракциясының мүшелерімен кездесті.
Бұған дейін, жобаға қатысушылар Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовпен кездесті. Сала басшысы министрлік қызметінің негізгі бағыттарын түсіндіріп, Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасының білім беру саласын іске асыру жұмысына егжей-тегжей тоқталды.